Экономика

Қаржы жұмсауға үнемі қадағалау керек Сонда ғана орынсыз шығынға тосқауыл қойылады

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан Шығыс Еуропа мен ТМД елдері арасында мемлекеттік бюджетке қызмет көрсету деңгейі бойынша екінші орынды иеленеді әрі осы бағыттағы халықаралық стандартқа толық сәйкес келетін елдердің бірі саналады.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаржы жүйесін реформалауды басты назарда ұстап отыр. Мақсат — үкіметтің экономикалық саясатына сәйкес елдің қаржы жүйесін тұрақтандыру, ұлттық валютаны нығайту және өндірісті өркендетуге қажетті қолайлы жағдайлар жасау. Осыған байланысты ел Үкіметі Қаржы министрлігіне мемлекеттік қаржыны басқару процесінің рөлін күшейту жөнінде ерекше міндет қойды. Соның нәтижесінде 1994 жылы Қаржы министрлігі жанынан республикалық бюджетті орындау және жергілікті бюджеттерге есеп-кассалық қызмет көрсету мақсатымен Қазынашылық ашу жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығы шықты. Тура бір жылдан соң облыстар мен аудандарда оның аумақтық органдарын құру жұмыстары басталды. Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаментінің бастығы Асқар Дәулетияров құрылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында әңгімелейді.

 

— Еліміз егемендік алуымен бірге қазынашылық саласының рөлі мен маңызы арта түсті. Қысқа уақыт ішінде елімізде тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне сай келетін және нарықтық экономиканың талаптарын толық қанағаттандыратын мықты қазынашылық жүйе қалыптасты. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем түсінік бере кетсеңіз.

— Қаржы жұмсауға үнемі қадағалау керек. Сонда ғана орынсыз шығынға тосқауыл қойылады. Бұл — департаменттің алдындағы басты міндет. Қазынашылық департаменті мемлекеттік бюджеттің табыстар есебіне үлкен өзгертулер енгізді. Бүгінгі таңда департамент облыстағы  635 мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетеді. Оның ішінде 97-сі республикалық, 121-і облыстық және 417-сі қалалық және аудандық бюджеттен қаржыландырылады.

Қазынашылық департаментін құрудың бірінші кезеңінде жергілікті бюджеттер бойынша шығындарды қаржыландырудың бұрынғы тәртібі өзгерді. Бұл кезеңде жергілікті бюджеттің барлық мекемелеріне қаржылық және бюджеттік рұқсат берулер жолымен шығыстарды қаржыландырудың жаңа жүйесі орнаған болатын.

2004 жылы Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті «ORACLE» қазынашылық жүйесін енгізу жұмыстарын сәтті аяқтады.

Ал 2005 жылдан бастап бұл салада жаңа — қазынашылықтың біріктірілген ақпарат жүйесіне көшу жұмыстары жүзеге асырылды.

2009 жылдан бері қазынашылық жүйесін жетілдіру шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның бірі — мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, мемлекеттік мекемелердің өкілетті органдары ұсынған қаржы құжаттарын қабылдау және қазынашылықтың біріктірілген ақпарат жүйесінде өңдеу жұмыстарын автоматтандыру.

Бүгінгі күні «Қазынашылық-Клиент» электрондық құжатайналым жаңа жүйесіне көшу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

— Қазіргі таңда электрондық жүйе болғанмен, кейбір мекемелер қағазбастылықтан әлі де арыла алмай жүр. Бұл орайда «Қазынашылық-Клиент» электрондық құжатайналым жүйесі аудандарда қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

— Қазір департамент мамандары қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінде жұмыс жасайды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарында «Қазынашылық-Клиент» электрондық құжатайналым жүйесі облыста келер жылы жүзеге асырылмақ. Жаңа жүйенің пилоттық нұсқасы Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында ғана іске асырылып жатыр. Ол үшін барлық мемлекеттік мекемелер бұл жүйеге қосылуға толықтай дайын болуы керек. Дегенмен облыстың қазынашылық органдары электрондық құжатайналым жүйесіне көшуге әзір.

Жаңа жүйені орнатудағы мақсат — қазынашылықтың мемлекеттік мекемелермен өзара әрекеттестік тиімділігін дер кезінде, біріктірілген және нәтижелі ақпараттық жағдайды ұсыну тәсілімен арттыру. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету процедурасына жұмсалатын уақытты үнемдейді. Қазіргі уақытта құжаттарды қабылдап, өңдеуге екі-үш күн кетсе, бұл жұмыстар электрондық жүйе арқылы бір күнде ғана жүзеге асырылатын болады. Егер «Қазынашылық-Клиент» жүйесі лайықты қызмет жасаса, онда бюджет процесінде сыбайлас жемқорлыққа ұрындыратын адам факторының мейлінше азаятыны сөзсіз.

— Қазынашылық органдары салықтар мен түсімдердің есебін жүргізетін бірден-бір мекеме. Салыстырмалы түрде болса да, өздеріңізде атқарылған істердің бағалануы туралы айта кетсеңіз.

— Департамент салықтар мен түсімдердің есебін жүргізетін, сонымен қатар «Республикалық бюджет туралы» Заң мен мәслихаттардың жергілікті бюджеттер туралы шешімдерімен бекітілген нормативтік бөліністерге сәйкес әртүрлі деңгейдегі — республикалық, облыстық, аудандық бюджеттер арасындағы бөліністерді дәл жүргізетін өкілетті орган болып саналады. Яғни,  бюджет қаражатының заңды жұмсалуын бақылауға аламыз. Соңғы 5 жылда мемлекеттік мекемелердің құжаттарын алдын ала және ағымдағы тексеру нәтижесінде облыстың қазынашылық департаменті және оның аудандық бөлімшелері жалпы сомасы 16,0 миллион теңге бюджет қаражатының ұрланғанын анықтап, 3272,8 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол бермеді. Қазынашылық органдарындағы осындай күрделі де сан қырлы функцияларды жүзеге асыруда біз орындаушылардан жоғары, кәсіптік деңгейді, қажетті білім мен мол тәжірибені талап етеміз. Бүгінгі күні қызметкерлерге талап күшейтілді. Ең бастысы — олардың білімі мен біліктілігіне, бастамашылығына, ойлау қабілетіне, біліктілік деңгейін үнемі жетілдіруіне назар аударамыз.

Соңғы жылдары қызметкерлердің сапалық құрамы айтарлықтай өсті. Қазір аймақтың қазынашылық органдарында 193 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 96 пайыздан астамы — жоғары білімді мамандар.

Қызметкерлердің барлығы заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс жасайды. Қазір қазынашылықтың барлық ғимараттарында электр энергиясымен қамтамасыз ету резервтік техникалары орнатылған. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қызметкерлердің көбісі ипотекалық несиемен жаңа баспанаға қол жеткізді. Облыстың қазынашылық органдарының көптеген қызметкерлері нәтижелі, жемісті еңбектері үшін «Қаржы қызметінің үздігі», «Қазынашылық қызметінің үздігі» атақтарына ие болды. Қаржы министрлігінің, Қазынашылық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған мамандарымыз да баршылық.

— Әдетте, мемлекеттік тілдің қолданылуы, іс қағаздарын жүргізу туралы мәселе көтерілгенде қаржы-қаражат саласы мекемелері сынға алынып жатады. Өйткені, экономика, қаржы, бухгалтерияға қатысты терминдер көп қой. Оған қоса бұл салада еңбек ететін мамандардың қазақ тілінде құжат дайындаудағы қабілеттерінің төмендігі де байқалады. Сіз басшылық ететін департаментте мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жөнінде қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

— Біздің қазақ халқы үшін туған жері мен туған тілінен қасиетті ештеңе жоқ. Сөздің жүйесін, киесін білген жұртымыз тілімізді ардақ тұтқан. Алайда, кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың салқынынан қастерлі тілімізге тиген кесел бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Дегенмен мемлекетіміздің ұлттық тұрғыда алға қойған тіл саясаты тәуелсіздігіміздің жемісіндей жүзеге асуда.

Қаржы министрлігі 2001 жылы 14 қарашада қазынашылық органдарында 2004 жылғы шілдеден бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы кесте жасап, кезең-кезеңмен көшу туралы бұйрық шығарды. Осы бұйрықты орындау мақсатында көптеген шаралар қолға алынды. Шараларды жүзеге асыру кезінде адамдардың бойына сіңіп кеткен кейбір кемшіліктерді жою жолдары қарастырылды. Мәселен, қазақ тілін білуге қажеттілік туындамайынша, тілді үйренуге талпыныстың аз болатыны да рас. Сондықтан біздің департаменттің 2002 жылғы 7 мамырдағы бұйрығымен департаменттегі қызметі мемлекеттік мекемелермен тікелей байланысты лауазымдар тізбесі айқындалып, осы лауазымдарға қойылатын талаптарға мемлекеттік тілді міндетті түрде білу талабы қосымша енгізілді. Осылайша, құжаттарды міндетті түрде екі тілде әзірлеу талап етілгеннен кейін қызметкерлер іс қағаздарды мемлекеттік тілде дайындауға мәжбүр болды. Тек орыс тілінде ғана әзірленген құжаттарға қол қойылмайды. Бұл талап қызметкерлердің қазақ тілін үйренуге, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге деген ынтасын тудырды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлей алатын қызметкерлердің көбеюіне қол жеткізілді. Қазір департамент аппаратындағы және аудандық мекемелердегі қызметкерлердің қай-қайсысы да мемлекеттік тілде іс қағаздарын еркін жүргізе алады.

Өкінішке қарай, Мемлекет, Үкімет тарапынан тәп-тәуір жоспарлар мен жобалар жасалғанымен, кейбір мемлекеттік органдарда, мекемелерде нақты істің аздығы, басшылардың немқұрайлылығы байқалады. Мәселен, біздің қазынашылық департаменті мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне ескерту ретінде «Қазынашылық органдары 2004 жылдың шілде айынан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде» деп хабарлама іліп қойғанына қарамастан, облыстың көптеген мемлекеттік мекемелері қазынашылық органдарына құжаттарын әлі күнге дейін орыс тілінде ұсынады. Біздің қызметкерлердің құжаттарды қазақ тілінде тапсырулары туралы өтініштерін ескерусіз қалдырады. Ал сол мекемелердің басшыларының дені қазақ ұлтының өкілдері екені және рас.

Әңгімелескен Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button