АуылБасты жаңалықтар

Қызылбұлақ тынысы

Байғанин ауданында Ашық есік күндері ұйымдастырылып жатыр. Мақсат — шалғай ауылдардағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу, тұрғындардың талап, өтінішін тыңдау, өзекті мәселелерді шешу. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары қатысты. Сондай-ақ  аудандық орталық аурухана дәрігерлері тұрғындардың денсаулығын тексеріп,  мәдениет қызметкерлері халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жоба аясында жұмыс тобы Қызылбұлақ ауылдық округіне барды. Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық округтің ортасынан Жем өзені ағып жатыр. Ауыл халқы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. Округке қарасты 3 ауылдың тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көріп отыр.  Олар ұзақ уақыттан бері газды тегін тұтынып келеді.

Ауызсу мәселесі — өзекті

Қызылбұлақ ауылдық округіне сапарымыз алдымен Бұлақтыкөл ауылынан басталды. «Бұлақты болса – көл семіреді, ынтымақты болса – ел семіреді» деген халық мақалына орай, ауылдың атауына қарап, ағын су мен көк майсаны көзге елестетеріңіз хақ. Дегенмен бірнеше жылдан бері ауыл ауызсуға зәру. Округке қарасты үш ауылдың тұрғындары да тегін көгілдір отынның игілігін көріп, ұялы байланыс пен интернетке қол жеткізіп отырғандықтарына көз қуанып, көңіл марқайды. Соңғы жылдары бұл округте еңселі білім ордалары мен заман талабына сай медициналық нысандар бой көтерді.

Көнекөз қариялардың айтуынша, ауыл маңындағы  Ақсайда үлкен бұлақ болған деседі. Жергілікті халық ертеде суды сол жерден тасып ішкен екен. Бұл бұлақтың суы Қызылшоқы сайына барып құйған екен. Кезінде Нәби деген ақсақал бұлақ басына тал егіп, сулы жерді нуға айналдырыпты. Ауылдың айналасында одан өзге де бұлақтар болған деседі. Сол маңда сорлы көл де болған.

Бұлақтыкөлдіктер кеңес заманынан бері тасымал суды тұтынып келеді. Тұрғындар тасып ішетін судың да сапасы төмен. Олардың айтуынша, судың беті сарғыш тартады екен. Десе де бұлақтыкөлдіктер ауылдық округ орталығынан жеткізілген суды  ішуге, тамаққа пайдалануда. Ал тұрмыстық мақсатта ауылдағы ащы суды тұтынады. Аудан әкімдігі де қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірнеше жыл бойына түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндігінше күш жұмсап келеді. Ауылға құбыр тартылып, әр үйге су жеткізілді. 2014 жылы Бұлақтыкөлдің жанынан ауызсу үшін екі ұңғыма қазылып, ел игілігіне берілді. Дегенмен қуаныш көпке ұзаған жоқ. Бірінің суы сарқылса, екіншісінің суы ащы болғандықтан, су тұщытатын қондырғы орнатылды. Алайда ол да ұзаққа бармапты…

Бұлақтыкөлдіктер атқарушы биліктен ауылдан 8-9 шақырым жердегі Қызылшоқыдағы жерасты тұщы су қорынан ауылға құбыр тартып берсе дейді.

«Байғанин» КМК-ның ақпаратына сүйенсек, ауылдағы су құбырының ұзындығы — 4,041 шақырым. Қазір ауылда 1 су мұнарасы, 1 терең түтікті құдық бар. Ауылдың су құбырына өнімділігі жоғары су сору насостары орнатылған. Қазіргі уақытта істен шыққан насостарды алмастыру үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы насостар алынып, алдағы аптада қалпына келтірілетін болады. Ауылда 66 абонемент бар. Мамандардың айтуынша, ауызсу санитарлық сынақтан өткізіліп, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Құм арасындағы ауыл 

Биылғы жаңбырлы жаз маусымының әсері болса керек, шөлейт жер саналатын аудан аумағы биыл біраз көктеп-көгерген. Боз жусанының жұпар иісі әуелден аңқитын өлкенің қырлары мен жазықтары көк майсаға оранған. Әнебір жылдары құрғақшылықтан құты қашып, жайылымы тарылған боз даланың көркі кіргендей. Ауыл іргесінде жайылып жүрген мал күйлі көрінеді.

Бұлақтыкөлден шығып, Жаңатаң ауылына бет алдық.

Жаңатаңда халықты сумен қамту нысандарының құрылысы жүріп жатыр екен. 2022 жылдың мамыр айында басталған құрылыс аяқталуға жақын, тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Аудандық  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Қонаровтың айтуынша, Жаңатаң ауылынан 8 шақырым жердегі Төсағаш деген жерден ұңғыма қазылып, ауылға тартылуда.

— Елді мекендерге ауызсу тартыларда алдымен міндетті түрде жерасты сулары  зерттеледі. Жерасты суының қоры мен сапасына байланысты жұмыстар жүргізіледі. Содан кейін барып, жоба жасалады, — дейді Болатбек Қонаров. Бөлім басшысы стратегиялық нысанның құрылысымен, жұмыс жасау ретімен таныстырып, заман талабына сай су құрылғылары автоматты түрде басқарылатынын жеткізді. Оның айтуынша, Жаңатаңмен бірге тағы 3 ауыл — Баршақұм, Қопа, Дияр ауылдарында да ауызсу мәселесі түбегейлі шешілмек.

Біздің дерек

Кемершиде 1100 тұрғын, 188 үй бар. Бұлақтыкөлде 74 үй, 500-ден аса тұрғын бар. Жаңатаңда 64 үй, 500-ден аса тұрғын бар. 3 орта мектеп, 1 балабақша, 1 ДА, 2 ФАП жұмыс істейді. Мал шаруашылығымен айналысатын 38 шаруа қожалығы, 1 ӨК, 1 ЖШС тіркелген.

Апаттық жағдайдағы ғимараттар мәселесі қалай шешіледі?

Көктемдегі қызыл су қызылбұлақтықтарды да әбігерге салғаны белгілі. Жаңатаңда 1 үй, Кемершиде бірнеше үй суға кетті. Ауылдық округ әкімі Берікбай Жолинның айтуынша, үйлері суға кеткен тұрғындардың барлығы өздерінің қалауы бойынша ауылдағы бос тұрған үйлерді сатып алған, мемлекет тарапынан тиісті көмек берілген. Мұндай су тасқыны Жемнің жағасында соңғы рет 1947 жылы болған.

Кешқұрым өрістен келген малын жайғарып, тұрғындар ауылдық клубқа жинала бастады. Тұрғындар ғимарат фойесінде ұйымдастырылған Ашық есік күнінде мамандарға мәселелерін айтты. Ауыл халқы аудандық Мәдениет үйінің концерттік бағдарламасын тамашалады.

Клуб пен кітапхана апаттық жағдайда тұр екен. Соның салдарынан 15 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана оқырмандарына тиісті деңгейде қызмет көрсете алмай отыр. Кітаптарының денін жинап тастаған. Қандай да бір іс-шараларын мектеп кітапханашыларымен бірігіп, мектептерде ұйымдастырса, жаздың күндері далада өткізуге тура келеді екен. Кітапханашылар қыстай ғимарат фойесінде жұмыс істеп келген. Аудандық орталық кітапхана жүйесінің директоры Айгүл Төкенованың айтуынша, ауылдық жерлерде кітапханаға әсіресе балалар, оқушылар көптеп келеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Роза Айтжанованың айтуынша, 2025 жылы Кемершиге жаңа ғимарат құрылысы жоспарланған. Қазір жобалау сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

— Қожабай Жазықов атындағы орта мектепте бала саны көп емес, бір ауысымда оқиды. Мектептің бір жақ бөлігін балабақшаға ыңғайлауды жөн көріп отырмыз, — дейді ол.

Берікбай Жамалұлы көршілес мұнай компанияларымен келіссөздер жүргізіп, жаңа балабақша салып беруге өтініш жасаған. Құжаттары дайындалып жатқан жобаның құрылысы 2026 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Ауыл әкімі Б.Жолиннің айтуынша, қазір қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Жекелеген адамдар мен шаруа қожалықтарынан барлығы 15 трактор шабындықта жүр. Биыл шөптің бағасы — 5000 теңге.  Шөп шабу үшін арнайы бос жерлерден жер берілді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға демеушілікпен  мал азығын алуға көмектесіп, қолдау көрсетудеміз, — дейді Берікбай Жамалұлы.

Округ бойынша 30 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Мансап орталығы арқылы олар қоғамдық жұмыстармен қамтылып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4 адам несие алып, өз кәсібін жүргізіп отыр.

Берікбай Жолиннің айтуынша, Кемершиде апаттық жағдайда жұмыс жасап тұрған клуб пен кітапхананың ғимараттары ғана емес, «Балдәурен» балабақшасының да «апаттық жағдайда» деген қорытындысы бар.  2011 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған білім беру мекемесінің тозығы жетіпті.

Ауылдық округтегі 3 ауылда да сәулеті келіскен зәулім мектеп бар. Дегенмен үшеуінде де бала саны аз. Ауыл тұрғындары енді жолдар жөнделсе дейді. Ауыл әкімінің айтуынша, Қарауылкелді мен Бұлақтыкөлдің арасын жалғайтын жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бақытгүл ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button