Ауыл

Тасөткелде жаңа медициналық пункт ашылды

Ұлттық жоба

«Ауылдық  денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тасөткел ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Бұл — жергілікті тұрғындардың отыз жылдан бері күткен қуанышы.

Медициналық пункттің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов жергілікті тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, алдағы уақытта ауыл игілігі үшін атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ мерекелік іс-шараға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажғалиев аталған жоба аясында облыста әлі де бірқатар медициналық нысанның пайдалануға берілетінін айтты:

Тасөткел ауылында бой көтерген медициналық пункт тәулігіне 30 адамды  қабылдай алады. Мұнда ауыл тұрғындарының профилактикалық скрининг, иммундаудан өтіп, анализдер тапсыруға, сондай-ақ күндізгі стационарда дәрігерге қаралуға мүмкіндігі бар, — деді.

Белгілі болғандай, жаңа нысанда созылмалы ауруы бар науқастарға тегін дәрі-дәрмек беру пункті де қарастырылған.

Қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған медициналық пункт заман талабына сай салынған. Мұнда дәрі-дәрмектерді сақтайтын тоңазытқыштар, анализ түтікшелерін тасымалдауға, жедел жәрдем көрсетуге арналған арнайы бокстармен толық қамтылған.

Бұған дейін аталған пункттің ауылдағы әкімдік үйінің бір бүйірін жұмыс орны ретінде паналап келгенін айтқан медицина саласының маманы Қуанышгүл Дүйсенбекова жаңа нысанда барлық қажетті құрал-жабдық қамтылғанын, енді ауыл медбикелері халыққа бұдан да сапалы қызмет көрсететінін айтты.

Жобаның жалпы құны —  80 миллион теңге. Мердігер ұйым медициналық пункттің құрылысымен қоса, аумақты абаттандырып, қоршау да орнатқан.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button