Париж олимпиадасы: алғашқы жеңістер

Елдос Сметов — қазақтан шыққан тұңғыш үш мәрте Олимпиада жүлдегері.
Елдос Сметов — Қазақстан дзюдошыларының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы.
Елдос Сметов — тәуелсіздік жылдарында бокстан басқа спорт түрінен Олимпиада чемпионы болған тұңғыш қазақ.
Францияның астанасында өтіп жатқанХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін өте сәтті басталды. Біздің еліміз алғашқы күні-ақ алтын медальға қол жеткізді: дзюдошы Елдос Сметов өз салмақ дәрежесінде (60 кг) жеңімпаз болды. Одан бөлек жалпы осы Олимпиаданың ең алғашқы жүлдесі Қазақстанның қоржынына түскенін айрықша айту керек. Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден аралас жұптар арасындағы жарыста мергендеріміз Ислам Сәтбаев пен Александра Ли қола жүлде иеленді.
Алғашқы жүлде — Қазақстанға
Париж Олимпиадасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар барлығы 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Ашылу салтанатынан кейінгі Ойындардың алғашқы күнінде, 27 шілдеде, 14 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Соның ішінде ең алғашқы жүлдегерлер пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден аралас жұптар арасындағы жарыста анықталды. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға Қытай мен Оңтүстік Корея спортшылары шықса, ал қола жүлде үшін Қазақстан мен Германия спортшылары таласты. Бағдарламаға сай, қола жүлде жолындағы жарыс алдымен өтті. Бұл сайыста біздің мергендер Ислам Сәтбаев пен Александра Ли Германия жұбын 17-5 есебімен жеңді. Сөйтіп, олардың қола медалі Олимпиаданың жүлделер есебін ашты.
Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл айрықша қуаныш болғаны сөзсіз. 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасын Қазақстан 8 қола медальмен, өз тарихындағы ең төменгі нәтижемен аяқталғалы бергі уақытта еліміздің спорттағы әлеуетіне қатысты сан түрлі пікірлер, соның ішінде сын да өте көп айтылды. 2022 жылғы Азия Ойындары жанкүйерлер көңілін одан әрі күпті етті. Сондықтан спортшыларымыздың Олимпиаданың алғашқы күнінде тарихи жүлдеге ие болуы ерекше маңызды еді.
Спорттың бұл түрі бойынша ұлттық құраманың бас бапкері — екі мәрте әлем чемпионы (2002, 2006 жж.) Ольга Довгун. Ольга бұл қызметті 2018 жылдан бері атқарып келеді. Көптеген сарапшылар мергендеріміздің өткен Азиададағы табыстары мен Олимпиададағы медалін ұлттық құрама бапкерлерінің, соның ішінде бас бапкердің осы жылдар ішіндегі қажырлы еңбегімен байланыстырып отыр. Ольга Довгун кезінде Олимпиадаға 4 рет қатысып, бір рет — 4-ші; екі рет — 6-шы және тағы бір рет 7-орын алған. Спортшы ретінде еліне Олимпиада жүлдесін әпере алмағанымен, алдына шәкірттер тәрбиелеп, бапкер ретінде табысқа жету мақсатын қойған табанды жанның еңбегінің алғашқы нәтижелерін, міне, көре бастадық.
Бұл спорт түрінен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең алғашқы Олимпиадада — 1996 жылғы Атланта Ойындарында үш бірдей жүлде алған еді. Сергей Беляев 50 метр қашықтықта винтовкамен нысана көздеуден 2 күміс медаль алса, Владимир Вохмянин 25 метр қашықтықта пистолетпен атудан қола медаль алды. Яғни мергендеріміздің мектебі мықты. Елімізде бұл спорт түрі әрқилы себептермен көлеңкеде қалса да, кейінгі уақытта қайта еңсе тіктеп, соның арқасында арада 28 жыл өткеннен кейін ел қоржынына тағы да Олимпиада жүлдесін салды. Ұзағынан болғай деп тілейміз.
Елдос Сметов — Олимпиада чемпионы!
Қазақ жанкүйерлері өз елінен Олимпиадаға аттанған әр спортшының тілеуін тілейді. Әрине, ешкімді бөліп-жармайды. Сөйтсе де бұл жолы дзюдошы Елдос Сметовтің жолына көбірек алаңдағаны рас. Өйткені ол бұған дейін екі Олимпиадаға қатысып, екеуінде де жүлдегер атанған. Алғаш рет2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 60 кг салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, финалға дейін жетіп, күміс медаль алды. 2020 жылғы Токио Олимпиадасынан қола медальмен оралды.
Тәуелсіздігін 1991 жылы ғана алған елімізде үш Олимпиада қатарынан жүлде әкелген спортшы біреу ғана еді. Ол — жеңіл атлетші Ольга Рыпакова. Ольга Лондон Олимпиадасында чемпион атанса, одан бөлек Пекин Олимпиадасында — күміс, Рио-де-Жанейрода қола медаль жеңіп алған. Енді сол Ольганың қатарына тағы бір спортшы қосылса деп тілесек, Парижде ол тілекке сай келетін, оны орындауға мүмкіндігі бар бірден-бір спортшы Елдос еді. Оған ерекше жанкүйерлік еткеніміздің себебі — осы.
Елдос Сметов бұл үмітті ақтады. Париждегі алғашқы жекпе-жегінде ол нидерландтық дзюдошы Торнике Чакадуадан оңай өтті. Одан соң Олимпиадаға Украина атынан қатысқан өзбек дзюдошысы Дильшот Халматовты жеңді. Үшінші жекпе-жегінде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері тайбейлік Юн Вей Янмен кездесті. Юн Вей Ян Олимпиада қарсаңындағы әлемдік рейтингте көш бастап тұрған болатын. Сондықтан оңайлықпен беріле қоймасы түсінікті еді. Елдос бұл жолы 1-0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.
Төртінші қарсыласы қазіргі әлем чемпионы, үш мәрте Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Горригос болды. Оны иппонмен жеңді, яғни таза жеңіске жетті. Сөйтіп, ақтық сынға жолдама алды.
Финалдағы қарсыласы Лука Мхеидзе — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, қазіргі Еуропа чемпионы. Ең бастысы, ол — француз дзюдошысы. Өз еліңде жанкүйер де көп, қазылардың да жергілікті спортшыға бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Дегенмен бұрыннан қайсар мінезімен танылған Сметовке залдың айғайы да, төрешілердің өтірікті-шынды берген екі ескертуі де шыбын шаққандай әсер еткен жоқ. Соңғы сәтте ол қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Осылайша өз еліне Париж Олимпиадасының алғашқы алтынын сыйлады.
Сметовтің жеңісі тек қазақстандықтарды емес, бүкіл әлемнің дзюдо жанкүйерлерін қуантты десек, артық болмас. Оны Токио Олимпиадасының чемпионы, 4 мәрте әлем чемпионы, жапон дзюдошысыНаохиса Такато әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтап, өздерінің дос екенін және Елдостың Парижде өткізген финалдық белдесуге өзі сыйлаған киманомен шыққанын мақтанышпен атап өтті. Татамиде 10 жылдан астам уақыт бойы қарсылас болса да, бір-біріне деген тілеулестігін жоғалтпаған спортшылардың ақ пейілі барша жанкүйерді сүйсіндірді. Бір қызығы, жапон дзюдошылары Елдосқа «мысық» деген ат қойған екен. Өйткені қалай лақтырса да, құламай, аяғымен тік түсетін мысыққа теңеген.
Әрине, бұл алтын — қазақ жанкүйерлері үшін ерекше қымбат әрі тарихи жетістік. Біріншіден, қазақтан тұңғыш рет үш мәрте Олимпиада жүлдегері шықты. Екіншіден, тәуелсіздік жылдарында Олимпиада алтыны ұлтымызға тек бокстан ғана бұйырса, енді, міне, қазақ баласы күрес түрлерінен де алтын алды. Бұл кейінгі жас балуандарымызды үлкен жеңістерге жігерлендіріп, құлшындырады. Үшіншіден, өткен Токио Олимпиадасында Қазақстанның Әнұраны шырқалған жоқ. Бұрын-соңды жазғы Олимпиадаларда мұндай жағдай болмаған еді, сондықтан қазақ жанкүйерлері оны өте ауыр қабылдады. Біздің спортшымыз жылдар бойы көкейде тұрған сол өкініштің орнын Париж Олимпиадасының алғашқы күнінде-ақ толтырып, бүкіл елді қуанышқа бөледі.
Қазақ дзюдосының жаңа белесі
Келесі, яғни Олимпиаданың екінші күнінде Елдос залдағы жанкүйерлер қатарында өзінің командаласы Ғұсман Қырғызбаевқа тілектес болып отырды. Ғұсман да талантты балуан, бірақ жылдар бойы 60 кг салмақ дәрежесіндегі құрама үздігі Елдос Сметовтің көлеңкесінде қалып келді. Токио Олимпиадасынан кейін ол 66 кг салмақ дәрежесіне ауысу жөнінде шешім қабылдады. Әрине, жаңа салмақта бірден өз деңгейінде өнер көрсету оңай болмады. Бірақ Ғұсман рейтингтегі үздік 16 спортшының сапындаПариж Олимпиадасына жолдама алды. Рейтингте соңғылардың қатарында тұрған оны ешкім жүлдеден үміткерлер қатарына қосқан жоқ.
Десе де Олимпиададағы жекпе-жектерінде ол екі мәрте Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы (2015 жыл), оңтүстіккореялық Ан Ва Ул және 2023 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы, зал толы француздардың үміті Валид Хяр сынды мықты дзюдошыларды жеңіп, жартылай финалға дейін жетті. Жартылай финалда, өкінішке қарай, тактикалық қате жіберіп, бразилиялық Виллиан Лимадан ұтылып қалды. Ал қола медаль үшін болған жекпе-жекте серб дзюдошысы Страхинья Бунчичті жеңді.
Сөйтіп, екі күннің ішінде еліміздің көк туын үшінші мәрте желбіретті.
Ғұсман да Елдос секілді ұлттық құрама ардагерлерінің бірі. Екеуі құрдас, жастары 32-ге келді. Ғұсман өзінің келесі Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді. «Бұл жүлдені еліме, ата-анама, отбасыма арнаймын. Залдан Елдостың қолдауын сезіндім», — деді ол.
Париж Ойындарына дейін дзюдодан Қазақстанның ерлер құрамасы бір Олимпиадада қатарынан екі жүлде алып көрмеген еді. Сондықтан Елдостың алтыны мен Ғұсманның қола жүлдесі қазақ дзюдосының жаңа биігіне айналды.
Жүз жылқы атады
Олимпиаданың сәтті басталуы жанкүйерлерді айрықша қуантқанының бір дәлелі — ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов Елдосқа жүз жылқы атайтынын мәлім етті. Кәсіпкер: «Бізде толып жатқан Олимпиада чемпионы жоқ. Олимпиада чемпионы болу оңай емес. Елдос осы алтынның жолында бүкіл жастығын сарп етті», — деп, даңқты дзюдошымызға ерекше құрмет көрсеткісі келетінін жеткізді.
Басқа спортшыларымызға келсек, гимнастшыларымыз Милад Карими (көпсайыс және еркін жаттығу) мен Нариман Құрбанов (ат снаряды) іріктеу кезеңіндегі көрсеткіштері бойынша финалға жолдама алды. Айбек Оралбай (92 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) сынды боксшыларымыз алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді.
Өкінішке қарай, екі күн ішінде жеңілістер де болды. Дзюдо спортынан сан жарыста жүлде алып, қазақ жанкүйерлерін әрдайым «еркелетіп» жүрген Әбиба Әбужақынова (48 кг) қола жүлде үшін болған сайыста швед дзюдошысы Тара Бабулфаттан жеңіліп, 5-орынды қанағат тұтты.Мерген қыз Александра Ли де 10 метрден нысана көздеу бойынша финалға өтіп, ақтық сында жүлдеге іліге алмады. Ол 6-орынға тұрақтады.Жекелей сынға қатысқан үш семсерлеушіміз де жарысты жүлдесіз аяқтады. Енді олар командалық сында бақ сынайды. Олимпиадалық құраманың ту ұстаушысы, 71 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Асланбек Шымбергенов алғашқы жекпе-жекте иорданиялық Зеяд Ишаиштан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
Екі күннің қорытындысы бойынша, Қазақстан 1 алтын, 2 қола жүлдемен ресми емес жалпыкомандалық есепте 7-орында тұр. Бірінші орында — Жапония, бұл елдің спортшылары екі күнде 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленген. Бүгінге дейін 22 мемлекеттің спортшылары жүлде алып үлгерді. Оның ішінде 12 мемлекетте алтын жүлде бар.
Олимпиада 11 тамызға дейін созылады.
Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!
Айна САРЫБАЙ.