Жеңіс

Ұмытылмайтын ерлік

Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

Халық даналығы — ғасырлар бойы тірнектеп жиналатын баға жетпес қазына. Биыл туғанына 100 жыл толатын Рақымжан Қошқарбаевтың тағдырына үңілсек, оның ата-анасынан ерте айырылып, жетімдер үйінде өссе де, бәлкім, қан арқылы, бәлкім, туған тіл, ұлттың рухы арқылы халқымыздың даналығын өн бойына, бүкіл болмысына сіңіріп, өзіне әрдайым рухани бағдар тұтып ғұмыр кешкенін түсінеміз.

Айтып жеткізгісіз, адам шыдағысыз әділетсіздіктің құрбаны болса да, ол еңсесін түсірмей, бес күндік жалғанның дақпырты үшін мойымай, өз биігінен аласармай өмір сүрді.Қошқарбаевтың еш қауіптен беті қайтпас көзсіз батырлықтың үлгісіне айналған ерлігі ғана емес, сол ерліктен кейінгі парасаты мен сабыры да кейінгі ұрпақтардың мәңгілік үлгі-өнеге етіп, бас иіп өтуіне лайық.

Байдың ұрпағы

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазандаАқмола облысының аумағындағы Тайтөбе ауылына жақын Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Қазір бұл жерлер Астана маңындағы Қосшы қаласының аумағына кіреді.

Ол анасынан небәрі 4 жасында айырылған. Бірақ 13 жасқа дейін әкенің қамқорлығы мен тәрбиесін көріп өсті. 1937-нің ызғарлы күндерінің бірінде бұл шаңыраққа форма киген, түсі суық жандар кіріп келіпті… Сөйтіп, жасөспірім бала әкеніңаялы алақаны мен мейірімінен де біржола айырылды.

Оның әкесі Қошқарбайға «тап жауының баласы екенін жасырды» деген айып тағылған. Батыр Рақымжанның атасы Мұса, расында, ауқатты адамның ұрпағы екен. Шыққан тегін жасырғаны үшін Қошқарбай Мусин ГУЛАГ-қа айдалып кете барған. Жылап қалған жасөспірімнің тағдырына Сталиннің жендеттері бас ауыртпады. Ал ауылдастары оны Тайтөбе ауылындағы жетімдер үйіне тапсырыпты. Екі жылдан астам уақытжетімдер үйінде болып, 7-класты бітіргеннен кейін Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) оқуға барады. ФЗУ-ды аяқтап, туған жеріне қайта оралып, Қосшы поселкесіндегі мектепте еңбек еткен.

Соғыс басталғанда ол жасы әлі 17 жасқа толмаса да, бірден-ақмайданға сұраныпты. Бәлкім,шайқас кезінде ерекше ерлік көрсетсе, «байдың ұрпағы» ретінде айдалып кеткен әкесіне бір септігі тие ме деп ойлады ма, кім білсін?.. Жаппай майданға сұранып жатқан құрдастарынан шет қалғысы келмеуі де мүмкін. Дегенмен 16 жасар жеткіншектің өтінішін әскери комиссариат бастапқыда құп алмаған.

Тек 1942 жылы оны Көкшетаудағы әскери училищеге курсант етіп қабылдайды. Одан әрі соғысқа байланысты Бішкекке (ол кезде — Фрунзе қаласы) қоныс аударған Тамбов әскери училищесінде оқуын жалғастырған. 1944 жылы қазанда осы оқу орнынан кіші лейтенант шенін алып шығып, І Беларусь майданына аттанады.

Рейхстагқа дейінгі ерліктер

Жас офицер Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың басында 150-атқыштар дивизиясы құрамындағы674-атқыштар полкінің сапында еді. 15 ақпанда ол ұрыста қаза тапқан Алексей Кордюковтың орнына атқыштар взводының командирі болып тағайындалған. 6 наурызда лейтенант шенін алыпты.

1945 жылдың көктемінде І Беларусь майданына қарасты әскери құрылымдар Германия аумағындағы ұрыстарға кіріскен болатын. Жау жағы жанталаса қарсыласып жатқан шақ.16 сәуір. Одер өзенінің сол жағалауындағы қиян-кескі ұрыстардың бірінде Рақымжанның автоматы граната жарықшағынан бөлініп түсіп, ол қарусыз қалды. Дереу қолына жарылғыш зат алып, жау пулеметіне қарай жүгірді. Пулеметті тартып алып, фашистердің өзіне қарай оқ жаудырыпты. Сөйтіп, командирінің шапшаңдығы мен қайсарлығының арқасында взвод өзіне берілген тапсырманы абыроймен орындап шықты.29 сәуірде олар Берлин қаласындағы басты өзен — Шпреені алдыңғылардың бірі болып кесіп өтті.

Одер жағасындағы ұрыстарда Рақымжан Қошқарбаев басқарған взвод 200 фашистің көзін жойып, тағы 184-ін тұтқынға алған. Жаудың 27 ірі калибрлі пулеметін, басқа да көптеген қару-жарағын олжалады. Осы ерлігі үшін Қошқарбаев «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Ең алғашқы қызыл ту

Осы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін, Рақымжан Қошқарбаев жоғары марапатқа ұсынылуменбірге коммунистік партия қатарына қабылданған. Бұл совет адамы, әсіресе кескілескен майдан ішіндегі жауынгер үшін Отан, ел тарапынан көрсетілген үлкен құрмет ретінде бағалануға тиіс еді.Жас командирге партия билеті от пен оққа оранып, асты-үстіне түскен Берлинге кіргеннен кейін тапсырылған. Сонымен қатар оған үлкен жауапты тапсырма да берілген.

30 сәуірде батальон Рейхстаг алдындағы алаңда орналасқан «Гиммлер үйіне» бекінген еді. Батальон командирі Василий Давыдов Рақымжанды шақырып алып, Рейхстагқа ту тігу керектігін айтады.

Негізі, алдыңғы шептегі 3-армияның әскери кеңесінде Жеңістің белгісі ретінде Рейхстагқа ілінуге тиіс 9 ту әзірленген екен. 674-атқыштар полкіне олардың біреуі де тимеген. Дегенмен полк командирі жауынгерлерді Рейхстагқа апарып тігу үшін қызыл түсті мата болса да жарайды, «әскери кеңес таратқан тудың бірі болуы міндетті емес» деп сендіреді. Сөйтіп, Давыдов қызыл матадан өздері әзірлеген туды қара қағазға орап, Рақымжан Қошқарбаевқа ұсынды. «Тапсырмадан бас тартуға да болады», — деді. Қошқарбаев тапсырманы орындауды дұрыс көрді. Қасына бірнеше жауынгер алып, терезеден секіріп түспекке ұмтылғаны сол еді, оқ жауды да кетті. (30 сәуір Берлиндегі кеңес жауынгерлерінің есінде оқ жауып тұрған күн ретінде қалған.) Қошқарбаев секіріп үлгеріп, жата қалды. Аздан соң қараса, қасында Григорий Булатов қана бар екен. «Жолдас лейтенант, басқалар секіре алмады. От… Біздің жолымыз болды», — деді ол. Екеуі тиісті жерге еңбектеп жету керектігін түсінді.

«Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық әртүрлі айтылады: 260 метр; 300 метр; 350 метр… Бізге белгілісі — әлі 21 жасқа толмаған лейтенант Қошқарбаев пен 19 жастағы қатардағы жауынгер Булатовтың осы аралықты 7 сағатта жүріп өткені. Қошқарбаевтың естелігі бойынша, көбіне еңбектеп, жан-жақтан оқ жауып тұрғандықтан тіпті бастарын да көтермей, алға жылжи берген. Немістер Рейхстагтың оң жағындағы Тиргартен паркіне бекініпті. Бір кезде айналаны қара түтін басып кеткен. Сол қас қағым сәтті пайдаланып, орындарынан тұрып, алдарындағы манадан көздеп келе жатқан көпірдің жанына жүгіріп жетеді. «Қол ұстасып алғанымызды көпір түбіне жеткенде ғана түсіндік», — деп жазыпты кейін Рақымжан. Сол жерде тығылып отырып, қойнындағы туды алып, «674» деп полк нөмірін, өздерінің фамилияларын жазды. Мұны көріп Булатов: «Дұрыс істедіңіз, жолдас лейтенант, әйтпесе қазір бізді өлтіріп тастаса, қайдан екенімізді, кім екенімізді білмес еді», — деді. Осылайша олар сәт сайын ажал оғынан қауіптене жүріп, Рейхстагтың кіреберісіндегі есікке жетеді. Осы жерде Қошқарбаев қатардағы жауынгер Булатовты иығына көтеріп тұрып, «неғұрлым биікке қада» деп, туды ұсынған. Бұл Рейхстаг қабырғасына ілінген алғашқы қызыл ту еді.

Бағаланбаған ерлік

…1 мамырда фашистер жағы шабуылды азайтып, ұрыстың беті бері қарап, арасында тыныштық орнаған сәтте тапсырма бойынша Егоров пен Кантария еш қиналмай, Рейхстагтың төбесіне көтеріліп, арнайы әзірленген туды іледі. 674-полктің жауынгерлері де Қошқарбаев пен Булатов қадаған туды Рейхстагтың төбесіне алып шығып, қайта ілуді ұйғарады. Бір топ жауынгер ол ойды жүзеге асырыпты. Рейхстагты алған кеңес жауынгерлері естелік суреттерге түсіп жатқанда, олардың арасында арманы жоқ адамдай шалқи күлген жас жауынгер Булатов та жүр еді. Кейінгі ғұмырында 1945 жылдың 30 сәуірін сан мәрте үлкен өкінішпен еске алатынын ол сәттерде білген жоқ…

Рейхстагтың қабырғасына алғашқы қызыл туды ілу жауып тұрған оқтың астында бас көтере алмай жатқан кеңес жауынгерлерінің рухын көтеру үшін керек еді. Сондықтан Қошқарбаев пен Булатовты осы ерлікке жұмсай тұрып, офицерлер тапсырма орындалған күнде олардың кеуделеріне «Алтын жұлдыз» тағылатынын қоса айтқан. Осы уәде бойынша 6 мамырда марапаттау парағы толтырылып, Қошқарбаев пен Булатов жауынгерлер үшін ең жоғары марапат — Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ 14 мамырда ол парақтың шекесіне: «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталсын» деген белгі соғылыпты.

Ал ту тігу барысында Қошқарбаев пен Булатов көрген азаптың бірін де көрмеген Егоров пен Кантарияға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, олардың есімдері Рейхстаг төбесіне Жеңіс туын ілген жауынгерлер ретінде тарихқа енді.

Мұндай әділетсіздіктен кейін, әсіресе Григорий Булатовтың тағдыры өте-мөте қайғылы өрбіген. Соғыстан кейін Қошқарбаев кеңес армиясының қатарында 1947 жылға дейін Германияда қалса, Булатов көп ұзамай оралып, жаламен істі болды. Осыдан соң тағдыры түзелмеді. Оның Қошқарбаевқа жолдаған хаттары өкініш пен күйікке толы: «… Әрине, менің өкпе-ренішім шексіз. Қалайша бәрі құр алдау болады? Зинченко мен басқа да офицерлердің сөзі менің жадымда жақсы сақтаулы: «тірі қалып, жете алсаңдар — «Алтын жұлдыз» аласыңдар». Терезеден секіргенде, біз ажалдың тура өзіне секірдік қой».

1973 жылдың 12 қаңтарында жазған соңғы хатында: «Мен енді ешкімнен де үміт күтпеймін. Керек болған кезде бізге уәде берді. Біз жас болдық, бізді алдау оңай еді. Соңы немен біткенін өзің білесің. Менің өмірлік өкпе-ренішім — осы», — дейді. Сол жылдың сәуірінде ол өмірмен қоштасты…

Ал Рақымжан Қошқарбаев әкесін жазықсыз айдап әкеткен өкіметке о бастан-ақ сенім артпады ма, «Сабыр түбі — сары алтын» дейтін халқының даналығын ұстанған да болар, Германиядан оралған соң, алдымен туған жерінде, одан соң Алматыда жұмысын істеп жүре берген. Қызы Әлияның естелігі бойынша ол тіпті соғыс туралы, өзінің ерлігі туралы әңгіме айтуға құлықты да болмаған. «Аман-есен оралғанымыз үшін бақыттымыз» деген сөзінен танбаған. 1958 жылдың басында Бауыржан Момышұлымен оңаша кездескенде ғана осы тақырып қозғалса керек. Мүмкін, Момышұлының оған дейін де хабардар әңгімесі болар? Кездесуден кейін Бауыржан «Лениншіл жас» газетінің қызметкері Кәкімжан Қазыбаевты шақырып алып: «Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Атақты Момышұлы болдым… Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын — ол нағыз жойқын қырғын! Рақымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс туын тіккен!.. Біздің басымыздағы Жеңіс деген бақыт — сол анау Рақымжан, Рақымжандар!»— деп, міндетті түрде осы ерліктің тарихын баяндап жазуды тапсырады. 1958 жылдың 19 ақпанында К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты очеркі жарыққа шығады. Осыдан кейін туған жұрты бірден-ақ Рақымжанды батыр ретінде қабылдап, мақтан тұтты.

Айта кету керек, Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігін лайықты бағалап, оларға Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөніндегі ұсыныстар әзірлеумен, бір жағынан, Алматыдағы зиялылар, республика басшылығы айналысса, екінші жағынан, осы ерлікті көзімен көрген қанды көйлек майдандас достары да үнсіз қала алмаған. Естеліктер бойынша, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев сынды белгілі қаламгерлер, Бауыржан Момышұлы бастап, сан ұлттан құралған қазақстандық майдангер қаламгерлер, т.б. 1960 жылдан кейін осы мәселені көтеріп, Мәскеуге бірнеше рет ресми хат жолдаған. Оларға мемлекет және қоғам қайраткерлері — Ілияс Омаров, Жұмабай Тәшенов, Дінмұхамед Қонаевтар қолдау көрсеткен. Дегенмен «Бір ерлікке екі марапат берілмейді»  деген сылтаумен Мәскеу бұл істі қайта қолға алудан бас тартқан.

Бұл ерліктің бағаланбай қалғаны одақтық баспасөзде де жазылды. Оны қозғағандардың бірі — майдангер журналист, жазушы, ақын Василий Субботин еді. Соғыс кезінде ол 150-атқыштар дивизиясының «Воин Родины» газетінде тілші болған. Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігі жөнінде осы газетте 1945 жылдың өзінде-ақ үш рет мақала жазған. Кейін Жеңістің мерейтойлары кезінде басқа орталық басылымдарға да шығарған. «Эпилог» атты өлеңінде:

«Курганы щебня, горы кирпича,

Архивов важных драная бумага.

Горит пятно простого кумача

Над обнаженным куполом Рейхстага.

В пыли дорог и золоте наград,

Мы у своей расхаживали цели.

Фамилиями нашими пестрят

Продымленные стены цитадели.

А первый, флагом осененный тем,

Решил остаться неизвестным свету.

Как мужество, что мы явили всем,

Ему еще названья тоже нету» — деп, алғашқы туды ілген батырлар есімінің атаусыз қалғанын жеткізеді.

Сондай-ақ осы дивизияның ардагерлер ұйымы атынан да жоғарыға ресми хат жолданған. Дегенмен КСРО басшылары бір жауаптан танбапты: «Тарих қайта қаралмайды»…

Өкінішті-ақ.

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда 64 жасында дүниеден өтті. Өмірден өтерінде өзін Бауыржан Момышұлының қасына жерлеуді өтініпті. «О дүниеде де саясында болайын» — депті.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Өз туған халқының жадында оның аса қымбат, қайталанбас тұлғасы мәңгі өшпейтін жұлдыздай жарқырай бермек.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button