Мереке

Домбыра төрден түспесін!

Шілденің алғашқы жексенбісінде қазақ халқы Ұлттық домбыра күнін атап өтті. Шанағы шежіреге толған қасиетті аспап — Домбыра күніне арналған рухани іс-шара Ақтөбеде де кең ауқымда ұйымдастырылды. 

“Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл мерекенің қазақ руханияты үшін мән-маңызы зор. Қастерлі аспап дала өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау — баршамыздың парызымыз. Домбыра төрден түспесін!» — деп жазды домбыра күніне орай құттықтауында ғаламтордағы парақшасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы жанындаҰлттық домбыра күніне арналған мәдени-бұқаралық іс-шара«Күй толған көкірегің шежіре ме?» деп аталды. Бұл кешке домбырасын жанына серік еткен 1500-ден аса адам келді. Домбыра күніне арналған шағын қойылым кейіпкерлері  — күй атасы Құрманғазы, дәулескер күйшілер Дина, Қазанғап пен Дәулеткерей, т.б. шығып, домбыраның пайда болуы туралы шежіреден сыр шертті. Аңызда бір шебердің баласына ожау жасап, сол ожаудың халқына бақыт әкелер ұлттық мұраға айналарын, сол күні ұйтқыған желдің гуілімен ожаудың ішегінен ғажайып үн естілгенін, сол күні бұл затқа Домбыра деп атау берілгенін айтады. Аңызға елтіген күйшілер сахнада отырған 1500 орындаушымен бірге Құрманғазының «Балбырауыны» мен «Ерке сылқымын» тартты. «Ұлттық домбыра күні» деген жазуы бар бірдей жейде киген домбырашылардың күмбірлете тартқан күйі Ақтөбе кешін ерекше күйге бөледі.

Одан соң ақын Қадыр МырзаӘлінің «Домбыра» өлеңі оқылып, 60 биші қыздың әрлеуімен «Домбыра» хореографиялық композициясы көрсетілді.

Мерекелік іс-шараға келген облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңыздылығын, сондай-ақ Ақтөбе өңірінен шыққан танымал тұлғалардың қазақтың домбырасын әлемге қалай танытып жүргенін тілге тиек етті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ пен домбыра — егіз ұғым. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс», —  деп атап өткен болатын. Біздің ұлы жерлесіміз, композитор Ахмет Жұбанов «Домбыра — көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Өңірімізден шыққан танымал күй тарландары Қамбар Медетов, Хабидолла Тастанов, Абдулхамит Райымбергенов, Тұрар Әліпбаев, Жайлаубай Асылханов, Нұрболат Жанаманов домбыраны ұлықтап, қазақ күй өнерін дамытуда еңбектері елімізге мәлім. Қазақтың мәдениетін баршаға кеңінен танытып жүрген мақтанышымыз Димаш Құдайберген ұлттық аспабымыз — домбыраны да күллі әлемге танытуда, —  деді Ғалымжан Елеуов.

Мерекелік іс-шара барысында Ақтөбеден шыққан белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрар Әліпбай су тасқынынан зардап шеккен жерлестеріне арнап шығарған «Тасқын» күйін шертіп, көптің ықыласына бөленді. Белгілі күйшілер Тұрар Әліпбай, Жайлау Асылханов, Нұрболат Жанаманов, Талап Хамзиндердің күй шашуы, Қоянбай Тобағабылов, Ғазиза Әбдір, Нұрлан Әбдібек, Динара Шынарбаева секілді жергілікті дәстүрлі әншілер шеруі көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Әдемі кешті 1500 домбырашының орындауындағы «Сарыарқа» күйі түйіндеді.

Мереке күнгі іс-шаралар мұнымен аяқталған жоқ. Бұл күні қала әкімдігі мен бір топ өнер иесінің ұйымдастыруымен тағы бір ерекше іс-шара өтті. Қаладағы 3 перзентханада дәл сол күні —  7 шілдеде дүниеге келген 37 сәбиге қазақтың қасиетті домбырасы тарту етілді.

— Іс-шараға арнайы қатысқан өңірімізден шыққан танымал күйші Тұрар Әліпбаев әрбір сәбидің анасына домбыраны өз қолымен табыстап, ақ батасын берді, — дейді Қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары Фариза Төлебаева.
Нәрестесіндүниегеәкелгенаналар тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button