Мереке

Ақтөбеліктер Астана күнін атап өтті

Облыс орталығынағы Астана саябағында еліміздің бас қаласы — Астана күніне орай «Астана — арман қала» атты фестиваль өткізілді.

Іс-шара мақсаты — болашақ ұрпақтың рухани тұлғалық және адамгершілік құндылықтарын дамыту, Отанын сүюге, ел тарихын білуге ынталандыру. Мерелік іс-шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде облыс орталығындағы өнер ұжымдары Астана күніне орай елордамыз жайлы, туған ел туралыәндерді орындап, би биледі.

Келесі бөлімде қала жұртшылығы үшін арнайы ұлттық аспаптар, поэзия, ұлттық спорттық ойындар, балалар шығармашылығы, қылқалам шеберлерінің алаңдары жасақталып, кітапханалар көрмесі ұйымдастырылды.

Бұл алаңдарда  өтіп жатқан іс-шараларға кез келген ақтөбелік қатысып, өз өнерін көрсетіп, төрешілердің бағалауымен марапатқа ие болып жатты.

Біз қылқалам шеберлерінің алаңына жауапты Қурайлы мәдениет үйінің өкілімен тілдестік.

— Бұл алаңның мақсаты — жас суретшілердің шығармашылығына қолдау көрсетіп, жұмыстарын таныстыру. «Астана келбеті» атты қалалық жас суретшілер байқауына барлығы 20 жасөспірім қатысты. Олардың бәрі  — қалалық көркемсурет лицейінің оқушылары. Бәрі де жетекшілерімен келді, — дейдіҚурайлы мәдениет үйінің шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Лиза Қуанышбекқызы.

Жас суретшілер байқауында қазылар алқасының төрағасы Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Ақбота Туысова болды. Төрешілердің бағалауынша, «Астана келбеті» қалалық байқауында І орынды 13 жастағы Аяулым Арыстанбай мен 14 жастағы Ильдар Хангиреев жеңіп алды. Екінші орынға Тоғжан Шамбет,  Ангелина Коркина, Аяулым Сағынаева ие болды. Ал үшінші орынды Нұрасыл Тәженова, Нұрайым Кәдірбаева және Шанель Елубаева иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды. Қалған қатысушылар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиеваның Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ақтөбедегі қалалық кітапханалар жүйесінде 14 кітапхана қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қала жұртына Астана күніне орай «Ел жүрегі — Астана» атты кітап көрмесін ұсынды.

— Көрмені қызықтаған ақтөбеліктер көп болды. Көпшілік назарына елордамыз Астананың тарихы мен экономикалық дамуы туралы деректерге толы кітаптар ұсынылды. Көрмеге қойылған кітаптар жайлы кітапханалардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында да жазылды, — дейді қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлнар Салиева.

Бұл күні Өнер орталығында «Music Fest Open Air» жобасы аясында «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Нұртас Омаровтың жетекшілігімен классикалық музыка ансамблі мен «la vera musica italiana nel mondo» (Италия) тобыбірлесіп, ақтөбеліктерге Астана күніне орай тегін концерт берді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button