Басты жаңалықтар

Өнегелі отбасы — елдің тұтқасы

Ақтөбе қаласындағы Триатлон саябағында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ұлттық байқау биыл елімізде ХІ рет өткізіліп отыр. Байқауға Ақтөбе қаласы бойынша 22 отбасы қатысты. Комиссия шешімімен үздік бестік анықталды.

Биыл бас жүлдені дәрігерлер мен мұғалімдердің отбасы —Нұрбаевтар жеңіп алды. І орынға отбасылық ұлт аспаптар ансамблін құрған, елге танымал өнерлі отбасы — Мұстафиндер ие болды. ІІ орынды дәрігерлер мен әскери қызметкерлер отбасы — Жакешовтер иеленді. ІІІ орынды өнегелі Егізбаевтар мен көпбалалыӘбдібековтер отбасы бөлісті. Іс-шара барысында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Аманшин «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсатын атап өтіп, қатысушыларды құттықтап, жүлдегерлерге дипломдары мен сыйлықтарын табыстады. Ақтөбе қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалинотбасы құндылығы туралы сөз қозғап, қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. Олардың қатарында Аманиязовтар, Әбдірахмановтар, Әбілғазиндер, Башановтар, Жақасындар, Жексековтер, Кенжалиндер, Қабақбаевтар, Сағынайлар, Сақтағановтар, Сәлімовтер, Серіковтер, Сисенбаевтар, Тажбеновтер, Оразовтар, Шаншаровтар отбасылары бар.

Біз де оқырманымызға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы атанып, жүлделі орындардан көрінген отбасыларды жақынырақ таныстыруды жөн көрдік. Әлқисса…

 Алтынтой иелері — құрмет төрінде

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысқан 22 отбасының арасынан топ жарып, жеңімпаз атанған Қыдырбай мен Лиза Нұрбаевтардың атақонысы— Мұғалжар ауданы қазіргі Егіндібұлақ ауылдық округіне қарасты Бұлақты (бұрынғы Родник) ауылы. Бұрынғы атауы Родник, қазір Бұлақты аталатын ауылдың алғашқы қазығы 1929 жылы Шилі қыстауында қағылған. Сол жерде №52 жылқы зауыты құрылды. Ауылдың аты айтып тұрғандай, айналасы бұлаққа толы мекеннің маңында ежелгі тарихи ескерткіштер де табылды. Бүгінде Мұғалжар ауданы бойынша географиялық жағынан 5 киелі орын анықталса, соның екеуі Бұлақты маңында орналасқан. Олар — Төлеубұлақ петроглифтері мен Қарағұл кесенесі. Осы Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер 2000 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен халықаралық экспедициясы барысында Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуірінің қоныстарын зерттеу кезінде анықталып, ғылыми айналымға да енгізілді. Бүгінгі күні бұл ескерткіштер мемлекеттің қорғауына алынды. Нұрбаевтар әулетінің мүшелері осындай киелі мекеннің перзенттері екенін мақтанышпен жеткізді. Қара шаңырақтың жарасымды тірлігі мен сөгілмес бірлігін сақтап отырған Қыдырбай Сабытұлы мен Лиза Нәкенқызының отау құрғандарына биыл 50 жыл толып отыр.

— Аллаға шүкір, балаларымыз ержетті, барлығы да жоғары білімді, үйлі-баранды. Әке-шешем терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жетпейтінін санамызға әбден құйған. Ел қатарлы еңбек еттік. Елу жыл ішінде ащыны да, тұщыны да көрдік. Жарасымды отбасына керегі — сыйластық, бірлік және еңбек. Еңбек еткен адам көркейеді, жарқырайды. Жастарға айтарым, тек тынымсыз еңбек ету керек, үнемі ізденісте болып, алға ұмтылуға тырысу керек. Өнегелі отбасыларды қоғамға үлгі ету мақсатында осындай байқау ұйымдастырған Ақтөбе қаласы әкімдігіне рақмет айтамын. Денсаулығыма қарамастан, бүгінгі іс-шарадан қалмауға тырыстым, балаларым мен немере-жиендеріммен бірге құрдастарымды да ерте келдім, — дейді Қыдырбай Нұрбаев.

Отағасының сөзін жалғастырған зайыбы Лиза:

— Биыл екеуміздің отбасын құрғанымызға 50 жыл толып отыр. Алтынтойға жетіппіз. Алланың берген сыйы шығар, үш қыз, бір ұлымыз бар. Біздің байлығымыз — балаларымыз. Солар аман болсын. Бүгінде ата-әже атандық, немеренің алды университет бітіріп, маман болды. Бізді құрметтеп, төрге шығарып жатқан ұйымдастырушыларға ризашылығымызды білдіреміз, — дейді.

Қиыр Шығыс аймағында әскери борышын өтеген Қыдырбай Нұрбаев 1974 жылы Лиза Нәкенқызымен бас қосады. Отбасылы бола жүріп, Темір қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының малдәрігерлік мамандығына  оқуға түсіп, 1977 жылы оқуды ойдағыдай аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын туған жерден бастаған ол 2005 жылға  дейін  ауылшаруашылық  саласында белсенді  еңбек етті. Мол тәжірибе мен қажырлы еңбектің, біліктіліктің арқасында кеңшардамал ауруларының алдын  алуға, мал басының өсуіне бір кісідей үлес қосып, комсомол  жастар  бригадасының басшысы да болған. Бүгінде еткен еңбек пен төккен тердің зейнетін көріп отырған Қыдырбай Нұрбаевқа әлі күнге дейін мал ауруына қатысты сұрақтармен хабарласатындар қатары көп.

Нұрбаевтар отбасы облыс орталығы — Ақтөбе қаласына 2005 жылықоныс  аударған. Әулеттің отағасы Қыдырбай Нұрбаев сол жылдары «Нұрдәулет»сауда  орталығы  мен  аталған компанияның шаруашылық базасында күзетші, мал дәрігері болып жұмыс істеді. 2008 жылдан  бастап денсаулығына  байланысты мүгедектік тағайындалып, кейіннен  зейнеткерлік демалысқа  шыққан.

Ал әулеттің отанасы Лиза Нұрбаева (қыз күніндегі тегі Жиенбаева) қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан әдеби кітаптарды құмартып оқып, мерзімді басылымдарға әлі күнге дейін жазылады. Журналист қызы Арайлым Нұрбаеваның айтуынша, анасы Лиза бала күнінде бұрынғы «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетіне шағын мақалаларын жолдап отырыпты. «Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтан газеттің жас оқырманын қанаттандыру мақсатында хат келіпті, соны анамыз әлі күнге дейін балаша қуанып айтады», — дейді қызы Арайлым.

Лиза Нәкенқызы кезінде  Ақтөбе мемлекеттік медицина  институтына оқуға түскенімен, отбасы жағдайына байланысты оқуға мүмкіндігі болмағанын, тұрмыс құрып, бөпелі болғанын, енесі Ақсарының тәрбиесінде болғанын әңгімеледі. Шаңырақ құрған алғашқы жылдары ол кеңшарда сауыншы болып, қосымша ауыр жұмыстарды қоса атқарған, Мұғалжар ауданына қарасты қазіргі Бұлақты ауылындағы ауруханада ұзақ жыл аспаз ретінде еңбек етіпті. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жан.

Ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан алтынтой иелерінің 4 баласы бар. Әке-шешелері сияқты олар да балаларына жастайынан еңбек етуді үйретті, адал еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын ұғындырып өсірді. Лиза Нәкенқызы кезінде өзі оқи алмаса да, балаларының жан-жақты, көзі ашық болуын қалап, оларды оқытты.

Нұрбаевтар отбасындағы төрт баланың үлкені — анасының арманын орындаған Сағыныш Қыдырбайұлы — Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың білікті қызметкері, өңірге танымал дәрігер. Ал келіншегі Алмира Жәлімбетова — №50 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары. Сағыныштың екі қызы — әке жолын қуған дәрігерлер. Ал Мейрамгүл Қыдырбайқызы — М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың бетке ұстар маманы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Миргүл Нұрбаева — Пригород орта мектебініңбиология пәнінің мұғалімі. Отбасының кенжесі Арайлым Нұрбаева — біздің әріптесіміз, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі.

— Әлі есімізде, біз мектеп бітірген уақыт еңбек еткенмен, еңбекақы алмайтын бір қиын кезге тап келді. Бала оқытпақ түгіл, күн көрудің өзі қиындаған сол бір шақта ата-анамыз мал өнімдерін сатып, тиыннан теңге құрап, тығырықтан шығуға тырысып, қалада оқып жүрген біздің жағдайымызды жасады. Қиындықта мойымаған қайсар да жігерлі ата-анамыздың жүріп өткен жолы бізге — сабақ, көпке — үлгі. Ата-анамыздың мәртебесін асқақтатып, мерейін өсіру — перзенттік парызымыз. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін байқауға да сол үшін қатыстық,  — дейді Мейрамгүл Нұрбаева. Қарындасының сөзін жалғаған

Сағыныш Нұрбаев:

— «Мерейлі отбасы» байқауына қарындастарымның айтуымен қатыстық. Байқаудың жеңімпазы атандық. Бүгінгі жеңіс — әулетіміздің мерейі, қол ұстасып алтынтойға жеткен ата-анамыздың елу жылғы еңбегінің жемісі деп білеміз, —дейді.

Қазір алтынтой иелері Қыдырбай мен Лиза Нұрбаевтар — ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құрмет төріне шыққан, балаларынан тараған 12 немере-жиеннің сүйікті ата-әжесі. Елу жылды қол ұстасып, мағыналы өткізген олар бүгінде ұлы Сағыныш пен келіні Алмирамен бірге немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Өнерлі Мұстафиндер

Жүлдегер отбасы Мұстафиндердің отағасыТөребек— Байғанин ауданы Оймауыт ауылының перзенті. Бала кезінен домбыраға қызығып өскен ол — бүгінде күйші, мәдениет саласының үздігі, педагог-зерттеуші, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде оқытушы. Өзінің айтуынша, мәдениет саласына 30 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Жары Гүлнар Асылханова — Қалалық оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі, педагог-зерттеуші. Үлгілі «Кәусар» қобызшылар ансамбліне жетекшілік етіп келе жатқанына — 25 жыл. «Мәңке ата» қоғамдық қорының төрағасы ретінде Ақтөбе қаласында ерекше балаларға қамқорлық жасап, қайырымдылық концерттерін өткізіп тұрады. Сонымен қатар республикалық және халықаралық байқаулардың ұйымдастырушысы.

Төребек пен Гүлнардың музыка колледжінен басталған отбасылық өмірлеріне биыл 30 жыл толды. Өмірге бес бала әкеліп, тәрбиелеп, жетілдірген олар бүгінде ата-әже атанып отыр. Балаларын да қасиетті өнерге баулып, республикаға танымал ұлт аспаптық отбасылық ансамблін құрды.

— «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, көз ашқалы көріп келе жатқан ұлтымыздың киелі аспаптарын балаларымыз да тәп-тәуір меңгеріп алды. Бүгінде олардың бірі — домбырашы, бірі — қобызшы, ал тағы бірі — дауысы ерекше әнші, кейінгі екеуі мектеп жасында болғанымен олар да өнерден алыс емес, — дейді Төребек Мұстафин. Оның сөзін жалғастырған келіншегі Гүлнар Асылханова: «Біздің негізгі жұмысымыз бала оқыту болғанымен, қоғамдық жұмыс ретінде мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, олардың ем алуына қаржылай көмек беріп жүрміз», — дейді.

Қаншама жылдық тәжірибелеріне сүйене отырып, дәулескер күйші Мәңке атаның ұрпағы ретінде отбасылық шығармашылық мектебін ашқан Мұстафиндер отбасы балалармен қатар, ересектерді де бала кезгі армандарына қол жеткізіп, өнер жолына жетелеп келеді.

Егер біз тәрбиелеп отырған ұл-қыздарымыз халқымыздың мәдениетінің дамуына үлес қоса білсе, біздің одан асқан арманымыз жоқ, —дейді өнерлі жұп.

Жүлдегер Жакешовтер

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінде екінші орынға ие болған Жакешовтер отбасы Ойыл ауданында туып-өскен. Әділхан мен Жаңылдың отау құрып, шаңырақ көтергендеріне биыл — 48 жыл. Сүттей ұйыған отбасы 4 баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған.

Бұл отбасында дәрігерлер де, әскери қызметкерлер де, энергетиктер де бар. Отбасындағы үлкен ұлы Мұрат Әділханұлы әскери қызметкер болып еңбек еткен, қазіргі уақытта — зейнет демалысында. Оның жұбайы Меруерт әскери қызметкерлерге арналған емхананың мейірбикесі болып қызмет атқарады. Олардың ұлы Ұлан да әкесінің ізін жалғастырып, әскери қызметкер болып жүр. Ал Мейрам Әділханұлы — энергетик, оның жұбайы Жібек — экономист. Қызы Гаухар Жаңыл анасына ұқсап, мейірбике болып жұмыс істейді.  Ал Гауһардың қызы Айдана биыл дәрігер мамандығының дипломына ие болды.  Әділханның кенже ұлы Бауыржан да энергетик кәсібін меңгерген. Жұбайы Эльмира бухгалтер болып қызмет етеді.

— Біздің отбасының алтын қағидаларының бірі — балалар демалысы кезінде қара шаңырақта жиі басқосу, сосын ата-баба салып кеткен жолдан таймай өмір сүру, әдет-ғұрыпты, дәстүрді ұстану. Бұл үрдіс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Үлгілі, өнегелі отбасыларды, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын осындай байқаудың ұйымдастырушыларына мың да бір алғыс айтамын. Бұл байқаудың жас ұрпақ үшін маңызы зор, — дейді Жаңыл Жакешова.

Әділхан мен Жаңыл Жакешовтер — бүгінде8 немере-жиеннің ата-әжесі. Бауырмалдық, жанашырлық секілді ізгілік қасиеттерін дәріптеп отырған өнегелі отбасы көрінген балапандарының амандығын, еліміздің тыныштығын тілейді.

Үлгілі Егізбаевтар

Батыс Қазақстан облысында туып-өскен Аман мен Данагүл Егізбаевтардың отасқандарына биыл — 32 жыл. Отбасының тірегі болып отырған Аман «Жолаушылар тасымалы» АҚ операторлық бөлім инженері болып қызмет атқарса, берекелі шаңырақтың ұйтқысы Данагүл Бақытжанқызы жас маман кезінде  мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші болып қызмет еткен.

1991 жылы отау құрған Аман мен Данагүл Егізбаевтар үш бала өмірге әкеліп, бүгінде төрт немере сүйіп отыр. Отбасының тұңғышы Мақсат Зайытов келіншегі Айнұр екеуі Алматыда тұрады. Екеуі де «Отбасы банк» акционерлік қоғамының қызметкерлері. Мүсілім, Әміре деген бөпелері бар. Екінші ұлы Қолғанат — қаламыздағы бір зауытта инженер, келіншегі Жансая екеуі әжесімен және ата-анасымен бірге тұрады. Олардың Айару, Аиша есімді кішкентайлары бар. Ал үйдің еркесі Адина биыл ABYROI SCHOOL жеке мектебін «Алтын белгімен» аяқтапты.

Жолдасым екеуміз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Тұңғышымыз балабақшаға барғаннан бері Аман екеуміз жиналыстарға, іс-шараларға бірге барып қатысамыз. Мектепте оқыған кезде де солай қоғамдық іс-шаралардан қалмауға, отбасылық байқауларға қатысуға тырысатынбыз. Мәселен, үш баламыздың да музыкалық білімі бар. Қалалық оқушылар сарайында білім алды.

Адина фортепиано, Мақсат домбыра мен қобыз, Қолғанат домбыра сыныбын бітірді. Мейлінше демалыс күндерін бәріміз бірге өткізуге тырысамыз. Күн сайын кешкі уақытта жасы сексеннің сеңгіріне шыққан анамыздың жанына жиналамыз, кешкі асты басымыз бірігіп ішкенді ұнатамыз. Табиғат аясына жиі шығып тұрамыз, — дейді Данагүл Бақытжанқызы.

Үлкенді сыйлай білетін, сыйластық пен түсіністік, махаббат пен сүйіспеншілік патшалық құрған Егізбаевтар отбасы — берекелі, мерекелі шаңырақ. Сонысымен де көпке үлгі.

Әбдібековтер— жас отбасы

 Жасұлан Әбдібеков пен Аяжан Баекинаның шаңырақ көтергендеріне биыл — 10 жыл. Осы жылдар ішінде өмірге 5 бала әкеліп, көпбалалы отбасы атанды. Жас отбасы зейнеткер анасымен бірге тұрады. Көпті көрген ана ұлы мен келініне бала тәрбиесіне, үй тірлігіне көмектеседі, ұрпағына «біреудің ала жібін аттамаңдар» деп айта отырып, адал болуға тәрбиелеп, білімді, өнерлі, көпшіл, бауырмал болуды насихаттайды.

Шаңырақтың тірегі Жасұлан «Engineer project» ЖШС-нда инженер болып қызмет етеді. Ал отбасының ырысын еселеп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін Аяжан Баекина— Ә.Ермеков атындағы №23 орта мектеп-лицейінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазір бала күтімімен үйде отыр.

— Көпбалалы отбасымыз, бала тәрбиесіне бейжай қарай алмаймыз. Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын отбасылық іс-шаралардан қалмауға тырысамыз. Өзіміз туралы деректерді жинақтап, «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіне үш жыл қатарынан ұсындық. Екі жыл қатысушы ретінде қала әкімінің Алғыс хатына ие болдық. Биыл жүлделі үшінші орынға ілігіп, қуандық. Отбасымызбен табиғат аясына жиі шығып тұрамыз. Үйімізге жақын Қарғалы су қоймасы жағалауын қоқыстан тазартамыз. Осылайша балаларды айналаны ластамауға, таза ұстауға үйретеміз. Қазір олардың өздері бізге көмектесіп, жүгіріп жүреді, — дейді Аяжан.

Әбдібековтер шаңырағын шаттыққа бөлеп өсіп келе жатқан бес баланың төртеуі мектепке барады, кенжесінің жасы әлі екіге тола қоймаған. Тәрбиенің негізі отбасында қаланатынын жақсы түсінетін жас ата-ана балаларын шығармашылыққа, өнерге баулып отыр. Аяжанның айтуынша,  Аруназдан басқа балаларының бәрі де би, футбол, көркемсурет үйірмелеріне қатысады, ал алты жастағы Қазынасы көркемсөз оқудың шебері екен. Анасының үйретуімен өлеңдерді жаттап, мәнерлеп оқитын Қазына «Геолог» мәдениет үйінде өткен қалалық М.Мақатаев оқуларында ІІ орын алса, онлайн өткен М.Жұмабаев оқуларынан жеңімпаз атаныпты.

P.S. Шаңырағы биік, босағасы берік отбасы — Отанымыздың алтын діңгегі. Тәрбие тал бесіктен басталады. Ендеше, балаға бірден-бір оң ықпал ететін ата-ана берген тәрбиені ештеңемен алмастыруға болмайды. Қазақ халқы қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Отбасылық дәстүрлері орныққан елдің іргесі де мықты болмақ. Сондықтан үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, жас буынға жол көрсету секілді құндылықтарды бағалау бүгінгі күннің ғана емес, әр уақыттың басты қағидасы болып қалмақ.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button