МерекеМәдениет

Күмбірле, қоңыр домбырам!

Шілденің бірінші жексенбісі — Ұлттық домбыра күні. Қазақтың сан ғасырлар бойғы мұңы мен сырын, қуанышы мен жырын шанағына сыйғызған, үкісін тағып, төріне ілген қасиетті домбыра аспабының «меншігіне» берілген күн, шын мәнінде, ерекше мереке.  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдың 12 маусымынан бері елімізде шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде өткізіліп келеді. Атаулы күн ұлттық мәдениетті сақтау және жандандыру идеясы айналасында қоғамды біріктіру, одан әрі нығайту мақсатында бекітілген болатын.

Биыл ел тұрғындары Ұлттық домбыра күнін 7 шілдеде атап өтеді.

Осы орайда өңірге белгілі күйші, қазанғаптанушы, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылхановпен сұхбаттасқан едік.

Ескі тарих пен жаңа заманды жалғайтын мәртебелі өнердің бірі — күй. Бұл ретте Ақтөбе өңірінде күйші Жайлау Асылхановтың есімі ерекше аталатыны мәлім.

Биыл 2 шілдеде асқаралы 60 жасын тойлаған кейіпкеріміз ұзақ жылдар бойы жан серігіне айналған домбыра күнін де ерекше күтетінін айтты.

Жайлау Асылханов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында — 1994 жылы ұлттық саф өнерді сахна төріне шығарып, күй десе, ішер асын жерге қоятын тыңдарманға алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді. Ол кезде мұндай батыл қадамға барудың өзі өнер адамы үшін үлкен олжа болғанын бүгінгі күннің биігінен айтуға әбден болады.  Қараңыз: сол жылдары Алматыда Халық артисі Роза Рымбаева алғаш болып жеке кешін өткізсе, Ақтөбеде Жайлау Асылханов алғашқылардың қатарында жеке концертін ұйымдастырды.

Өнер жолында келгенімде «ол әлі жас» деп сын айтқандар да болды. 1993 жылы Ақтауда өткен Қашаған атындағы республикалық байқауда жеңімпаз атанып, бойыма қанат біткендей қатты қуанғаным әлі есімде. Таңдауымның дұрыс болғанын өмір көрсетті. Бұған дейін ақтөбелік домбырашылар, күйшілер мұндай байқауларда жүлделі орындардан көрінген жоқ еді.

1993 жылы байқаудан кейін ақтаулықтардың риза болғаны сонша — сол кезде тапшы болған кілем мен 100 мың теңгесін сый ретінде беріп, ұшаққа отырғызып жіберді. Халықтың риза болғанын, өнерді жоғары бағалағанын көріп, қуандым.

1994 жылы дәулескер күйші Қазанғаптың 140 жылдығы Ақтөбеде тұңғыш рет республикалық деңгейде аталып өтілді. Оған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры, марқұм Мұхтар Арын бастамашы болып, шалқарлық журналист Мұхамбетқали Исмұханбетов қолдау көрсетті. Қаламызға Ілия Жақанов, Ақселеу Сейдімбеков, Сәдуақас Балмағамбетов, Қаршыға Ахмедияров, Әбділхамит Райымбергенов сынды өнер майталмандары келді. Осындай жетістіктерімнен кейін жеке өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Ол кезде әркімнің жеке концерт өткізуіне рұқсат етілмейтін еді, — дейді ол.

1964 жылы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген Жайлау Асылханов Доңызтауды туған жері санайды. 1959 жылы Доңызтаудың бүкіл халқы Оймауытқа қоныстандырылады, себебі кеңес билігі Доңызтауда полигон ашуға шешім қабылдаған.

Доңызтаудан келген ағайынның арасында күйші Нәжімедин Мәмбеталин деген ақсақал болыпты. Ол кісі ел ішінде Машалақ деген атпен танымал керемет күйші болған. Жайлау Асылханов бала кезінде Оймауытта домбыраның құлағында ойнайтын адамдар көп болғанын айта­ды:

Ертеректе өмір сүрген Мәңке деген атамның «Қоңыр» күйі 2011 жылы Мәдениет министрлігі дайын­даған антологиялық жинақ­қа енді. Арғыдан жеткен осы күй­ді домбырасымен орындап, аңызын да аманаттап кеткен Ойма­уыт­тағы Машалақ деген күйші екен. Тағы бір атам Қонақбай Думаұлы Қазанғап күйшінің тікелей шәкірті болған. Қонақбай күйші жөніндегі деректер Тымат Мерғалиевтің «Дом­быра сазы» кітабында бар. Осы кітапта Қазанғаптың жанына ерген шәкірттердің бірі Қонақбай Кәдіралы Ержановпен, Тасы­баймен күй тартысты деп жазылған. Осылайша біздің әулетке күйшілік арғы аталарымыздан келген.

Доңызтаудан талай өнер дүлділдері шықты. Солардың бірі күйші Төреш Қазанғаптың өзіне бата берген.  

Одан соң күй өнеріне деген қызығушылығымды анам мен мектептегі ұстазым оятты. Музыка пәнінің мұғалімі Бейбіт Қанышева мені домбыра үйірмесіне жазды. Анам мектепте биология пәнінен сабақ берсе де, домбыра аспабында шебер ойнайтын. Жалпы өзім мектеп бітіргенше домбыраны қолымнан тастамай, көп күй үйрендім. Менен кейінгі іні-қарындастарым да бала кезінен домбыра үйренді,  — дейді күйші.

Жайлау Асылханов әңгіме барысында күйлер тарихына да тоқталып, шығармашылығындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті:

— 2010 жылы Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Қазақтың мың күйі» антологиясына дәулескер күйшілермен қатар, менің орындауымдағы күйлер де топтастырылды. Анам маған бесінші сыныпта оқып жүргенімде Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты кітабын сатып алып берді де: «Құрманғазыдай ұлы күйші, Ахметтей дарынды бол!» — деп батасын берді. Бұл кітап — менің шығармашылығыма жол сілтеуші болған құнды дүние. Мектеп бітіргенімше кітапты жастығымның астына сақтап, жастана оқитынмын. Кітапта қазақтың барлық ұлы композиторларының өмірбаяндары қамтылған. Мектеп бітірген соң мәдени ағарту училищесіне оқуға түсуді армандадым. Менің әкем сол кездегі училище директоры Қайырғали Қожанбаевқа келіп, домбыраны серігі қылған ұлын оқуға қабылдауын сұрағанын кейін естідім. Қайырғали Қожанбаев болса әкеме: «Бұл жерде оқуға қабылдау емтиханы әділ өтеді, егер таланты болса, комиссия міндетті түрде оқуға қабылдайды», — депті. Бұл туралы біраз жылдан соң Қайырғали ағаның өзі айтты. Оқуға түскенде мені «Әлия гүлі» ансамблінің қатарына қосты. Ансамбльмен бірге көптеген елдерді аралап, күй өнеріне деген қызығушылығым одан әрі арта түсті, — дейді ол.

Жайлау Асылханов Ұлттық домбыра күні жеке кешін беруді жоспарлап отырғанын айтады.  «Күмбірле, қоңыр домбырам» атты күйшінің мерейтойлық концертінде ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚазҰӨУ профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Тұрар Әліпбаев «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, қазанғаптанушы, Халық күйшісі Нұрболат Жанаманов, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Динара Шынарбаева сынды өнер майталмандары мен Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетеді.

 P.S. Кеш иесі өз тыңдарманын 7 шілде күні сағат 18.30-да Өнер орталығында күтеді. Сондай-ақ осы күні 17.00-де «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласы алаңында «Күй толған көкірегің шежіре ме? атты мәдени-көпшілік іс-шарасы өткізіледі. Мұнда қазақ халық аспаптар оркестрі мыңнан астам домбырашының басын біріктіріп, бір мезетте бірнеше күй орындайды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button