«Ақтөбе» — 100!

Ғасыр жылнамасы

1924-1934 жылдар 

Кеңес мемлекеті бой түзеп, бұғанасы қатайғаннан кейін үгіт-насихат жұмысын кең көлемде жүргізуге ден қойды. Осылайша 1924 жылы ұлттық республикалардың көптеген аймақтарында бірнеше жаңа газет жарық көре бастады. Солардың бірі — алғашқы нөмірі 1924 жылдың 7 маусымында Ақтөбеде жарық көрген «Кедей» газеті. Қазақ журналистикасының тарихы, теориясы және практикасы жөнінде қалам тербеген белгілі ғалым Темірбек Қожакеев бұл жөнінде мынадай деректерді алға тартады: «1924 жылы маусым айында өз алдына губерния болған Ақтөбеде губерниялық партия және атқару комитеттерінің органы ретінде «Казахская степь» атты апталық газет шыға бастады. Аталған газет 1924 жылдың 119-нөмірінен «Степная правда» деп аталды. Дәл осы тұста ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі күн тәртібіне қойылды. Губерниялық партия және атқару комитеттері 1924 жылғы 14 наурыздағы біріккен мәжілісінде қазақ газетін «Кедей» деген атпен шығаруды ұйғарды. Мұнысы газет кедейдің тілі, кедейдің жоқшысы, соның мұңшысы болсын, кедейден өткір, кедейдікі үстем болсын дегендік еді». Қандай фактіні де түбіне жеткізіп, қопара зерттеген қазақ журналистерінің талай буынын тәрбиелеген ұстаздың бұл пікіріне алып-қосарымыз жоқ.

«Кедейдің» 7 маусымда жарық көрген алғашқы нөмірі Ақтөбенің сол кездегі Сталин мен Фрунзе көшелерінің бұрышындағы 16-үйде орналасқан кеңседе әзірленді. Газеттің маңдайшасына «Ақтөбе губерниялық совет һәм партия комитеттерінің тілі» деп жазылды. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, «Кедей» алғашында жетісіне бір рет, бар болғаны екі бет көлемінде жарық көрген. Алғашқы екі нөміріне Әзмұқан Мұқашұлы Құрамысов қол қойған. Алғашқы редакторымыз туралы деректерді «Қазақ совет энциклопедиясының» 7-томынан табуға болады. Онда Әзмұқан Құрамысовтың 1896 жылы Ақбұлақ уезінде дүниеге келгені, 1941 жылы қайтыс болғаны айтылады. Ақтөбе губерниялық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған кезінде газетке редакторлық жасаған болса керек. Ол кезде Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына дейін көтерілген. Репрессияға ұшырағанға дейін Қазақ ССР Жоспарлау комиссиясы төрағасының  орынбасары қызметін атқарған. «Кедейдің» 3-нөміріне Өтемісов қол қойса, 4-нөмірінен бастап редакторлық қызметті кейін белгілі аудармашы болған Абдолла Құлыбеков атқарған. Ырғыз өңірінің түлегі Абдолла Құлыбеков кезінде партия-кеңес органдарында басшылық қызмет атқарғанын былай қойғанда, репрессия жылдарынан соң бірыңғай аудармашылықпен шұғылданған. Аударманың классикалық үлгісіне айналған Стивенсонның «Қазына аралы» кітабын тәржімалағаны белгілі. «Кедей» газеті 5-нөмірден бастап төрт бет болып шықты, таралымы да көбейіп, 600 оқырман болды.

Алғашқы нөмірлерден бастап «Кедейдің» қандай мәселелерді көтергенін «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар» деген бөлімдері болғанынан аңғаруға болады. Кейінірек «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» деген бөлімдері де жұртшылықтың назарына ұсынылды. Сол кездегі үрдіспен газеттің басты тақырыбы  халық ағарту мәселесінің өзекті жайттары болғаны мәлім. Қалың көпшілікті білім алуға шақыру, оларды оқыту мәселесі, осы бағыттағы үгіт-түсінік жұмыстары кеңінен жазылды. Шаруашылық мәселелері де ұмыт қалған жоқ. Мәселен, 3-нөмірде «Малға налог қалай шығады?», «Егіске зиянды жәндіктермен қай түрде күресу керек?» деген сауал-жауап тұрғысынан жазылған материалдар жарияланды.

Газеттің алғашқы редакторларының бірі Жанұзақ Жәнібекұлы 1929 жылғы 7 маусымда «Кедейде» жарық көрген «Газетіміздің бес жылдығы» мақаласында тарихи сәттер туралы әңгімелейді. Қысқасы, алғашқы жылдарда «Кедей» газеті сол тұстағы басылымдардың табиғатына сай жаңа қоғам құрып жатқан қазақ елі мен Ақтөбе өңіріндегі барлық жаңалықтарды жан-жақты қамтуға тырысты. «Кедей» Жиенғали Тілепбергенов, Құдайберген Жұбанов және Кенжеғали Абдуллин сынды танымал қаламгерлердің шығармашылық ордасы, тәрбие мектебі бола білді. Сол кезеңдегі республикаға танымал тұлғалар Садық Абланұлы, Мырзағұл Атаниязұлы, Жәркен Сәрсенбин және басқалары мақалаларын «Кедейде» жариялағанын мақтаныш тұтқан.

1930 жылғы 19 тамыздан «Кедей» Темір ауданының басылымына айналып, оның орнына «Алға» газеті шықты.

Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1932 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен округтер облысқа айналдырылды. Жаңадан құрылған Ақтөбе облысында қазақ тілінде газет шығару жөнінде ұйғарым жасалды. Сөйтіп, 1932 жылдың 13 наурызында «Социалдық жол» газетінің алғашқы нөмірі шықты. «Социалдық жолға» М.Жақсылықов редактор болып тағайындалды. Ауыл шаруашылығы бөлімін Е.Ерназаров, мәдениет бөлімін А.Іскендіров басқарды. Кейін редактор болған Қ.Қожамұратов облыстық партия комитетінің нұсқаушылығынан газетке жіберілді. Өңірдің шаруашылық, әлеуметтік және мәдени тынысын көрсете білген «Социалдық жол» кейін «Социалистік жолға» айналды. «Кедейдегі» қалыптасқан игі дәстүр одан әрі жалғасын тапты.

1934-1944 жылдар

1934-1944 жылдар аралығы— елімізде айтулы бес жылдықтар балғасы соғылып, қала мен далада социалистік құрылыс ұранға айналған кезең. Осының алдында ғана —1932 жылы облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің ұйғарымымен облыстық газет «Социалдық жол» деген атау алып, кейінірек «Социалистік жолға» айналған еді. Облыста алғаш ұйымдастырылған колхоздардың, соғыс алдында ірге көтерген өндіріс орындарының күнделікті тыныс-тіршілігі, қазақ ауылдарының әлеуметтік, мәдени жағдайы, білім, ілім мәселесі, бір сөзбен айтқанда, жұмысшылар мен шаруалар арасында жүріп жатқан мәдени революция газеттің тұрақты тақырыбына айналды. Соғыстың алдында ғана осы өңірде орын тебе бастаған өндіріс алыптары — Алға химия комбинатының, Ақтөбе ферробалқыма заводының құрылысы, сырттан қоныс аударған артельдердің жұмысы жан-жақты жазылып, өндірістегі екпінділердің іс-қимылы қалың көпшілікке үлгі етіп таратылды. Даңқты тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің іс-тәжірибесі де осы кездері әйгіленіп, стахановтық қозғалыстың ерлері газет бетінде үзбей марапатталып жатты.
Аталған кезең,негізінен,халық шаруашылығын көтеру, елде сауатсыздықты жою, ауылға социалистік мәдениет үрдістерін жеткізу, коллективтендіру қадамдарымен ерекшеленеді. Сегізінші, тоғызыншы бесжылдықтың партия алға қойған жоспарлары да осыларды меңзейтін еді. Ол уақытта, әрине, барлық жерде бірдей клуб, кітапхана, радио дегендер жоқ. Сондықтан көпшіліктің бірден-бір күтетіні — газет.
Бұл кездерде газеттің де тақырып ауқымы кеңейіп, редакция жаңа күштермен толыға бастады. Газеттің бұғанасын бекітіп, нығайтуға мол үлес қосқан Қ.Қожамұратов, М.Жақсылықов, Е.Ерназаров, А.Іскендіров, Х.Наурызбаев тағы басқалары редакция табалдырығын сол кездері аттағандар еді. Осы тұстарда және одан кейінгі уақыттарда Абдолла Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллин, Тумыш Сарғожаев, Мекетай Жақсылықов, МұқсамҚ обдабаев сияқты қаламгерлер осы шаңырақтың астында бас біріктіріп, облыстық газеттің өз оқырмандарына жол табуына тікелей үлес қосты.
1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуы бүкіл елдегі сияқты облыс өміріне де үлкен өзгерістер әкеліп, дәстүрлі еңбек ырғағы, халықтың қалыпты тұрмысы басқаша арнаға бұрылды. Барлық ер-азамат сияқты газет қызметкерлері де түгелге жуық майданға аттанды. Солардың ішінде Ерназаров, Ескендіров, Ерғазин сияқты белгілі журналистер майданда ерлікпен қаза тапты. Редакцияға 1938 жылы келіп, еңбекке араласқан Дербісалы Ниязбаев сын сағаттақ аламын қаруға алмастырып, елге офицер болып оралды. Газет бетіндегі үйреншікті айдарлардың біразының орнын «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген сияқты айдарлар басты. Облыстың барлық тыныс-тіршілігі майдан мүддесімен байланыстырылды. Газетте тікелей қызметте жүрген журналистердің бірқатарының майданға аттануына байланысты газет уақытша шағындалып екі бет болып шыға бастады.
1934-1944 жылдар аралығындағы аз ғана уақыт ішінде газет коллективтендіру, сауатсыздықты жою, Отан қорғау сияқты тарихта әрқайсысының орны бар кезеңдерді бастан кешті және солардың әрқайсысына үн қосты, халықтың мұң-мұқтажын қорғады. Бір сөзбен айтқанда, газет халықтың көретін көзі, еститін құлағы деген тұжырымды дәлелдеді. Кейін жергілікті халыққа фашистікжаумен шайқаста жеңіске жеткенімізді хабарлаған да осы газет.

1944-1954 жылдар 

1944-1954 жылдар арасында біртұтас Одақтың, тоқсан бірінші жылға дейін іргесі берік, мызғымастай болып көрінген, соғысты да соның арқасында жеңіп шыққан алып державаның тыныс-тіршілігін қияндағы ауылдарға жеткізіп тұрған мерзімді басылымдардың бірі Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газеті еді.

Газет сол жылдары не жазды? «ҚК(б)П Ақтөбе облыстық, қалалық комитеттерінің және еңбекшілер депутаттарының облыстық советінің органы» болған газеттің таралымы 1946 жылы 5400 дана болған. Басылымның жауапты редакторы — Қ.Қожамұратов. Оның орынбасары — Х.Наурызбаев. Газеттің арнаулы тілшілерінің қатарында А.Әлқуатов, С.Бітімбаев, А.Оразғалиев, Д.Есентеміров, Е.Қойбағаровтардың жазған материалдарын жиі оқуға болады. Көлемі  А2 қалыппен шығып тұрған. Бәлкім, қаражаттың сол кезде де жетімсіздігі болуы керек, әлде қағаз тапшылығы болды ма екен, 1949 жылы басылым үлкен бір парақпен шығып тұрыпты.

Газетте көбіне-көп ресми материалдар жарияланған. Мәскеудің, яғни сол кездегі Отанның халық шаруашылығын түзеу мақсатындағы іс-шаралары газет бетінің едәуір бөлігін алып жататын болған. Сондай-ақ мал шаруашылығы мен егіншілікке де қалам толғаған тұстары бар. Олар көбіне хабарлар түрінде беріліп келген. Аракідіксын мақалалар да бар.

Газеттен партиялық стильдің есіп тұруы — сол кезге тән құбылыс. Ключевой ауданының сайлауға әзірлігіндегі кемшіліктер туралы газет ашына жаза отырып, «совет атқару қызметкерлері, оның бастығы Есенғалиев сайлау учаскелерінің жұмысын білмейді» деп сынайды.Тағы бір сын мақала көктемгі егіске арналған. «Қарабұтақ машина трактор станциясында трактор жөндеу қарқыны неге нашар?» деп аталады. Басқа да мінеп, түйреген мақалаларға қарағанда соғыстан соңғы жұмыстың ақсап жатқанын байқау қиын емес.

1947-1950 жылдар аралығындағы газет тігінділерінде ресми материалдармен қатар, ауыл шаруашылығын өркендету, мал өнімдерін өндіру, егіншілік, мәдени хабарлар жиі жарияланатын болған.

1948 жылдан бастап газетте фотосуреттер сапапы басыла бастаған екен. Әрине, сапа дегенде қазіргі сандық үлгідегі фотосуреттермен  салыстыруға келмейді. Бірақ сол кезеңнің өлшемімен алғанда, клишелі бедерлері анық.

«Социалистік жол» жастар тәрбиесіне де мән берерлік мақалалар беріп отырған. Жастарға патриоттық тәрбие үйретуде «Осовиахим» және ФЗО мектептеріне шақыру жөніндегі басылым материалдары қызықты оқылады.

Ауыл-село тілшілерінің постысы туралы әңгіме қозғалмай тұрып-ақ, облыстық «Социалистік жол» газетінің авторларға орын бере бастауы тек 1949 жылы жүзеге аса бастаған. Материалдар ықшам әрі хабарлау, баяндау тұрғысында ғана жазылады. Бұған газет көлемінің ықшамдалуы әсер еткен болуы керек. Ресми материалдардың аяғын ала облыс жаңалықтарын әр жерден хабарлаған ауыл-село тілшілерін көреміз.

1944-1954 жылдары «Социалистік жол» ірі-ірі оқиғалардың куәсі болды. Заман жаңару, қалыптасу үстінде еді. Газет болса, сол қалт еткен жақсылықтарды лезде ел құлағына жеткізуші бола білді. Оның нөмірлері «Совинформның» хабарынан құтылып, енді елдің халық шаруашылығындағы жетістіктеріне назарын аудартқан. Елеулі оқиғалардың бірі — тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі де осы жылдардың еншісінде. 1954 жылы газет тыңға келушілер туралы үзбей

материалдар жариялап тұрды. Дала төсін дүбірлі еңбекке бөлегендер туралы суреттемелер, очерктержарияланды.  Сөйтіп, газет өз шеңберінде он жыл көлемінде бұрынғыдан да гөрі төселді, шыңдалды. Оныңжурналистері алмаса бастады, білімді, білікті мамандар даярлауға бағыт ұсталды. Осы он жылда газеттің мазмұны, материалдарыныңсапасы жақсарды. Алдаәлі де өсу белестері, түрлі тарихи маңызды оқиғаларды жазу міндеті тұрды. Газет ол уақытта отыздан асқан «орда бұзар» жаста еді.

1954-1964 жылдар

Облыстық мұрағаттың қоймасында сақталған «Социалистік жол» газетінің тігінділері осы кезеңнің тірі куәгеріндей немесе хабаршысындай- ақ сайрап тұр. Бұл енді орыстың белгілі жазушысы Илья Эренбургтің әйгілі шығармасы арқылы «жылымық» атанған дәуір. Жарты әлемге өктемдігін жүргізген кешегі Кеңес Одағының шексіз билігі Н.С.Хрущевтің қолында тұрған кезең. Қуатты империяның шын дәуірлеген жұлдызды сәті. Тарихи тұңғыш оқиғаларға толы тұс: қазақ жері Байқоңырдан тұңғыш жер серігі ұшырылды. Ғарышқа тұңғышрет Лайка деген ит көтерілді. Іле тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин самғады. Орыс империясының басшысы Н.С.Хрущев Америкада сөйлеп тұрып, аяқ киімін шешіп алып, Біріккен Ұлттар ұйымының мінбесін сабалады. Бесжылдықтар, жетіжылдықтар, тың игеру, атом бомбасын сынау… Қайсы бірін айтайық, дәуір дүбірге толы болды. Мұның бәрі — бүгінгі аға ұрпақтың есінде, облыстың жылнамасы — «Социалистік жолдың» бетінде.  Газет тігіндісінің сарғайған беттерінен Одақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі түгел көрінеді. Өйткені осы кездегі талап бойынша облыстық газет түгіл,аудандық газеттердің өздері де жергілікті өмірден гөрі одақтағы, республикамыздағы оқиғаларға көбірек орын беретін еді. Оларды бірыңғай жүйедегі ақпарат көздері—ТАСС, ҚазТАГ қамтамасыз етіп тұрғаны белгілі.  Газеттің 1957 жылғы 16 қаңтардағы нөмірі «Қазақстан астанасындағы бүкіл халықтық мереке» деген тақырыппен шыққан. Олай болатыны —1956 жылы тың игерудің нәтижесінде мол астық алынды. Бұл — қазақ елі бағындырған бірінші не екінші миллиард! Соған байланысты Қазақстан Ленин орденімен марапатталды. Оны тапсыруға КСР Одағы Жоғарғы Советі Президиумының Председателі К.Е.Ворошилов келді. Ең жоғары награданы республиканың өкімет басшысы Ж.А.Тәшенов қабылдап алды. Алматыда өткен осы салтанатты жиналыста республика, облыс басшыларымен бірге, қазақ интеллигенциясы атынан М.Әуезов те сөйледі. Облыстық деп аталғанмен, бұл жылдары газеттің кімге, қайда қызмет еткенін жазбай тануға болар еді. Газет, негізінен, Одақтық, қалды республикалық, оның ішінде КПСС-тің, Қазақстан Коммунистік партиясының материалдарына толы. Терт бет түгел Хрущевтің сөзі болып кететін де жағдайлар жиі кездескен. Материалдардың көпшілігі үндеу, нұсқау, озат тәжірибе түрінде берілген. Мысалы, газеттің 1957 жылғы 3 наурыздағы нөмірінде «Қамыстан үйді көп салыңдар! Қамыс үй арзанға да түседі, тұруға да ыңғайлы» деп аталған мақала облыстық газеттің тұтас бір бетін алып жатыр. Мұнда Қарабұтақ, Ырғыз, Ойыл, Байғанин аудандарында маңызды құрылыс материалдары — қамыс қорының мол екені әңгіме болады.

Облыстық газеттің біз қарастырып отырған кезеңінің соңы Ақтөбенің Батыс Қазақстан өлкесінің орталығына айналатын тарихи оқиғаларға ұласады. Сондықтан бұл кезеңдегі газет тігіндісінде қайнаған өмір тұр. Аласапыран дәуірдің тыныс-тіршілігі келеді көз алдыңа.

1964-1974 жылдар

Сол кездің газеттері және ондағы журналистер сын объектілерін тапқыш

болғандығы байқалады. Әйтпесе тұрақты түрде «Сықақ мерген» атты

топтама әзірлеу қайдан оңай болсын. Жаңажылдық мерекенің буынан әлі арыла алмай жүрген, социалистік коғамға жат қылықиелерінің кейбіреулері алғашқы айда-ақ осы «мергеннің» садағына ілікті. Аталған топтамадағы «Шығайбайдың мырзалығы», «Аязды күнгі әңгіме», «Бір жұтым» деген атаулардың өзі-ақ кейіпкерлердің жүрегін зырқ еткізген шығар.

Кыздардың тракторшы мамандығын шын жүректен игеріп кетуі немесе атаның «шопандық ақ таяғын» қолға ұстауы сол жылдары көрініс бере бастапты. Бұл бастамалардың бірі кейін Семей облысындағы шұбартаулықтардың үндеуіне ұласып, қаптаған «Жас жігер», «Жас қанат» атты жас шопандар бригадалары ашылғаны мәлім.

Бас мақалалар мығым, ұғынықты: «Құрылыс техникасы тиімді пайдаланылсын», «Кітапхана — көпшілікке», «Коммунист — партияның белсенді жауынгері», «Көктемнің әр күні — жылға азық»…

Бұл кезеңде егін шаруашылығы мәдениетін арттыру бағытында көп шаруалар жасалғаны мәлім. Мысалы, химияны батыл қолдану қолға алынды. Газеттің 1964 жылғы 9 тамызындағы «Химияның қуатымен» деп аталатын төрт шумақ өлең —соның бір куәсі. Өлең былай аяқталады:

Жарқ етер де ертең сол сәт жан кұмар,

Кеуіп қалған тақырларға қан құлар.

Шөл төбелер шүлен болып жаңғырар,

Химияның қуатымен сән құрар.

Сарғайған парақтарды ақтарып отырғанда қазіргі кезде заңдылыққа айналып кеткен көптеген қатардағы оқиғалардың әуелі сол шақта дүниеге келгенін ескере бермейтініміз аңғарылады. Мысалы, жас ұрпақ Жеңіс күні — 9 мамыр соғыс біткеннен бері мемлекеттік мереке ретінде үзбей тойланып келеді деп ойлауы мүмкін. Тіпті де олай емес. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 9 мамырды Жеңіс мейрамы — жұмыс істемейтін күн деп жариялаған Жарлығы 1965 жылдың 26 сәуірі күні қабылданыпты.

Осы Жарлықтан соң іле-шала 27 сәуір күні облыстық газеттің редакциясы үшін тағы бір жергілікті маңызы бар жаңалықболыпты. Бұған дейін газеттің төртінші бетіне «Редакциялық коллегия» деп қол қойылып келсе, 27 сәуірден бастап газетке «Редактор Н.Телеуов» деп қол қойылатын болды. Тап сол кезде оқырман да, бәлкім, редакция қызметкерлері деНұрқайыр Телеуовтің газетке 27 жыл бойы редактор болатынын, басылым оза шауып, төске өрлейтінін болжады деп кесіп айта алмаймыз.

Мына факт, бәлкім, сол кезең үшін тағы бір жаңаша материал ұсыну әдісі. Газет шаруа иелерінің өздеріне тұрақты сөз беребастапты. Шалқардың, Қарабұтақтың, Ойылдың…шопандары «Мал қамын малшы ойлайды, малшы қамын кім ойлайды?» деген айдармен өздерін қынжылтып жүрген жайлар туралы ашық сыр толғап отырыпты.Әрине, бұл пікір-толғамдар шопанның өз қолымен жазылмағаны белгілі.Газеттің ұтқаны — сондай пікір айта алатын адамдарға журналистің көмегімен аудан, облыс басшыларына өз мүдделері туралы ашық әңгіме айтуға мүмкіндік бергені.

Соғыс ардагерлеріне қамқорлық жасау да сол кезден қалыптасып келе жатқан дәстүр екен. «Коммунизм жолы» газеті 26 сәуірде(1968 жыл) былай деп жазды: «Ақтөбе қалалық атқару комитеті мүгедектер мен соғыста қаза болған жауынгерлердің семья мүшелерінің өтінішімен оларға кезектен тыс 27 пәтер берді».

1974-1984 жылдар

Газеттің бұл кезеңдегі нөмірлерін парақтаған адам тарихқа енген тоғызыншы, оныншы, он бірінші бесжылдықтардағы Кеңес Одағының, республиканың, облыстың тыныс-тіршілігінен біршама мағлұмат алады. Компартия үстемдік құрған дәуірде әр жылға атау берілгені мәлім. 1975 жылғы бірінші нөмір «Қош келдіңіз, қорытындылаушы жыл!» деген аншлагпен ек ібояумен шығарылған. «Айқындаушы төртіншіден — қорытындылаушы бесінші жылға» айдары астына облыстың еңбек ұжымдарынан материалдар топтастырылыпты.

Жалпы, сол тұстарда өндірістік жоспарлардың, социалистік міндеттемелердің орындалуы ұдайы назарға алынып, оны ұйымдастырудың әртүрлі үлгілері өмірге келген. Газет бетінде еңбек озаттарының құрметіне «Еңбек даңқы жұлдызын» жағу үрдісі пайда болды. Облыстық «Коммунизм жолы» және «Путь к коммунизму» газеттерінің журналистері атынан «Есімі жазылған портрет» деген тақырыппен еңбек озаттарын құттықтау жақсы салтқа айналды.

«Коммунизм жолының» беттерінде «Хаттар», «Күміс қоңырау», «Адам. Қоғам. Заң», «Әдебиет пен өнер», «Халықтық бақылау», «Армандастар» беттері тұрақты түрде ұйымдастырылған. Осындағы «Армандастар» беті сол кездің өзіндік бейнесі болған, көптеген қыздар мен жігіттер үшін тәрбие мектебі — қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларының тыныс-тіршілігіне арналды. Облыста осындай 75 бригада да 212 мыңнан астам қой бағылған екен.

Кеңестік дәуірде баспасөздің беделін көтерген және бір жайт — жарияланған сын материалдар бойынша шара алынып, газете оның нәтижесі хабарланатын. Мысалы, облыстық партия комитеті одақтық бас газет «Правданың» 1975 жылғы 3 наурыздағы нөміріндегі «Малшылардың еңбек вахтасы» деген бас мақала туралы арнайы мәселе қарап, бұл жөнінде «Коммунизм жолының» оқырмандарын хабардар етеді. Жалпы, облыстық газеттегі журналистер бірыңғай мадақтау шеңберінде қалмай, сын материалдарға да қалам тартқан. Мысалы, Зейнолла Құлжановтың «Жүре берсең, көре берерсің», «Кекенасырдың әңгімелері», «Жүгірген алмайды» және басқа фельетондары нысанаға дөп тиген.Сол сияқты Сексенбай Күлімбетовтің облыстық телерадиокомитеттегі әріптесіміз Әлімжан Сатыбалдиевпен бірігіп жазған «Жауапсыздық жалғаса бере ме?» деген сын материалы «Юбилейный» руднигінің сол тұстағы басшыларының есінен шыға қоймаса керек…

Уақыттың заңдылығы — облыстық газеттің жекелеген нөмірлерінде түгелдей КОКП және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттері Пленумдарынан, КСРО және республикамыздың Жоғарғы Кеңестері сессияларынан материалдар жарияланған. Оның үстіне облыстың, аудандардың және Ақтөбе қаласының социалистік міндеттемелерін беру үрдіске айналды.

Бұл жылдардағы газет көтерген жүктің салмағы шамамен осындай болды.

1984-1994 жылдар

Газетте 1984 жылдары «Аралдан Оралға дейін» айдарымен әртүрлі тақырыптағы жаңалықтар, оқиғалар туралы хабарлар беру дәстүрге айналған. Газет редакциясында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәнігі қалам иелерінің осы сексенінші жылдардың басында бір топ жас журналистермен толыққаны көрінеді. Осы топтың алдыңғы легінде С.Байменшиннің әр материалынан оның қалам қарымы аңғарылады.

ҚазМУ-дің түлектері Н.Дияров, С.Ниянқұлов, Е.Ашықбаев та жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі еңбек жолын осы газетте бастады. Ал Октябрь аудандық газеті редакторының орынбасары қызметінен келген Ә.Оралбаев, әуелі облыстық телевизия және радио комитетінде, «Болат жол» газетінде шыңдалған Ә.Ізбаев та ҚазМУ-дың түлектері болатын. Олардың әрқайсысының журналистік қолтаңбалары осы газет жұмысының ыстық-суығына ортақтаса жүріп қалыптасқаны да шындық.

Мәдениет, білім беру тақырыбына өнімді жазып жүрген журналист Е.Ашықбаев «Бейбітшілік дастанының кейіпкері» деген материалында Кеңес Одағының Батыры С.Ешбаевтың майдандағы ерлік жолын шұрайлы тіл, шынайы сезілталдықпен суреттейді.

1985 жылғы 21 тамыздағы газеттің Шалқар ауданындағы меншікті тілшісі Ж.Қабақбаевтың «Бершүгірдің мақтаны мен мұқтажы» деген сын мақаласы туберкулез ауруымен күрестегі осы аттас санаторийдегі орын алған кемшіліктерді әшкерелейді.

Орысша жазатын ақын А.Өтегеновтің «Дала», «Сәйгүлік», «Оралу» өлеңдері М.Құрманалин, Е.Ашықбаев, Б.Құрманқұловтың тәржімалауында оқырманына жол тапқан. Осы бір шығармашылық сабақтастық кейін де ғұмырлы болғанын ағалы-інілі қарым-қатынасынан, шығармашылық байланысынан аңғарылады.

Бір жылдай газет бетінде ой-пікір алысқан еңбек адамдарының көтерген мәселелері «Малшының мұқтажы өтеле ме?» деген дөңгелек үстелінде қорытындыланған. Оған тиісті мекемелер мен басқармалардың өкілдері қатыстырылып, жылға жуық әңгіме болған мәселелерді журналистер К.Бекмағанбетов, Н.Дияров әдемі түйіндеген.

Газеттің 1989 жылғы сандарының бірінде М.Арын мен Қ.Шаңғытбаевтың аударуымен Бертольд Брехтің «Тары» балладасы берілген. Оны ақын Бертольд Брех Г.Фиштің «Болмасты болдырған» деген әңгімесінің ізімен жазған екен. Профессор М.Арынның неміс тілін жетік білетіндігі мен Қ.Шаңғытбаевтың ақындық қуаты аударманың түпнұсқалық өзегін сақтауымен құнды.

1983 жылы 11 қыркүйекте газеттің бас редакторы Н.Телеуов «Газеттің мүшкіл халі» деген атпен оқырманына сөз арнады. Онда уақыттың ыңғайына қарай жұмыс істеп жатқан газеттің, енді оқырмандармен тең қатарлы пікір алысуға, ой бөлісуге бағыт ұстағанын айтады, олардан қолдау, көмек күтеді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық валютамыз енгізілгенін газет қуана жазды. Ұлттық теңгелеріміздегі даналарымыз бен ойшылдарымыз бейнелерін беріп, 100, 50, 20, 5 және 3 теңгелердің ерекшеліктерін де айтқан.

Газетте 27 жыл басшы болып, Н.Телеуов редакторлық эстафетаны 1992 жылы наурызда өзінің шәкірті Қ.Тектіғұловқа тапсырды.

Аптасына бес рет шығып келген газет бастапқыда төрт, кейін үш рет шыға бастады. Жұма күнгі санын шағын форматпен шығару осы кезде басталды.

Осы жылдары Р.Отыншин бастапқыда корректор болып келіп, кейін газет ісіне белсене араласып, жауапты хатшы қызметіне дейін көтерілді. Ал суретші Ж.Жасжанов марқұм Ж.Әндіров ағамыздың суреттерді ретуш жасаудағы шеберлігін жетілдіріп, газеттің безендірілуіне өзіндік үлес қосты.

1994 жылы наурызда облыста тыңның 40 жылдығы Бөгеткөл ауданында өткізілді. Бұл іс-шара да газетте ерекше көрініс тапты. Осы жылдарда газетте З.Телеуова, З.Құлжанов, Д.Мұқаев еселі еңбек етті. Әрине, бәрін тізбектеп шығудың да реті бола қоймас.

Уақыттың ағымына қарай «Коммунизм жолы» газеті «Ақтөбе» болып та осы жылдары өзгертілді.

1994-2004 жылдар 

Бұл он жылда «Ақтөбе» газетінің тарихында көп өзгеріс болды. Ол өзгерістердің ұжым үшін қалай болғанын кім білсін, газет үшін жаман болмағаны ақиқат. Осы аралықта газетке төрт редактор келіп, редакция екі рет қоныс аударыпты. Акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылымын екі рет өзгерткен.

Газет тігінділерін парақтап отырып, 1994 жылдары облыс көлемінде 17 мешіт ашылғанын білдік. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай бір жыл бойы мақалалар жарияланыпты. Абайдың — 150, Қазанғаптың — 140, Құдайберген Жұбановтың 95 жылдық мерейтойларына орай біраз дүниелер басылыпты.

Қуан Тектіғұл редакторлық еткен кезеңде де журналистердің жемісті еңбек еткені көрінеді.

1996 жылы наурызда бұрынғы бас редактордың орынбасары Идош Асқар газет тізгініне ие болады. 1996-2000 жылдарда редакцияның жауапты хатшысы Раукен Отыншиннің бастамасымен газеттің безендірілуі, материалдардың мазмұндық жағынан байығандығы, көптеген жаңа айдарлар пайда болды жәнебасылым толықтай офсеттік тәсілге көшті. Газеттің әр нөмірінде ақын-жыраулардың, ойшылдардың елдікке шақыратын көсемсөздері беріліп отырған. Тарихи тақырыптағы, өзекті проблемалар туралы мақалалар жиі  жарияланған.

Осы жылдарда түрлі тәуелсіз газеттердің көбейе бастауы қазақ тілінде шығатын «Ақтөбе» газетінің таралымына кері әсер ете бастады. Оның үстіне қоғамға нарықтың дендеп енуіне байланысты негізгі  оқырманы ауылда тұратын газетке ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзгеруі, қаржы тапшылығы жазылушылар  мүмкіндігін шектеді. Газетке жаздырумен шұғылданатын екі мекеменің бірі— «Қазбаспасөз» жабылып қалды. Ал пошта арқылы жазылушылар саны азайып кетті, халықтың жалақысын ала алмай қиналған кездері еді. 1996-97 жылдары газетке жазылудың соны тәсілі — баламалы әдіс енгізілді.

1996-97 жылдары ел ішінде мал басы күрт кеміп, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, облыс ішіндегі көші-қонның көбеюі сияқты қиыншылықтардың болғаны мәлім, газет бетінде де оған қатысты материалдар шығатын.

2000 жылдың аяғында облысәкімінің шешімімен «Актюбинский вестник» және «Ақтөбе» газеттері біріктіріліп, «Ақтөбе газеті» ашық акционерлік қоғамы құрылды. Екі редакция да көп жылдар бойы өздеріне құтты қоныс болған облыстың әкімшілік ғимаратындағы жылы орнынан қозғалды. Бұрынғы облыстық баспахана, кейін «Отандастар Полиграфия» аталған ғимаратқа көшірілді. Акционерлік қоғам президенті К.Дубров, ал вице-президенті, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы болып Бауыржан Өтеулиев тағайындалды. Акционерлік қоғамға қараған кезде облыстық газет ұжымында журналистер саны жағынан аз болды. Соған байланысты бір газетте бір журналистің бірнеше мақаласы жарық көріп отырған. Бұл уақыттарда газеттің таралымы 16 мыңға дейін көтерілді, баламалы әдіспен жазылу жалғаса берді және «Ақтөбе» газеті тұңғыш рет бөлшек саудаға шығарылды. Газеттің беттері 28-ге дейін көбейіп, алғаш рет түрлі түсті бояумен шыға бастады.Сол тұста«Ақтөбе» газетінде дизайнер болып қызмет жасайтын Рауан Аминова газетті безендіруде, коллаж жасауда жетістіктерге жетті. Газеттің басылуына дейінгі жұмыстарды компьютер бөлімінің өзі атқаратын жағдайға жетті. Газет мазмұндық жағынан жетіле түсті, сын мақалалар жарияланды. Облыстық кітапхананың балабақша ғимаратынан Мұғалімдер үйіне көшуіне де газетте жарияланған сын мақалалардың ықпалы тиді.

2004 жыл газетке тағы өз жаңалығын ала келді. Тағы да құрылымдық өзгерістерге ұшырап, екі газет бөлініп, әрқайсысы жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналды. ЖШС директоры және газеттің бас редакторы болып «Егемен Қазақстанның» Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Әмір Оралбай тағайындалды. Редакция Орталық стадионның оңтүстік-батысындағы ғимаратқа келіп қоныс тепті, 80 жылдық тарихы бар газет өзіндік дәстүрінен айнымай, облыс өмірінің жылнамашысы міндетін абыроймен атқара берді.

2004-2014 жылдар 

2000 жылдардың орта тұсындағы «Ақтөбе» газетінің тігінділерін ақтарып отырмыз: «Шаруамыз түзелді», «Кәсіпкерлікке — кең өріс», «Нәтиже көріне бастады», «Шырғалаңнан шыққан шалқарлықтар» сынды жұртқа жақсы жаңалық жеткізіп, жар сап тұрған тақырыптар нөмірден-нөмірге көбейе беріпті. Бұл — өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан басталған жалақы мен зейнетақы айлап кешігетін, жұмыс орындары бірінен соң бірі жабылып, коммуникациялық жүйелер істен шығып, қалың бұқара кімге шағынарын білмей сенделген шақтардың  шеті көріне бастағанының айғағы. «Жауыз нарықты» қарғап-сілеу жөніне қалып, ел ертеңінің өз қолында екенін сезініп, еңсесін тіктей бастаған жылдардың көріністері көз алдыңнан тізбектеліп өтеді…

… 2004-2014 жылдардағы «Ақтөбе» газетінің тігінділері — киелі өңірдің аталған он жыл мерзім ғана емес, ғасырлар бойғы рухани өмірінің шежіресі іспетті: аласапыран тұстағы ел тағдыры талқыға түскен жиындарда ой толғаған Әйтеке бидің ақылгөй үні, данышпан Мөңкенің өсиеті, зар заманның құрбаны болған Сары Батақұлының өкініші, Сарышолақтың шешендігі, Нұрпейістің жырлары, Жиенғали мен Бернияз ту еткен армандар, Қуандық пен Тахауидың асқақ достығы, Сағидың сағынышы, Бәкірдің ақ бұлақ сезімдері, Тобықтың әңгімелері, кейінгі қаламгерлердің шығармалары — бәрі-бәрі сайрап жатыр. Жиренқопада жерленген қарақыпшақ Қобыландыдан бастап, даңқты екі Есет, қол бастаған Бөкенбай, Асау мен Барақ, Сәңкібай мен Қайдауыл сынды аруақты ерлерге қатысты зерттеулер де осында. Алашорданың үлкен бір орталығы болған өңірденшыққан Телжан Шонанұлы, Ұзақбай Құлымбетов, Тал Жаманмұрынов, т.б. қайраткерлер туралы еңбектер; Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардан бастап, қазақтың ғылымына, мәдениетіне үлес қосқан тұлғалар жайлы естеліктер де осында.

…Бір өңірге ғана тарайтын газеттің бетінде тек облыс емес, сонымен қатар елдегі, әлемдегі жаңалықтар, жұртты елең еткізген оқиғалар, оларға қатысты жан-жақты талдау жүйелі түрде беріліп отырған. «Әлем» айдарын тұрақты түрде жүргізген Ертай Ашықбаевтың өз қолынан шыққан, орыс, шетел баспасөзінен аударып берген мақалаларынан оқырмандар тұшымды ой, әйгілі сарапшылар пікірлерін, танымдық тұрғыда мол мағлұмат таба алады.

Елбасы Жолдауын, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданған Үкімет бағдарламаларын, оларды жүзеге асыру мақсатында жергілікті жерде істеліп жатқан шаруаларды насихаттау, Парламентте қаралып жатқан заңдар жобасы төңірегіндегі әңгімелерді, жалпы, елдік мәселелерді ел назарына ұсыну — журналистің күнделікті жұмысы. Бұл орайдағы әр нөмір сайынғы жарияланымдарда оқырманға ой тастайтын пікірлер көп кезігеді.

Редакцияның жаңалықтарына келсек, 2004 жылдың ішінде газеттің бас редакторы бірнеше жыл алмасқан. Күзге дейінгі нөмірлерге Әмір Оралбай қол қойса, одан соң бірер ай Қасымжан Байсадақов басқарған. 2004 жылдың соңынан Бауыржан Бабажанұлы бас редактор болған.

Ертай Ашықбаев, Аманғос Орынғалиұлы, Әлімбай Ізбай, Айдос Шөкіш, Нұрмұхамбет Дияров, Ардақ Қонақбаева сынды аға буын өкілдері, баспасөзге 1990 жылдардың ортасында қосылған буынның өкілдері — Сәтжан Дәрібай, Индира Өтеміс және кейінгі толқын — Мейрамгүл Рахатқызы бастаған топ: Гүлжан Базылқызы, марқұм Серік Әбдібеков, Айнұр Жалмағамбетова, Арайлым Нұрбаева, Сәнім Қонақбаева, Кәмшат Қопаевалар газет бетінде өз қолтаңбаларын қалдырды.

2014-2024 жылдар

Бұл онжылдықта «Ақтөбе» газеті өзінің кезекті белесіне — ғасырлық биігіне қол созды. Газеттің шығармашылық ұжымы бұрыннан қалыптасқан аға буынның ізгілікті дәстүрлерін жалғастыра отырып, сабақтастық салтын берік ұстанды. Осы кезеңде редакцияға қызметке бірқатар жас кадрлар келді.

2017 жылдан бастап «Ақтөбе» газеті қарайтын «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ын басқаруға бұған дейін он жылдай «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын басқарған, журналистикадағы еңбек жолын кезінде «Ақтөбе» газетінде бастаған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Раукен Отыншин келді.

Осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген баспагер-журналист келгеннен кейін газеттің бет-бейнесін жаңартып, оқырманмен байланысты күшейтті. Басылым бетінде жаңа айдарлар пайда болып, өзекті мәселелер көтеріле бастады. Бір сөзбен айтқанда, газеттен Раукен Отыншиннің қолтаңбасы көрінді.

Газет өзінің 95 жылдығын заманауи типтегі жаңарған мекенде — еңселі де әсем Баспасөз үйі ғимаратында қарсы алды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-нақарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, «Үш таған» журналы, облыстық газеттердің сайттары осында орналасты. Сондай-ақ медиа-компанияға қарасты басылымдардың тарихы түгенделіп, жаңадан жабдықталған музейде жинақталды. Музеймен қатар, кітапхана жұмысы жанданды. Журналистердің конференц-залы, медиа-мектеп іске қосылды.

«Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерекесіне орай облыстың Байғанин, Шалқар, Темір, Ойыл, Қобда аудандарында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылды, жұртшылықпен ашық әңгіме өткізілді.

Газеттің 95 жылдық мерекесіне орай Ақпарат және қоғамдық даму министрінен,  Парламент Сенаты мен Мәжілісінің ақтөбелік депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, республикалық белді басылымдардың бас редакторларынан, белгілі ақын-жазушылардан, танымал өнер адамдарынан, жалпы оқырманнан құттықтаулар келді.

2021 жылдың аяғында Бауыржан Бабажанұлы халықаралық «Túrkistan» газетінің бас редакторы лауазымына тағайындалып, оның орнына «Ақтөбе» газетінің бас редакторлығына Ыстанбұл қаласындағы Мармара университетінің журналистика факультетінің түлегі, Ақпарат саласының үздігі Сәтжан Дәрібай келді.

Аталып отырған онжылдық аумағында журналистер қауымы көптеген мемлекеттік марапаттарға, басқа да құрметтерге ие болды. Атап айтсақ, Раукен Отыншин, Ертай Ашықбаев «Құрмет» орденін, Жақсылық Айжанов, Нұрмұханбет Дияров, Сәтжан Дәрібай «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.

Аманқос Орынғалиев Ойыл ауданының, Жанғабыл Қабақбаев, Нұрмұханбет Дияров Шалқар ауданының, Жақсылық Айжанов Байғанин ауданының, Ертай Ашықбаев Темір ауданының құрметті азаматы атанды.

Бірқатар қалам иелерінің еңбегі Ақпарат саласының үздігі төсбелгісімен, Қазақстанның құрметті журналисі атағымен атап өтілді.

Газетте «Хабар-ошар», «Ресми», «Қала», «Аудан», «Білім», «Ауыл — ел бесігі», «Тағзым», «Денсаулық», «Мәселе», «Мәдениет», «Спорт», «Оқырман», «Балдырған», «Демалыс» айдарлары тұрақты беріліп тұрады.

Облыстық газетте өз қызметкерлерінің ғана емес, штаттан тыс авторлардың, ғалымдардың, зерттеушілердің, жергілікті мекеме-кәсіпорын қызметкерлерінің, қарапайым оқырманның мақалалары да жиі жарияланады.

2024 жылдың алғашқы санынан «Ақтөбе» газеті «Жүз жыл жылнамасы» айдарымен шыға бастады. Басылымның әр нөмірінде дерлік ғасыр биігіне көтеріліп отырған газеттің өткен жолдары, әр кезеңде қызмет атқарған журналистер туралы мақалалар тұрақты берілуде.

Өзінің 100 жылдық мерекесіне «Ақтөбе» газеті 15 мың таралыммен келді.

Күнделікті тыныс-тіршілігінде өзіне адал серік болған ойлы оқырманның үміті мен сенімін ақтау газет қызметкерлерінің абыройлы борышы болып қала бермек!

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button