Жаңалықтар

Қорға 581 миллион теңге жиналды

«Қамқор-Ақтөбе2024» қоғамдық қоры тасқыннан зардап шеккендердің баспана мәселесін шешумен айналысады. 17 сәуірдегі жағдай бойынша қорға581 миллион теңге түсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде аталған қордың жұмысына қатысты өткен брифингте мәлім болды.

«Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорына еліміздегі кәсіпорындар мен қоғам белсенділері қаражат аударған. Арасында жеке тұлғалар да бар. Қор қаражаты туралы есеп @qamqor_aqtobe2024  қордың ресми парақшасындажарияланып отырады.

Су басқан үйлерді есепке алу бойынша комиссия құрамындамын. Соңғы он күнде Қарғалы өзені бойындағы учаскелерді араладым. Қазір Алматы ауданы бойынша екі мыңның үстінде өтініш түсті. Оның басым бөлігін саяжайда тұратындар жазған. Үй-үйді аралап, халықпен жүздескенде көпшілігінің құжаты дұрыс рәсімделмегенін, меншік иелігіне байланысты құжаттарда қиындықтар барын біліп жатырмыз. Қорға жиналған қаражат осындай жандардың да кәдесіне жарап, мәселесін шешуге мүмкіндік берер еді. Жиған-терген дүниесінің де тасқыннан бүлініп, көп шығын әкелгені рас. Оның да орнын толтыру қажет. Қиын сәтте ешкімді қалыс қалдырмауымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан «Қамқор-Ақтөбе2024» қорына жерлестеріміз қолдау көрсетіп, белсенділік танытса дейміз. Тек Ақтөбе емес, Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан ақша аударып жатқан кәсіпкерлер бар. Оның есебін күнде әлеуметтік желі арқылы беріп отырмыз, — дейді «Қамқор-Ақтөбе2024» қоғамдық қорының қамқоршылық алқасының мүшесі Нұржамал Күлекенова.

Тасқыннан зардап шеккендерге көмек беру үшін ашылған қорға алғашқылардың бірі болып «Ақтөбе» футбол клубы қаражат аударған. Олар елордалық «Жеңіс» командасымен кездесуден түскен 2 млн 488 теңгені жолдапты. Ал ең қомақты қаржы — 200 млн теңгені «Еуразиялық банк» АҚ аударған. Сондай-ақ «КаИс», «Отау Строй» Инвест» сияқты компаниялардың әрқайсысы 50 млн теңгеден қор есепшотына жіберіпті.

Қарапайым халық қолындағы мың, бес мың, он мың теңгесін тасқыннан зардап шеккендер үшін аударып жатыр. Бұл орайда жергілікті өндіріс орындары да қолдау көрсетіп жатыр. Солардың бірі — Ақтөбе хром қосындылары зауыты қорға 20 миллион аударды. Жерасты байлықтарын игеріп, пайдасын көріп отырған аймақтағы алпауыт кәсіпорындар, мұнай компаниялары қысылтаяң шақта қалыс қалмауы керек деп ойлаймын. Үйін су басып, тентіреп жүрген халыққа азық-түлік  пен киім-кешек табылар. Ең бастысы,оларға керегі — баспана. Жиналған жылу табиғи апатқа тап болған жерлестеріміздің игілігіне жұмсалады. Жақсылық жасауға жарысып, қолдау танытуға асығайық. Әр қиындықтың артында бір жеңілдік болады. Қоғамдық қордың ашықтығына күмән болмасын. Оның есеп-қисабы мен жұмсалған қаржысын ел-халық біліп отырады, — деді брифингте «Қамқор-Ақтөбе2024» қоғамдық қорының қамқоршылық алқа кеңесінің мүшесі Қуантқан Әлімов.

Қоғамдық қор басшыларының ешбірі жалақы алмайды. Қордың қамқоршылық кеңес мүшелігінде мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді тұрғындар бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button