Жаңалықтар

Түрі — қазақ, есімі — араб…

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Соңғы жылдары сәбиге өзге тілдердегі, әсіресе араб тіліндегі есімдерді қоюға құштар болып кеттік. Тілімізге әуелден еніп, құлаққа сіңісті болып, қазақшаға айналған есімдердің өзін бұрмалауға көштік. Әлиханымыз Алиханға, Мәдинамыз Мединаға, Әміріміз Амирге айналды. Тіпті ардақты пайғамбарымыздың есімін де арабша дыбысталуымен қоятындар көбейді, биылғы наурызда ғана 237 балаға Мухаммад есімі беріліпті.

Ұлттық статистика бюросы өткен айдағы ер балалар мен қыз балалардың ТОП-5 есімін жариялады. Мәселен, наурызда 773 Рамазан, 379 Айсұлтан, 358 Мұхаммед, 237 Мухаммад, 210 Омар дүние есігін ашқан. Сол секілді көктемнің алғашқы айында 523 Медина, 379 Айша, 319 Раяна, 292 Айлин, 276 Томирис өмірге келді. Былтыр 2848 сәбиге Алихан есімі қойылған. Сондай-ақ ер балалар арасында Омар (2362), Айсұлтан (2268), Амир (2162) Алдияр (2035),  Мұхаммед (1928), қыз балалар арасында Медина,  Айша,  Айлин,  Раяна есімі үздіктер қатарында тұр.

Балаға ат қою — өмірде бір-ақ рет болатын рәсім. Қазақ халқы әлімсақтан балаға ат қоюға асқан жауапкершілікпен қараған. Өйткені адамның тағдыры есімімен тығыз байланысты деп сенген.Сәбиге ат қою кезінде қазақтың барлық ырым, тыйымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ескеріледі. Сайып келгенде халқымыздың ұлттық ерекшелігі мен дәстүрлі ұстанымыадамның атынан көрініс тауып тұрады.

Әдетте кейбір мәселелерге келгенде, мысалы, қоғамдағы мемлекеттік тіл мәртебесі туралы әңгіме қозғалғанда «Біз қазақпыз! Қазақылығымызды берік ұстанайық!» деп жанымыз шырқырайды. Ал сол баға жетпес асыл мұраның мәңгілік болуына сәбиге есім қоюдың да тікелей ықпалы бар екенін неге ескергіміз келмейді? Ислам діні сипатындағы есім сіз бен біздің, яғни бәріміздің айналамыздан табылады. Ендеше, бесікті түзеу бізге сын. Ислам дінін шексіз сүю, құрметтеудің шыңы — есім қоюда емес, әр пенденің ізгі амалы, жылы жүрегінде, Алла разы болар тірлігінде.

Біз облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне хабарласып, наиб имам Нұрбол Смағұловтың пікірін білген едік…

«Ардақты пайғабарымыздың: «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, терісі қызыл адамның қарадан, қараның терісі қызылдан еш артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта ғана болады. Расында, Алла тағаланың құзырында ең ардақтыларың — тақуаларың» деген хадисі бар. Яғни Алланың алдында бір ұлттың бір ұлттан айырмасы жоқ. Қайсысы тақуа, қайсысы Алладан көбірек қорқады соның дәрежесі Алланың алдында биік болады. Сол себепті балаға арабтың немесе басқа ұлттың есімін қою оның дәрежесін өсірмейді, артықшылық бермейді. Сондықтан сәбиге өзіміздің салт-дәстүрімізге сай қазақ тіліндегі есімді қойған дұрыс деп ойлаймын. Бізде еліктеушілік деген үлкен мәселе болып тұр. Сәбиге араб тілінде есім қою — соның салдары. Соңғы кездері жастарды ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді қадірлеуге, құрметпен қарауға үйретіп әлекпіз. Сол себепті өзге тілдің есімдерін қою жастарды қазақтың салт-дәстүріне бағыттауға кері әсер етеді», — дейді Нұрбек Смағұлов.

Мақаланы жазар алдында «Ел-жұрттың бәрі балаларына діни сипаттағы есімдерді қоятындай ислами есімдердің артықшылығы неде екен?» деп интернетті «шарладым». Іздеу барысында Мұхаммед пайғамбардың атын қоюдың артықшылықтары туралы материалдарға көзім түсті. Оқысам, пайғамбарымыздың есімін қоюдың ерекшелігі туралы бірнеше «хадис» бар екен. Мысалы: «Кімнің үш ұлы бола тұра, ешкімге Мұхаммед есімін бермеуі — бұл надандық және маған деген құрметсіздік», «Кім әйелінің ұлды дүниеге әкелуін қаласа, оның құрсағына қолын қойып: «Егер осы бала ұл болса, оны Мұхаммед деп қоямын» десін. Сонда ұлды болады». «Кімде-кім әйелі жүкті болған кезеңде Мұхаммед есімін қоюды ниет етсе, тіпті осыған дейін ол қыз болса да, Алла тағала оның жынысын ұл етеді» деген «хадистерді»оқып таңғалдым. Мұның анық-қанығын облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұловтан сұрадым. Халық арасында: «Пайғамбар есімін қою балаға ауыр тиеді»  деген қате түсінік бар. Пайғамбар есіміне қатысты бір мәселе — осы. Екіншісі, сіз оқыған «хадистер». Кейбір ислам мемлекеттерінде «Балаға Мұхаммед деген есім қойылса, ол жәннатқа кіреді» деген мағынадағы жалған хадистер таралып кеткен. Жоғарыда сіз көрсеткен «хадистер» — жалған. Жалған куәлік етуге болмайтыны қасиетті Құранда да көрсетілген: «Әй, мүміндер! Бұзық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер». (Хужурат сүресі, 6-аят). Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін» деген. Сол себепті интернеттегі кез келген, оңды-солды тараған мәліметтің бәріне сеніп, бәріне иланып, өзіміз адасқанмен қоймай, басқа жұртты да адастырып, қате қадам баспайық. Ақпараттар ағыны көп. Оның анық-қанығына көз жеткізбей, тұжырым жасау, пікір қалыптастыру — адасудың басы, — дейді Нұрбол Смағұлов.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button