Жаңалықтар

Мерейтой аясындағы кездесу

Баспасөз — 2024

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспасөз клубында облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өтті.

Кездесуге газет оқырмандары — Алға, Қобда, Байғанин, Қарғалы, Темір, Хромтау, Шалқар аудандарынан келген мемлекеттік органдар қызметкерлері, облыстық департаменттер мен басқармалар қызметкерлері, «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығы мен журналистер қатысты.

Алдымен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басын қосып отырған ұжымның басшысы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин сөз алып, «Ақтөбе» газетінің тарихына тоқталды:

1924 жылы 7 маусымда Ақтөбеде «Кедей» газеті жарыққа шықты. Бүгінгі облыстық «Ақтөбе» газетінің тарихы осы «Кедейден» басталады. Тарихтан білесіздер, большевиктер өздерін жұмысшы, шаруалардың, яғни кедейлердің өкіметі ретінде дәріптеген еді. Сондықтан ол кездегі газеттердің көпшілігі «Кедей», «Кедей сөзі», «Кедей үні» сынды атауларды иеленді. «Ақтөбе» облыс қана емес, республика көлемінде де ғасырлық тарихы бар көне газеттердің бірі саналады. Кейін басылымның аты «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгерсе, ал 1990 жылдың 6 қазанынан бастап «Ақтөбе» деген атпен шығып келеді. Біздің газеттің бетінде өңіріміздің жүз жылдық шежіресі сақталып тұр, — деді ол.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС басшысы сондай-ақ бүгінде газет, кітап оқудың ең өткір мәселелердің біріне айналғанын атап өтті.

Газеттің тірегі, тынысы — оқырман. «Қазір газет оқылмайтын болды, оқырманы азайды» деген түсінік бар, дегенмен әлемдегі дамыған елдерде оқырман газет-журнал мен кітаптан бас тартқан жоқ. Қытайдың «Жэньминь жибао», Жапонияның «Асахи симбун» сынды басылымдары күніне екі рет миллиондаған таралыммен шығады.Өйткені әлеуметтік желі газет-журналдың орнын толтыра алмайтынын жақсы біледі. Газет оқырманға сенімді, тексерілген ақпараттарды ғана жеткізеді. Көзі ашық оқырман мұның айырмашылығын жақсы түсінеді, — деді Раукен Отыншин.

Жиында сондай-ақ «Ақтөбе Медиа» ЖШСдиректорының орынбасары Айгүл Нұркеева, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева сөз сөйледі.

Жүз жыл бойы газетіміз халықтың мұң-мұқтажын жазып, екінші жағынан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар жайлы көпшілікке жеткізіп, алтын көпір қызметін атқарып келеді. Осы орайда, өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік қызметкерлермен күнделікті қоян-қолтық жұмыс жасалады. Осы байланысымыз үзілмей, елдің игілігіне бірге қызмет ете берейік дегім келеді, — деді Сәтжан Дәрібай.

Жиында газеттің белсенді оқырманы қатарындағы Байғанин ауданы әкімі аппаратыныңқұрылымдық бөлімше басшысы Нұрбек Әбдіровке, Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Гүлбарам Ахметоваға, Шалқар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Бүркітке және Ырғыз аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қарлығаш Бөлекбаеваға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button