Жаңалықтар

Мерзімді басылымдар: бүгіні мен ертеңі

Форум

Алматы қаласындағы Достық үйіндеМәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен II өңірлік мерзімді басылымдарфорумы өтті. «Мерзімді басылымдар — халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында өткен екі күндік іс-шарада еліміздің әр өңірінде баспасөзді дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген сала мамандары бас қосты. Форум аясында олар ұлттық басылымдардың бүгінгі тынысы мен тіршілігі, газет-журналдардың сапасын  жақсарту, тіл тазалығын сақтау, оқырман аясын кеңейту, тарату мен жеткізу, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдалану секілді бірқатар мәселе төңірегінде әңгіме өрбітті.

Оқырманға не өтімді?

Екі күнге созылған форумда 5 панельдік сессия өткізіліп, отыздан аса білікті медиа маман өз тәжірибелерімен бөлісті. Басқосудың алғашқы панельдік отырысын жүргізген «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет:

Өңірлік мерзімді басылымдарды дамыту — өзекті мәселе. Мемлекет тарапынан БАҚ саласын дамытуды қолдау бағытында бірқатар іс-шара атқарылып жатыр.Бүгінгі форум — Мәдениет және ақпарат министрлігі қолға алған кешенді шаралардың үлкен бір бөлігі. Былтыр елордада өткен алғашқы форум биыл Алматыда жалғасын тауып отыр. Форум мақсаты —  өңірлік мерзімді басылымдардың сапасын көтеру, оқырман аясын кеңейту. Енді газеттер ақпараттың жылдамдығымен әлеуметтік желіні басып оза алмайтыны белгілі. Сондықтан контент сапасын көтеру үшін мерзімді басылым сараптамалық, зерттеу бағытына ауысу керек.Мұндай пікір бірнеше жылдан бері айтылып келеді, — деді.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов іс-шараның маңызына тоқталды.

Бұқаралық ақпарат құралдары — қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан мемлекет ақпарат құралдарының еркін әрі сапалы жұмыс істеуі үшін әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Өңірдегі халықтың көңіл күйі тілшілер жеткізетін ақпараттың сапасы мен сынына байланысты екені белгілі. Екі күндік форум алыс аймақтардан келген ақпарат құралдары өкілдері үшін жемісті әрі тиімді болады деп сенемін, — деді Ақпарат комитетінің төрағасы М.Раханов.

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырған»бүгінгінің оқырманына не қызық? Ақпараттар ағыны арасында басылымды қайтсек бәсекеге қабілетті етеміз? Осы ретте сауатты сараптамалық мақала мен журналистік зерттеудің қай кезде де өтімді әрі өміршең болатындығы айтылды. Пленарлық отырыста «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп пен «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаевгазетке сараптамалық мақала берудің әдіс-тәсілі мен артықшылығы жайлы айтса, «Дат» газетінің бас редакторы Құтмағанбет Қонысбаев журналистік зерттеу туралы өз тәжірибесімен бөлісті. Өзіндік дизайнымен ерекшеленетін «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева мақалаларды қалай оқылымды етіп беруге болатынын әңгімеледі. Филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева журналистердің тілдік қолданыстағы нормаларды сақтамайтынын, әсіресе сөздік қорымыз бай болса да, ана тілімізді барынша бұрмалап, «калька» аударламаларға үйір екенін сынға алды. Ал «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер суретке түсірудің үлкен өнер екенін түсіндірді.

Форум барысында «Kursiv Media» іскерлік басылымының бас редакторы Мира Халина осы уақытқа дейін түрлі баспаларда жұмыс істегенін, газеттер дағдарысқа ұшырап, тым аз оқылатын жағдайға дейін түсіп кеткен кездері болғанын, қиындықты қалай еңсергенін әңгімеледі.

Мәселені шешу үшін заман талабына сай оңтайландыру жолдарын іздеуге көштік. Берілетін мақалалардың мазмұнын жақсарттық, жарнама берушілерді тарту үшін түрлітүсті беттер қостық. Сондай-ақгазет материалдарын инфографикамен, коллаждармен көмкере бастадық. Басылымды оқырманға жедел жеткізу мәселесі де жолға қойылды. Газет әрқашан оқырманға қарай икемделуі керек, ал оқырманға керегі — нақты, шынайы ақпарат, — деді ол.

«Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлыөңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында контент сапасын арттыру туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Ал «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиажүйе туралы әңгімелеп, өзі жетекшілік ететін қор жұмысын баяндады. Форум аясында «Баспа басылымдарын танымал ету, тарату жаңа тәсілдер» және «Салалық журналистика» тақырыптары бойынша панельдік отырыстар өтті.

Балаларды оқуға қалай қызықтырамыз?

Форумда қызу талқыланған тақырыптардың бірі — балалар контентін дамыту. 

«Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» тақырыбына арналған панельдік отырысқажетекшілік еткен «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары — Алматы филиалының басшысы Думан Анаш Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы оқырман қалыптастыру, балалар кітапханасын құру, балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру, оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде тапсырма бергенін, бүгінде елімізде балаларға арналған 30-ға жетер-жетпес басылым барын айтты.

Бұл бөлімде алғашқы баяндама жасаған педагогика ғылымдарының кандидаты, SDU оқытушысы Бақытгүл Салықова:

— Бала кезінен оқып үйренген адам кейін де есейгенде оқу дағдысын дамыта береді. Әртүрлі ақпаратты саралап, манипуляцияға қарсы тұра алатын медиа мәдениеті қалыптасып шығады. Елімізде 4 миллионнан астам оқушы бар. Бірақ балалар басылымдарының таралымы неге 3-4 мыңнан аспайды? «Балдырған», «Ұлан», «Айгөлек», «Ақжелкен» секілді балалар басылымдарын оқып өскен бала ойын еркін жеткізер еді, осы мүмкіндікті мектеп мұғалімдері пайдаланып, мектеп кітапханалары баспасөзге жазылса, балаларға үлкен көмек болар еді, — деген ұсыныс-пікірін айтты.
Бүгінгі балалардың қызығушылық танытатын кейіпкерлері —Өрмекші адам, Бэтмен мен Супермен. Осыны ерте түсінген «Еркетай» комикстер журналыныңбас редакторы Оразхан Жақып жеткіншектердің сұранысын комикстер журналы арқылы жаулауды жөн көріпті. Мәселен, қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін журналда Еркетай мен оның достары — қазақтың ертегі кейіпкерлері Таусоғар, Желаяқотандық комикстерге айналған. Сонымен қатарсала сарапшысы балалар мен жасөспірімдерді оқуға қызықтыру үшін алдағы уақытта осы отандық комикстер мен оның даму бағыты жайлы ойлану керектігін жеткізді.

Өңірлік мерзімді басылымдардың ІІ республикалық форумында журналистика шекпенінен шыққан халық қалаулылары — Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депуаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бапи сөз сөйледі. Олар «мерзімді баспасөзге бизнес көзі ғана емес, ақпараттық саясат, ұлттық идеологияны жүргізудің тиімді құралы ретінде қарауымыз қажет, сол себепті балалар басылымына да мемлекеттік қолдау керектігіне тоқталды.

— Газет-журнал оқырманын көбейту үшін алдымен балалар басылымын дамыту қажет. Бала жастайынан газет оқу мәдениетіне үйренсе, болашақта оқырман ұрпақ қалыптасады. Бұған мемлекет тарапынан үлкен маңыз берілу керек. Мұндай мысалдар шетелдерде бар. Мәселен, Францияда 18 жасқа дейінгі азаматтарына қалауына қарай мерзімді басылымдарға тегін жаздыртады. Басқосуда сөз сөйлегендер, басылымдар балалар контентін қалыптастырса деп жатыр, соның идеологиялық шарттары мен тетіктерін нақтыласа деп ойлаймын, — деді Нұртөре Жүсіп.

Балаларға арналған басылымдарға көбірек көңіл бөлу мәселесін «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы Қымбат Әбілдәқызы өз пікірін білдірді. «Балбұлақ» журналы мен «Дертке дауа» газетін шығарып келе жатқан сала ардагері Мағира Қожахметова да әріптестерінің пікірін қолдайтынын айтып, жастарға жылы лебізін арнады.

Медиа мүмкіндіктері

«Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбына арналған панельдік отырыста ұлттық дәстүрлі басылымдарды дамытуда цифрлық технологиялардың рөлі, әлеуметтік платформаларға оқырман тарту мақсатында пайдалану, жасанды интеллект арқылы медиа жұмысын жеңілдету мәселелері талқыланды. Жиынға жетекшілік еткен ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес:

— Қазір заман өзгерді. Газет-журналдарды қалай бәсекеге қабі­летті етеміз, баспасөзге оқырман­ның ықыласын қалай аудару керек деген сұрақтар туындайды. Ке­зінде аға буын аңыз етіп айтатын «малшының етігінің қонышында «Жалын» журналы жүруші еді, диханның қосында «Қазақ әдебиеті» тұрушы еді, жастар бригадасында «Лениншіл жас» оқылушы еді» деген күндер артта қалды. Ол кезде ақпарат көзі баспасөз еді. Қазір бір телефонның өзі тұтас телеарнаның, бір гаджет бір редакцияның жұмысын атқарып отыр. Сондықтан жаңа заманның талабына сай әрекет ету ба­сылымдардың басты міндетіне айналды, —деді Ержан Байтілес.

Бәсекелестік артқан кезеңде қағаз басылымдардың ғұмырын қалай ұзақ ете аламыз?Форум барысында осы сұраққа жауап ізделіп, интернет русурстары мен әлеуметтік желідегі ақпараттар ағыны арасында мерзімді басылымдарды бәсекеге қабілетті ету, баспа басылымдарында YouTube арнасын қалай дамытуға болатыны, жасанды интеллект туралы ой-пікірлер сарапқа салынды. Осы ретте медиа мамандар газет-журналды бәсекеге қабілетті етуге, оның оқырманын көбейтуге YouTube және басқа да әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануға болатынын әңгімеледі. Мәселен, 275 мың көрермен тіркелген «Сұрауы бар» YouTube-жобасының жетекшісі Ербол Сейілханның айтуынша, газет-журналдар өзінің YouTube арнасын ашып, соны дамытқаны дұрыс.

— YouTube арнасын ашу оңай. Аз қаражатпен де бастауға болады. Арнаны неғұрлым тезірек ашсаңыз, ұйымның қаржылық кірісін көбейту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Университеттерде YouTube арнасын қалай жүргізу керектігін үйретпейді, бәріміз де өзіміз үйрендік. Мәселен, бейнехостингті үйренуге күніне он минут уақытыңызды қисаңыз, көп ұзамай сіз бұл мәселені жақсы меңгеріп шығасыз. Қай істе де ізденіс керек,— деді Ербол Сейілхан.

Медиа-тренер Ақерке Берлібай жасанды интеллект игілігі мен оның бүгінгі дәстүрлі медиаға әсері жайлы әңгімеледі.

Ұсыныстар мен марапат

Қатысушылар форум барысында ақпараттың оқырманға дұрыс жетуі, кейбір блогерлер тарататын жалған мәліметтерге мұқият болу жайын да қозғады. Газет-журналдарды шалғай ауылдарға уақытында жеткізу мәселесі, кадр даярлау, тілшілерді ынталандыру жайын қарастыру керектігі де айтылды.

Форумды қорытындылаған Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов екі күнге созылған форум аясында басылым өкілдерінің көтерген мәселелері мен ұсыныстары бойынша шешімін табатынын қолдайтынын айтты.

— Осы форумда айтылған ұсыныстарды министрлік назарға алып, алдағы уақытта шешу жолдарын бірге қарастыруға дайын. Қазіргі уақытта баспа басылымдарына қолдау көрсетіліп жатыр және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады, — деді ол.

Алматыдағы «Достық» үйінде өткен шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 10 журналист «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл төсбелгіге осы жолдардың авторы да ие болды. Ал министрліктің Құрмет грамотасын иеленген 10 шақты әріптестің ішінде Алға аудандық «Жұлдыз» газетінің бас редакторы Мәдина Тәжібекова да бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button