Жаңалықтар

Трансшекаралық өзендер мәселесі

2024 жылғы 4 сәуірде тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы «Фараби әлемі»жыл сайынғы халықаралық студенттер конференциясы аясында «Су ресурстарын қорғау»тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылар елдің су ресурстарын басқару жүйесі мен қазіргі уақыттағы жағдайына талдау жүргізді. Қазақстандағы су айдындарының экологиялық жағдайларын айтып өтті, оның ішінде еліміздің өзге елдермен бөлісетін трансшекаралық суларының қазіргі ахуалына тоқталды.

Республиканың су ресурстарының негізгі қоры жерүсті және жерасты көздерінде шоғырланған. Жалпы алғанда Қазақстанның су ресурстары өңірлер бойынша әртүрлі орналасқан. Сонымен, шығыс ауданына барлық су ресурстарының — 34,5 пайызы, солтүстікке — 4,2 пайызы, орталыққа — 2,6 пайызы, оңтүстік-шығысқа — 24,1 пайызы, оңтүстікке — 21,2 пайызы, батысқа 13,4 пайызы жатады. Бұл ретте сумен қамтамасыз ету жағдайы республикада аймақтар бойынша әртүрлі болып отыр.

Қазақстан аумағында 8 ірі өзен бассейні бар. Олар: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас. Елімізде суармалы жерлер 1,6 млн гектарды құрайтынын, егіс алқаптарының басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі екенін ескерсек, трансшекаралық өзендердің маңы­зы арта түседі. Себебі аталған өңір­лердегі ірі өзеннің бәрі көрші елдер­ден бастау алады.

Сырдария — Орталық Азия өзендері ішіндегі ең ұзыны, суының молдығы бойынша аймақтың екінші өзені. Негізгі саласы Нарынның бастауынан Аралға құяр тұсына дейінгі өзеннің жалпы ұзындығы — 3019 шақырымды, ал су жинау алабы — 219 мың шаршы шақырымды құрайды. Су қоры мұздақтар мен қар суынан құралады.

Шу — бастауын Қырғызстаннан алатын, жалпы ұзындығы — 1069 шақырым болатын (оның 600 шақырымы — Қазақстан аумағында) өзен. Өзен, негізінен, Жамбыл облысында орналасқанымен, соңы Оңтүстік Қазақстан облысына жетіп суалады. Шу өзені аңғары шаруашылық мақсатта ертеден игеріле бастаған.

Іле суының 77 пайызы Қытай Халық Республикасы аумағында түзіледі. Соңғы жылдары ҚХР-ның өзен суын пайдалануы күрт артып отыр. Іле суының органикалық және мұнай өнімдерімен ластануы салдарынан Балқаш көлінің деңгейі төмендеп, көлдің тұздылығы артып барады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері трансшекаралық өзендер мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттер арасындағы өзен-көл даулары «Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенциясымен» реттеледі. Бұл құжат 1992 жылы 17 наурызда Хельсинкиде қабылданып, 1996 жылы күшіне енді. Қазақстан осы су Конвенциясына 2000 жылғы 23 қазанда қосылды, ал құжат 2001 жылғы 11 сәуірде күшіне енді. Орталық Азия елдерінен конвенцияны Өзбекстан мен Түрікменстан, сондай-ақ Ресей ратификациялады. Қытай мен Қырғызстан бұл құжатқа қосылмаған болатын.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекция маманы Мұхаммедуали Мамықбаев студенттермен кездесуде су шаруашылығын ұтымды пайдалануды бақылау қызметінің қазіргі таңдағы өзекті мәселелері мен алдағы уақытқа қойылғанмақсат-міндеттер туралы баяндады. Осы шара барысындабілім алушылар көптеген жаңа  ақпаратпен таныс болды.

Бүгінде жалпылама алғанда, еліміздің аумағы арқылы ағып өтетін трансшекаралық өзендер бойынша көрші мемлекеттермен ынтымақтастық жайы бірқатар ілгерілеуіне қарамастан, әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бір анығы — мәселе ортақ, сондықтан шешім де, жұмыс та ортақ болуға тиіс. Дей тұрғанмен жақын келешекте түрлі сипаттағы факторлардың (геосаяси және табиғи) ықпалымен аймақ елдері ортақ мәміле саясатын ұстанып, трансшекаралық өзендерге байланысты баршаға тиімді ахуалдың қалыптасатындығына сенім білдіреміз.

Д.МҰСА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының

геоэкология және табиғатты пайдалануды басқару

мамандығының 1-курс магистранты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button