Жаңалықтар

Өңірлік IT хаб: жұмыс және жоспар

Цифрландыру

Былтыр Ақтөбеде ITмамандарға арналған IT hup кеңсесі ашылған болатын.

Aqtobe IT хабы — стартаптарды,  IT-мамандарды дамытуға арналған біртұтас экожүйенің бөлігі, сондай-ақ ақпараттық технология мамандарының іс-шаралар өткізуге арналған тәжірибелік алаңы.

Өңірлік IT хаб жетекшісі Серік Сүндетовоблыс аумағында IT хабтыдамыту және осы саладағы жас кәсіпкерлерді қолдау, IT қауымдастықты құру және хаб мүмкіндіктері туралы айтты.

— Біз «Астана хабтың» өңірдегі кеңсесіміз. Мақсатымыз — еліміздегі айти экспортты көбейту. Былтыр 500 миллион долларлық IT-қызметтерді экспорттасақ, биылғы жоспар — миллиард долларға жеткізу.

Бүгінде еліміздің біраз өңірінде IT кеңселері бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында өзінің цифрландыру мен инновация мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін айтып, «Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр — Қазақстанды IT елге айналдыру. Цифрландыру саласындағы жетістіктеріміз бар — біз электронды үкімет пен финтех даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарындамыз» — деген болатын.

Біз осы өңірдегі цифрландыру ісін дамыту үшін басқа өңірлермен тәжірибе алмасып, кейбір жобаларды Ақтөбеге әкелеміз. Мысалы, мен  Алматыдағы «Smart city» инкубаторында трекер болып, мықты технологияларды көрдім. Осындай стартаптарды Ақтөбеге әкеліп, енгіземіз. Мәселен, көліктегі бейнежазбаны тіркейтін құрылғы жолдың ойық жерлерін көріп, тіркеп алып, оны әрі қарай әкімдікке жіберетін стартап бар. Осындай жобаны біздің өңірде де қолдануға болады. Сәуірдің 18-іне таман  Чехияның бір компаниясы өңіріміздің цифрлану бойынша деңгейін зерттеу үшін келмек. Зерттеу жұмыстарынан соң  қандай да бір жобаларды қаржыландыру қажет болса, Еуропалық даму банкі арқылы жүзеге асырылмақ. Яғни біз алдағы уақытта осы IT саласында идеяларды жобаға айналдыратын инкубатор ұйымдастырғымыз келеді, — дейді Серік Сүндетов. Сонымен қатар ол IT саласындағы стартаперлерге ғана емес, кәсіпкерлерге, фрилансерлерге де көңіл бөлініп жатқанын, мысалы, технология саласына қызығушылық танытып, жоба ұсынғандарға 600 мың теңге көлемінде гранттар қарастырылып жатқанын да айтты.

Сондай-ақ ол өңірлік IT хабтың есігі инновацияларға, жаңа технологиялар мен білімге ұмтылғандардың барлығына ашық екенін жеткізді. Себебі аталған кеңсенің мақсаты — технологиялық кәсіпкерлікті дамытып, стартап мәдениетін қалыптастыру, IT-индустрия мен цифрлық білім беруді дамыту.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button