Жаңалықтар

Су тасқыны кезінде облыста 14 сәби дүниеге келді

Республиканың төтенше жағдай жарияланған аумағындатасқын кезінде 100 сәби өмірге келді. Оның ішінде біздің облыста 14 сәби дүние есігін ашқан.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Сондай-ақ  Қостанай облысында — 8, Батыс Қазақстан облысында — 22, Абай облысында 4 нәресте дүниеге келген. Ал Қарағанды облысында — 2, Атырау облысында — 18, Ақмола облысында 32 сәби өмірге келіпті.

Су тасқыны басталғаннан бері өңірлерде 84 жүкті әйел эвакуацияланған.  Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды.

Апатты аймақтарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барлығы үш мыңға жуық дәрігер мен 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы медициналық көмек көрсетіп жатыр. Министрлік төтенше жағдай кезінде медициналық ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейтінін, әрбір науқасқа қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі  жедел штабтың медициналық қамтамасыз ету тобы барлық қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен жарақталған. Қалажәне аудан ауруханаларында мобильді топ құрылған. Олардың барлығы жедел жәрдемнің арнайы автокөлігімен қамтылыпты.  Бүгінде тұрғындарға, соның ішінде балаларға арналған   эвакуациялық-құтқару пункттері жұмыс істеп жатыр. Барлық эвакопункттерде медицина қызметкерлері мен психологтер жұмыс істейді.Бұл аумақтарда  жедел жәрдем көлігі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Тасқын басталғалы медициналық көмекке 27 адам жүгінген. Олардың барлығына амбулаториялық көмек көрсетіліпті. Жедел ішек инфекциясын жұқтырған бір бала облыстық жұқпалы клиникалық ауруханаға жатқызылған. Қазіргі таңда бала үйіне шығарылған.

Басқарма өкілдері, күйзеліс, қобалжу және мазасызданған тұрғындар арнайы мамандардан көмек ала алатынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button