Жаңалықтар

Оқырман

  • Қазына

Кітап— ақы сұрамайтын алтын қазына

Қазағымның қай кітабын қолыма алмайын, оқып бастамастан бұрын өткен өмірімнің тізбектерін бір сәт көз алдыма келтіріп аламын да, мұның мазмұны қайран менің жырақта кешкен жадау өміріме сәйкес келер ме екен деген толғаныспен мұқабаны ашамын. Кітаптың соңғы бетіне келгенде осы кітапты өзім жазғандай болып, ауыр жүгімді жеріне жеткізген нардай ізіме бір қараймын. Қайран жазушыларымның асқан асуларының бірінде маған қалдырып кеткен бір сыбаға белесі бар шығар деп, жас өткенде қолыма қалам алып, толғағы жетпеген толғауларымды аққа түсіруге асықтым…

… Сонау «мешін, тауық» (32-33) жылдары Голощекиннің қазақтарға қырғидай тиіскен кезінде ата-бабамыз балапан басына, тұрымтай тұсына бас сауғалап кеткені тарихтан белгілі. Содан еліміздің басқа да жерлеріндегідей, мына етектегі бұрынғы Табын, қазіргі Байғанин аймақтарынан қазағымыз сонау ауған, қытай аспады ма. Біздің де бір топ ағайындарымыз ескілердің бағыт сілтеуімен көш бастап, бұрынғы сауда-саттық Еуропа-Қытай Ұлы Жібек жолына түсіп, қайдасың шыбын жанның аман қалатын жері, қайдасың Асау-барақ, Дәуіт аталарымның туын тіккен Бесқала ойы деп аса берген ғой. Бір жағы үстірт жазығы, бір жағы Арал теңізін бойлап, Дәуіт батыр қорымына көш басын тіреген.

Біз тұрған «Жаңалық» колхозының «Жалпақ тіл» бөлімінің кеңсесінің бір түкпірінен кішкене ғана кітапхана ашылып, есігінің маңдайына «библиотека» деп жазып қойды. Біз сияқты қарасирақтарға кітап берілмейді, әкемізге айтып зорға дегенде бір кітап алдырдық. Аты «Қобыланды батыр» екен, ауыл балалары сол кітапты таласып-тармасып оқыдық. Сол кітапты қайтадан кітапханаға тапсырған әкем басқа қазақша кітап әкеле алмады. Себебі ашылған «библиотекада» содан басқа қазақша кітап жоқ, қалғандары жергілікті жердің тілінде жазылған.

Осылайша жастайымнан әдебиетке құмар басым, тіл, әдебиет пәніне деген құштарлығым арта берді.

Тағдыр тәлкегіне ұшараған біз еліміз ширек ғасырға қадам басқанда Қазақстан тұрғындары қатарына қосыла отырып, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» ұранын алдымызға ұстап, дастарқанын жайып қарсы алған ата-жұртымызға оралдық.

Ақтөбелік болғалы үй-ішімізбен қаланың қақ ортасындағы кітапхананы меншіктеп алыппыз. Мен оқу залына кіріп кетемін де, мектепте оқитын немерелерім өздеріне керекті кітаптарын тауып алады. Кітапхананың береке тапқыр кішіпейіл қызметкерлері біздің қағазға жазып, іздеп барған кітабымызды өздері жүгіріп жүріп тауып әкеліп береді.

Кітапхана ұжымында 50-ден аса адам жұмыс істейді. Кітапханашылардың дені —әйел адамдар. Ақтөбе қаласында төрт ірі кітапхана болса, ең үлкені — осы Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы. «Біз Ақтөбе қаласындағы ең үлкен кітапханада еңбек етіп жүргенімізді мақтан етеміз!» — деген кітапханашылар  Жансұлу Елубаева мен Гүлбақыт Князбаева, қаршадай немерелерімнің қазақ жазушыларының кітаптарынан білім алуына себепші болып, жанашырлық қызметтерін көрсетіп жүретін Нұрлыгүл Бердіғалиева, Гүлназия Омарханова,  Ілия Ермановаларды, Бәйішев атындағы кітапхана ұжымын кітапхананың 25 жылдығымен (1999 ашылған) құттықтағым келеді.

… Бір қуанарлық жайт —  соңғы ақпараттарға сенсек, 20 миллионнан асатын Қазақстан халқының 11,5 миллионы кітапханадан кітап алып оқиды екен. Бұл —   үлкен көрсеткіш. Кітап оқушылар көбейе берсін.

Кітапхана — даналар сөзін, аталар сөзін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан ғасырлардың алтын көпірі. Газет пен журнал — қоғам айнасы, демек,кітапты қолға алмас бұрын балаларға әуелі газет пен журналды оқытуды әдетке айналдыру керек.

Ата-жұртқа табан тигелі қазағымның тарихын, өткенін, бүгінін білу үшін кітаптарды қомағайлана оқып, көп нәрсені білгіміз келіп, кітапханадан шықпайтын болдық.

«Әр қазақ — менің жалғызым» дегендей, мен де өзімше «Әр қазақ — жазылмаған бір кітап» деп едім. Кітап —  берген біліміне ақы сұрамайтын алтын қазына.

Атағұлла МАМАЕВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

  • Өнеге

Дүниеге байланбаған бақыт

Жақында Шалқар қаласындағы №6 мектепте «Асығың алшысынан түссін!» атты әкелер сайысы өтті. Мектептер мен балабақшаларда мерекелік іс-шара өте көп болады. Ол аса бір таңсық нәрсе емес. Мені таңғалдырғаны — бұл шараға тек әкелердің қатысуы. Жай қатысып қана қоймай, бәрінің біркісідей белсенділік танытуы.

Наурыз мейрамы тұсында өткендіктен, сайысқа әкелер ұлттық киіммен келді. Азаматтар мектеп сахнасына ұл-қыздарын жетелеп шығып, асық ойнады. «Ханталапай» ойынынан бақ сынасып, өнер көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға — «Жүйрік ат», екінші орынға — «Құмай тазы», үшінші орынға «Қыран бүркіт» тобы ие болды.

Шалқар қаласындағы №6 мектептің 1 «а» сыныбының мұғалімі Салтанат Әжіғұлова ұйымдастырған бұл іс-шара тәрбиенің түп-тамыры — өнеге екенін тағы бір дәлелдеді. Өйткені балаға ақыл айтқаннан гөрі өнеге көрсеткен өтімдірек. Сайысқа қатысушы әкелердің ұлттық үрдіспен киінуі де, ұлттық ойындарды дәріптеуі де ұл-қыздарға үлкен өнеге болды.

Әкелер сайысын тамашалап отырып «Менің әкем мықты» деп шаттанған ұл-қызды көрдім. Кішкентай баланың кеудесіндегі осы бір қуаныш, осы бір сезім  бақытты болашағының кепілі боларына кәміл сенемін. Өйткені бар нәрсе ешқашан жоғалып кетпейді. Әкенің қолдауын сезінген бала ертеңгі күні «менің қорғаным бар» дейтін сенімді әрі айбарлы азаматқа айналады.

Мен Шалқар қаласындағы балабақшалардың бірінде ұзақ жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етіп келемін. Өз тәжірбиемнен байқағаным — бақшадағы іс-шараларға әкелер өте аз келеді. Мүлдем қатыспайды десем де болады.

Әрине, ер-азаматтардың мойнында жауапкершілік көп. Отбасын асырау, бала-шағаның қажеттілігін қамтамасыз ету оңай міндет емес. Дей тұрғанмен бала тәрбиесінде әкенің орын бөлек. Әкенің махаббатын, әкенің қолдауын сезініп өскен баланың бақыты да басқаша. Ол — дүниеге байланбаған бақыт. Әкенің махаббаты — бала бақытының қомақты бір бөлшегі.

Қалдыгүл НИЯЗМАҒАНБЕТОВА,

Шалқар қаласы.

  • Үлгі

Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер

Әйтеке би ауданының учаскелік полиция инспекторы су басқан ауылдан тұрғындарын алып шығу үшін бірнеше сағат бойы етігімен су кешкен.

29 наурызда Ырғыз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты, аудандағы Талдысай ауылында үйлерді су басу қаупі туындағанда жергілікті полицейлер күндіз үйлерді  жеке аралап ескертіп, тұрғындарды эвакуациялық пункттерге жеткізген.

Алайда кейбір ауыл тұрғындары үйлерін тастап кетуден бас тартып, қауіпті аумақтарда қала берген. Олардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдаған учаскелік инспектор Дархан Кемелтаев таңға дейін ауылда күзетте болған. Келесі күні таңғы 4 шамасында су күрт көтеріліп, үйлерге  кіре бастаған. Қалың мұзды сең мен судың  салдарынан ауылда жарық та өшкен.

Кірер көшелер қалың сеңді су астында қалғаннан кейін Дархан артқы қоршаулардан секіріп өтіп жүріп, үйлерінде ұйықтап жатқан адамдарды, барлығын оятып, үйден шыға алмай қалғандарды жол бастап, сулы аймақтардан алып шығуға кіріскен. Салқын суға ойланбастан етігімен қойып кеткен ол таңға дейін жүгіріп жүріп, әріптесі Айбек Алтынбаевпен бірге тұрғындарды қауіпті аймақтардан алып шығып, көлігімен аман-сау эвакуациялық пункттерге жеткізген.

 Бекзат ЖАЛҒАСБАЕВА,

Әйтеке би ауданы.

  • Қолдау

 Металлургтер мен шахтерлердің «Қайырымдылық жәрмеңкесі»

 Металлургтер мен шахтерлер өз қолымен жасаған дүниелерді сатылымға шығарып, жиналған қаражатты балалардың еміне жұмсауға шешім қабылдады.

«Қазхром» ТҰК» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Нұргүл Нұрғалиеваның айтуынша, ұжымдық «Қайырымдылық жәрмеңкесі» жобасы аясындағы мұндай жәрмеңке төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. «Кәсіпорнымызда қолөнермен айналысатын, сурет салып, түрлі материалдан ерекше бұйымдар жасайтын қолы шебер адамдар көп. Олардың қолдан келген істі ақысыз көпшілікпен бөлісіп, жақсылыққа жұмылғандары көңіл қуантады. Осылайша компания қызметкерлері жәрмеңкеде зат сатып болмаса  ұнаған бұйымдарын сатып алу арқылы дәстүрлі жәрмеңкеге қатыса алды. Адамдарға көмектесуге деген шынайы ниет жақсы нәтиже беріп, жәрмеңке сәтті өтті», — дейді ол.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен «Қазхром» басқару аппаратының қызметкерлері бірігіп, сатылымнан түскен 591 мың теңгені әріптестерінің шотына аударды. Оның мүмкіндігі шектеулі үш баласы бар. Әрқайсысы — емге, көмекке мұқтаж жандар.

Хромтаудағы жәрмеңкеге қойылған Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің қолдан жасаған әсем сөмкесі, панно, хош иіс таратқыш, қуыршақтар мен жинақ сандықша және сатылымнан түспейтін жыл сайынғы этностильдегі әшекей-бұйымдар бір демде сатылып кетті. Жиналған қаржы —  275 мың 500 теңге. Бұл сома да бала еміне аударылды.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

 

  • Отбасы

 Бір үйдің тоғыз келіні

 Сағалық Қалиевтер отбасының отанасы Мәрия Қалиева — өмірге тоғыз ұл, бір қыз әкелген батыр ана. Ол бүгінде ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, үлкен шаңырақтың ұйытқысына, тұтастай ауылдың абыройлы анасына айналып отыр.

Мәрия апаның отбасындағы бірлікке аса мән беретіні соншалық — тоғыз келінін де бір-біріне жақын қылу үшін қолында ұстап, білгенін үйретіп, бүгінде еншілерін беріп, бөлек шығарған. Осынша келінді бір шаңырақтың астында тату ұстай алған анадан бұл даналықтың сырын сұрадық.

Ене мен келін арасындағы ауызбіршілік ененің де, келіннің де сана-сезіміне байланысты. Бір-біріне сабырмен қарап, келін қателессе, ене кешіруі керек. Себебі келін де сенің балаң. Менің келіндерімнің о бастағы тәрбиесі осы болды. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ кешірімді болсаң, еңбегің зая кетпейді. Менің келін тәрбиесіндегі ұстанымым — осы. Өзімнің тоғыз келінім айтқан ақылымды тыңдайды, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре алады, кішіпейіл. Тағы бір айтарым, олардың өз үйінде алған тәрбиесі де өте маңызды. Тәлім-тәрбие көрген қыз бала ата-енені де сыйлай алады. Отбасының тату болуы үшін енеден бұрын балаң ақылды болуы керек. Балаң жақсы болса, келінің жақсы болады. Келін жақсы болса, бәрі жақсы болады, — деді ол.
Барлық ұлдары мен келіндерін еншісін беріп бөлек шығарған Мәрия апабүгінде өмірлік жолдасы Жылқыайдар екеуі кенже баласын қолына алып, келін жұмсап отырған жайы бар. Отбасылық кәсіпті дөңгелеткен балаларына көмектерін де беріп отырады. Тоғыз ұлы үйіне тоғыз тәрбиелі қызды жетектеп әкелген Мәрия апамыздың әр сөзі шүкіршілікке толы.

Бүгінде жолдасымыз екеуміз балаларымыздан 31 немере, 13 шөбере көріп отырмыз. Құдайға шүкір, отағасы екеуміз сол немере-шөберені ортаға алып, мәз-мейрам болып отырамыз. Тоғыз келінімді бөліп жармаймын. Олардың бәрі мен үшін бірдей. Келіндерім де мені жерге қаратпауға тырысады, айтқан сөзімді жерге тастамайды, бәрі де тәрбиелі, еңбекқор, ата-ене десе елпілдеп тұратын ашық-жарқын келіншектер. Немерелерімнің де алды үйленіп, тұрмысқа шығып, өрісіміз одан әрі кеңеюде. Бүгінде 17 әулетпен құдандалы-жекжат болып отырмыз, — деді Мәрия апа.

Осылайша ата-ананың ақ батасын алған тоғыз ұл адал жолмен ас ішіп, бір-бір сауапты кәсіппен айналысып, түрлі салада елеулі еңбек етіп, қызмет жасайды.

Н.ТІЛЕП,

Мұғалжар ауданы.

 

  • Еңбек адамы 

Әке жолын жалғаған теміржолшы

Талғат Ахмет — Шалқар қаласындағы теміржолға қарасты №8 жол дистанциясының жетекші инженер технологі. Оның теміржол дистанциясында еңбек етіп келе жатқанына ширек ғасырға жақындапты.

Шешесі Балкүміс Өскімбаева аудандық Мәдениет  үйінде, кейін балабақшада еңбек еткен. Әкесі Мәжит Ахметов №8 Шалқар жол дистанциясында табаны күректей 46 жыл жұмыс істеп, 2013 жылы құрметті еңбек демалысына шығыпты.

Талғат Ахметов өзінің саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған, толысқан, өз жұмысын бес саусақтай білетін маман екені көрініп тұр. Ол Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы теміржол академиясын бітіріп, жол инженері мамандығын алып шыққаннан кейін 2000 жылы осы №8 жол дистанциясындағы №4 айналымда жол жөндеуші болып еңбек жолын бастайды.

— Өмірде де, еңбекте де алғашқы ұстазым әкем болды. Ол әрқашан ақыл-кеңесін айтып отыратын. Сонымен қатармарқұм Өміртай Сәрсенов және Ерғали Еңсепов ағаларымнан, бірге еңбек ететін әріптестерімнен де көп нәрсені үйреніп, көңілге түйдім, — дейді кейіпкеріміз.

Талғат та бүгінде жас мамандарға білгенін үйретіп отырады. Жол бапкері, жол шебері, телім бастығының орынбасары болып еңбек еткен ол 2022 жылдың соңынан бастап өндірістік-техникалық бөлімінде жетекші инженер-технолог міндетін атқарып келеді.

— Біз жол шаруашлығына қатысты бүкіл бөлімдермен байланысты жұмыс істейміз. Күнделікті жол бойын күтіп ұстауға біркісідей атсалысамыз. Әріптестерім, №1 телімнің инженер-технологі Болатбек Қадырқұлов, №3 телімнің технологі Марат Кенжеғұлов, Мейрамбек Шынтасов бар, т.б. барлығымыз бір-бірімізбен байланыса отырып жұмыс атқарамыз. Ертеңгілік жұмысымыз электронды үлгідегі тапсырмамен басталады. Содан кейін аппараттық кеңесте бір апталық жұмысты жоспарлаймыз. Бір жетілік, бір айлық, бір маусымдық жұмыстың бәрін жоспарлап, кестеге салып, соған жауапты кім, басында болатын кім, қандай құрал-жабдық керек, бәрін нақтылап алып, жұмысқа кірісеміз, — деп жұмыстардың атқару реттері мен тәсілдерін жіпке тізіп айтып шықты.

Осындай жүйелі жұмыстың арқасы болар, жол қауіпсіздігі, жолда малды баспау, шұғыл тежегішті баспау, жанар-жағармайды артық пайдаланбау, энергия лимитінен асып кетпеу секілді бағыттар бойынша тиімді жұмыстар атқарылып, №8 Шалқар жол дистанциясы еліміздегі 56 жол дистанцияларының ішінде көрсеткіштері бойынша алғашқы үштікте келе жатыр екен. Әрине, бұл — аталған дистанция қызметкерлерінің еңбегі.

— Бізде 4 маусымдық жұмыс бар. Теміржол қыста қысқарады, жазда ұзарады. Есептік температура, оңтайлы температураның бәрі күнделікті жолды күтіп ұстау кезінде бақыланады.  Жол түссе, көтеру керек, босаса, қатайту керек. Яғни жол жылдың төрт мезгілінде жылжиды, ұзарады, қысқарады. Егер осының бәрін уақытында реттеп отырмасақ, рельстің бойында біркелкілік, тұрақтылық болмайды, — деген Т.Ахмет бұның бәрін атқару да оңайлыққа соқпайтынына тоқталды.

Талғаттың зайыбы Ләззат — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Көпбалалы отбасы бүгінде бір-біріне сүйеу болып, балаларын да өздері секілді еңбекті сүюге, тек адал еңбекпен ғана көгеруге болатынын айтып, тәрбиелеп отыр.

 Қ.ӘЛИН,

Шалқар қаласы.

  • Алғыс

Абзал деген ағам бар… 

Менің туған жерім—Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан жерленген Әйтеке би ауданының Аралтоғай елді мекені. Тарихы шежіреге толы, аты аңызға айналған тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі мекен. Осы ауылда туып-өскен, ел мақтанышы болған азаматтар қаншама! Соның бірі Абзал Нығметов ағам жайлы айтпақпын. Аралтоғай ауылының құрметті азаматтарының бірі Абзал Нығметов ағай физик, математиктер отбасында дүниеге келген. Ата-анасының төрт ұл-қызының тұңғышы. Орал қаласындағы Аграрлық колледжді ветеринарлық фельдшер мамандығы бойынша, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін экономист-бухгальтер мамандығы бойынша тәмамдады.

Бүгінде ол 20 жылға жуық уақыт бойы Аралтоғай ауылында ветеринарлық пунктке жетекшілік етіп келеді. Аталған өңірдің төрттүлік малының амандығы мен сақтандырылуы Абзал ағаға байланысты. Әрине, ауылда тұрған соң негізгі тіршілік көзі мал екені даусыз. Абзал аға — ауылымыздың барлық малының жағдайын өзінің біліктілігінің арқасында ауру-дерттерден сақтап, түрлі жағдайлардан аман алып қалып, ауылдастарының ыстық ықыласына бөленіп жүрген абзал жан. Оған дәлел  — ірі қара малында кездесетін жұқпалы ауру —қарасанның емін бұрын қазақ таба алмай, қаншама мал қырылған деседі. Осы ауруды Абзал аға көптеген тәжірибе жүргізіп, зерттеп, емін тапты. Ауылдың ауырған малдарына тәжірибе жүргізіп, нәтижесінде аурудың емін тауып, малдарды аман алып қалды.

Міне, мал атаулыны адамша емдеп, мәпелеп баптауда еш талмаған Абзал ағаныңмал тұқымын асылдандыру, мал шаруашылығын кеңейту, мал өнімдерін молайту мақсатында еткен еңбегі ұшан-теңіз.

Абзал аға бүгінде осы бағыттағы жұмысын жоспарлап, бұны ауыл тұрғындары қолдап, облысымыздың ғана емес, республика бойынша жоба ретінде танылған ауыл шаруашылығы кооперативінің сенімді басқарушысы болып еңбек етіп жүр. Аталған жобаның жұмыс жасап жатқанына, яғни Абзал ағаның жетекшілік етіп отырғанына да 10 жылға жуық уақыт болыпты. Осы аралықта қаншама отбасы малын асылдандырып, ірілетудің арқасында ет өнімдерін мол алды, сатты, пайдасын көрді. Жазда тегін жайылым, қыста тегін жемшөппен қамтамасыз етіледі. Ауыл тұрғындарына мал санын өсіруге байланысты мемлекеттен қолжетімді 2,5 пайызбен несие әперіп, өз көмегін беріп жүр. Ауыл тұрғындарының Абзал ағаға айтар алғысы мен құрметі ерекше.

Абзал ағаның ұйымдастырушылық қабілеті мол. Оның қазақ күресін дамытуда, көптеген спорттық шараларды ұйымдастыруда, демеушілік етуде еткен еңбегі зор. Сондай бір шаралардың бірі мен бірегейі — 2019 жылы Қазақ ССР спорт шебері Қанат Дәрібаевты еске алуға арналған турнирді ұйымдастырып, демеушілік етті.

Ауылымыздағы жетім-жесірлерге, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға көмектесіп отырады.

Абзал ағаның тағы бір қыры — өткен жылдың жазынан бастап егін шаруашылығымен айналысып, еккен жемістері мен көкөністері мол өнім берді. Өнімнің мол болғаны сонша — ауылдастарына тегін қарбыз таратып, халықтың ақ батасын алып, балаларды қуантты. Осы еңбегі үшін ол облыс әкімінен алғыс алды.

Абзалағаныңжасағанеңбегінесайалғанмарапаттары да жетерлік. Ауылшаруашылығыкызметкерлерініңсалалықкәсіптікодағының III дәрежелі «Еңбекдаңқы» төсбелгісімен, «ҚазақстанТәуелсіздігіне— 30 жыл» мерекелікмедалімен, Парламент Сенатының Құрметграмотасымен, т.б. марапатталды. БірақтымқарапайымАбзалағаныңсөзінеқарағанда,халықтыңбергенбатасы мен алғысы бәріненартықкөрінеді. Абзал аға — аяулы әке, адал жар. Келешекте спорт мектебін салуды, жылқы жарыстарын ұйымдастыруды көздеп отыр.

Гүлназ БАҚЫТКЕЛДІҚЫЗЫ,

С.Оразалин атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button