Жаңалықтар

40 сарбаз әскерден оралды

Азаматтық борыш

Алматы қаласындағы Райымбек батыр атындағы 61993-әскери бөлімінде әскери борышын өтеген 40 десантшы-жауынгерді Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі бірлескен басқармасының командалық құрамы және Ауған соғысының ардагерлері перронда салтанатты түрде қарсы алды.

Жас жауынгерлер №61993 әскери бөлімнің 38-ші арнайы мақсаттағы десанттық шабуылдау бригадасы құрамында болған. Алматы-Ақтөбе бағытындағы пойыздан түскен сарбаздарды олардың туыстары мен әскерилер үрлемелі аспаптар оркестрімен салтанатты жағдайда күтіп алды.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әділет Отарбаевтың айтуынша, өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне әскери борышын өтеуге 140 сарбаз аттанды.

Облыста қаңтар айынан бастап жыл сайынғы үрдіс бойынша әскери есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 наурыз- 30 маусым аралығында ұйымдастырылады. Жыл сайын сарбаздар Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне және Ұлттық ұланға әскери борышын өтеуге аттанады. Келісімшарт бойынша 30 жасқа дейін — әскери қызметке, 32 жасқа дейін офицерлік немесе аға сержант лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік бар, — деді Әділет Отарбаев.

Алматы қаласында әскери борышын өтеп келген жас жауынгер Нұржан Ілиясовты күтіп алуға жасы тоқсанға таяған әжесі Жансия Жамитова да арнайы келген.

Немеремнің сарбаз атанып, Отан алдындағы борышын орындағанына қуаныштымын. Ата-аналарға айтарым балаларыңызды әскерге жіберуге қорықпаңыздар. Ел тыныштығын қорғау әрбір азаматтың абыройлы міндеті деп білемін, — дейді ол.

Мектеп бітіре сала әскерге аттанған қатардағы сарбаз Нұржан Ілиясов әскери өмірі жайлы былай дейді:

Әскерде түрлі тактикалық шабуылдарды үйреніп, шыңдалып, шынықтым. 40 секундта киініп, сақадай сай тұруға үйрендім. 38-ші арнайы мақсаттағы десанттық шабуылдау бригадасында жүгіруден ең үздік ондыққа кіргенмін. Осы тұста 61993-әскери бөлімінің жетекшісі мен командирлеріне алғыс айтамын. Ендігі мақсатым — жоғары оқу орына түсіп, заң саласында қызмет атқару.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button