Су тасқыны

Мәжіліс депутаттары Құмсай ауылының тұрғындарымен кездесті

Су тасқыны басталған кезде Мәжіліс депутаттары халық арасында болды. Әр ауылдың тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тиісті орындарға тікелей жеткізді. Бұл жолы Қазыбек Әлішев, Асқар Садықов партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұловпен бірге Темір ауданындағы Құмсай ауылына гуманитарлық көмек апарып, тұрғындардың қазіргі жағдайын білді.

Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылындағы 39 үйді, 1 шаруа қожалығы мен 1 кәсіпкерлік нысанын су басқан. Қазіргі уақытта ауылдағы 27 үй тұруға жарамсыз. Мәжіліс депутаттары бұдан бұрын тұрғындармен кездесіп, өтініші-тілектерін тыңдаған болатын. Осы кезде халық малын тастап кете алмайтындарын айтып, жаңадан үй салынып біткенше тұратын жылы вагондар сұрады. Қазір ауылға вагондар жеткізіліп, электр желісіне қосылған.
-Қазіргі уақытта су тасқыны болып жатқан өңірлерде жүрміз. Қызыл судың зардабы халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенімен барынша жағдай жасалып жатыр. Құмсай ауылындағы үйі жарамсыз тұрғындар вагондармен қамтамасыз етілген. Жағдай толығымен тұрақталғанша ауыл тұрғындарының қасында боламыз. Зардап шеккен әрбір тұрғынға шығындарының толық өтелуін қадағалаймыз, – деді Мәжілістегі «Amanat» фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев.
Қазыбек Әлішев, Асқар Садықов партияның жергілікті филиалымен бірге Құмсай ауылының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетті. Олар жүк көлігімен киім-кешек, төсек-орын сияқты қажетті керек-жарақтар жеткізді.

М. Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button