Су тасқыны

Өңірде 10 138 адам эвакуацияланды

Бүгінде облыс бойынша Ақтөбе қаласында және Ойыл, Қобда, Әйтеке би, Мұғалжар, Темір, Ырғыз аудандарында төтенше жағдай режимі жарияланып, тұрғындарды су басқан қауіпті аймақтардан көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Нұрбек Оралбаевтың айтуынша, өңірде 21 наурыздан бастап бүгінге дейін қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін облыс бойынша 1 миллион 360 мың текше метр су сорылып, 157 мыңнан астам қап, 300 мыңға жуық тонна инертті материал жұмсалған.

— Су тасқыны кезінде облыста 1061 тұрғын үй, 689 саяжайдағы үй, 46 ғимарат суға кетті. Осы үйлерден құтқару жұмыстарының аясында 10 138 адам эвакуацияланды.  Оның ішінде 4077-сі — бала. Бүгінде уақытша орналастыру пункттерінде 1636 адам бар. Оның ішінде 689-ы — бала. Сондай-ақ 6 мыңға жуық адам туыстарының үйінде тұрып жатыр. Оның 2172-сі — бала. Сонымен қатар 10 663 үй жануары құтқарылып, қазір қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ қазір су басқан аймақтардағы тұрғындарға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл бағытта облысымызда психологиялық көмек беруге арналған жедел желі жұмыс істеп тұр. Оған 230 қоңырау түскен. Оның ішінде 206-сы — ақпараттық сипатта, 24-і — психологиялық көмек көрсету бағытында түскен қоңырау, — дейді ол.

Нұрбек Оралбаевтың айтуынша, бүгінге дейін су тасқыны кезеңінде адамдар мен жануарларды құтқаруға және көшіруге 1364 адам, 247 техника, 10 жүзу және 22 су сору құралы жұмылдырылған. Сондай-ақ Ойыл ауданының тұрғындарын тасымалдау үшін арнайы бригада келіп, паром жасақталған.

— 8 сәуір күні түнгі 2.40-тан бастап Ақтөбе қаласында Қарғалы су қоймасында еріген суының ағыны ұлғайып, Қарғалы өзенінде су деңгейі көтерілді. Осыған байланысты  «Ақжар», «Жилянка», «Солнечный», «Садовое», «Эко» бау-бақша ұжымдарын су басу қаупі туындады. Қазіргі таңда бұл аумақтардан тұрғындар көшіріліп жатыр. Бүгінге дейін 76 адам эвакуация пунктіне көшірілді, — дейді Нұрбек Оралбаев.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button