Басты жаңалықтарСпорт

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫ: КІМДЕР БАРАДЫ?

Биыл жұрт күтетін басты оқиғалардың бірі — ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарына санаулы ғана айлар қалды. Олимпиада 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтеді. Қазір қазақ спортшыларының еншісінде отыздан астам жолдама бар.

Былтырғы күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындары қарсаңында бұрынғы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қазақстандық спортшылардың алдағы Олимпиадаға 100 жолдама алуды көздейтінін айтқан еді. Ал биылғы қыста жоспар 10 жолдамаға кеміді, яғни жолдамалар санын 90-ға жеткізу көзделіп отыр.

Алда Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын 50-ден астам турнир бар, оның ішінде сәуір айына 17 жарыс жоспарланған. Біз бүгінге дейін кімдер Париж Олимпиадасына жолдама алып үлгерді және тағы қай спортшыларымызға үміт арта аламыз деген мәселеге үңілдік.

Боксшылар әзірлікке кірісті

Бокстан еліміздің ерлер құрамасы соңғы екі әлем чемпионатын сәтті өткізді. 2021 жылы Сербияда 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иемденсе, былтыр Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем біріншілігінен 4 алтын және 1 күміс жүлдемен оралды. Сөйте тұра, Ханчжоуда өткен ХІХ жазғы Азиадада боксшыларымыз небәрі 1 жолдаманы місе тұтты. Атап айтқанда, ең жоғары салмақ дәрежесінде финалға дейін жеткен Қамшыбек Қоңқабаев қана алдағы Олимпиадаға жолдама ұтып алды. Өкініштісі, Ханчжоуда төрешілер тарапынан әділетсіздіктер болды және оның зардабын біздің спортшыларымыз да тартты.

Сондықтан 3-11 наурыз аралығында Италияда өткен іріктеу турниріне көп үміт артылған еді. Осы турнирде ерлер арасында — 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынып, Қазақстанның ерлер құрамасы 5 жолдамаға қол жеткізді.

Сонымен, бүгінгі күні ерлер құрамасы сапынан 6 боксшы алдағы Ойындарға әзірлікке кірісті: олар — Токио Олимпиадасының қола жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) пен Сәкен Бибосынов (52 кг), сондай-ақ құрама капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов (71 кг), әлем чемпионы Сабырхан Махмұд (57 кг) және егіз спортшылар — әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (80 кг) мен Азия чемпионы Айбек Оралбай (92 кг).

Бокстан ерлер құрамасы әзірге 63,5 кг салмақ дәрежесінде ғана Олимпиада жолдамасын ала алмай отыр. Әзірге дейтініміз, алда құрлықтық іріктеу турнирі бар. Ол 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Таиландта өтеді. Жолдама жолындағы соңғы жарысқа кімнің баратыны белгісіз. Ұлттық құрама бапкерлерінің мәлімдеуінше, алдымен 63,5 кг салмақ дәрежесіндегі еліміздегі үздік 6 боксшы арасында жекпе-жектер өткізіліп, соның қорытындысы бойынша шешім қабылданбақ. Бұл кіші турнир 8-10 сәуірде Астанада өтеді деп жоспарланған.

Бокстан әйелдер құрамасына келсек, олар Қытайда өткен Азиадада да, Италияда да сәтсіз өнер көрсетіп, бүгінгі күні небәрі 1 жолдама иеленіп отыр. Оның иегері — Карина Ибрагимова (57 кг). Қалған қыздарымыз Таиландта өтетін іріктеу турниріне әзірлік үстінде.

Мергендер — екінші орында

Жолдамалар саны жөнінен боксшылардан кейінгі екінші орында мергендер тұр. Мергендеріміз бүгінге дейін 5 жолдамаға ие болды. Олардың алғашқысын былтыр Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен әлем чемпионатында Ислам Сәтбаев ұтып алған еді. Ислам енді Парижде 10 м қашықтықтан пневматикалық винтовкамен оқ ату сайысында бақ сынайды. Сондай-ақ Арина Алтухова (50 м), Никита Черюкин (пистолет, 25 м), Александра Ле (50 м) және Константин Малиновский (50 м) сынды мергендеріміз де Парижге аттанғалы отыр. Ал алда тағы да іріктеу турнирлері бар.

Тарихи жолдама

Қазақ семсерлесушілері соңғы жылдары жайлап болса да, алға жылжып келеді. Былтыр бұл спорт түрінен ел тарихында алғаш рет әлем чемпионаты жүлдесінің төбесі көрінген еді: семсерлесуші Руслан Құрбанов Миланда өткен әлем біріншілігінде қола медаль жеңіп алды. Ал жуырда Грузия астанасы Тбилисиде өткен әлем Кубогы кезеңінде ұлттық құрама Париж Олимпиадасына берілетін командалық жолдамаға ие болды. Бұған дейінгі Олимпиадаларда қазақстандықтар осы спорт түрінен жекелеген сындарда өнер көрсетіп жүргенімен, командалық сынның жолдамасына қол жеткізіп көрмеген еді. Жарыста команда құрамында Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай болды.

Семсерлесушілер құрамасында бұдан бөлек, жекелеген спортшылар жеңіп алған үш жолдама бар.

Гимнастшылар үміті

Бүгінге дейін спорттық гимнастикадан — Милад Карими, ал батуттық гимнастикадан Данил Мұсабаев Олимпиада жолдамасын алып үлгерді. Милад 2023 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлем чемпионатында еркін жаттығу бойынша үздік үштікке еніп, сонымен қатар Олимпиада жолдамасына да ие болды.

Спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов та Париж жолдамасын алуы мүмкін. Ол үшін әлем Кубогы кезеңдерін үздік екі спортшының бірі ретінде аяқтауы керек. Қазір Нариман екінші орында тұр. Әлем Кубогының қорытынды кезеңі 13-21 сәуірде Катарда өтеді. Біздің гимнастшы осы жарыста өзінен кейінгі орында тұрған қарсыласы — тайбэйлік Ли Чи Кайды ұпай саны жағынан алға жіберіп алмайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ әлі де жолдамаға үміткерлер қатарында Ілияс Әзизов пен Дмитрий Потанин бар.

Батуттық гимнастикадан әлем Кубогының қорытындысы бойынша Данил Мұсабаев Олимпиадада өнер көрсететін спортшылар қатарына енді. Жалпы, Парижде бұл спорт түрінен үздік нәтиже көрсеткен 16 елдің өкілдері сайысқа түседі. Қазақстан бұл тізімге 14-орынмен ілігіпті.

Көркем гимнастикадан Афины (4-орын) және Пекин (5-орын) Олимпиадаларында жарқын өнер көрсеткен Әлия Юсуповаға лайық ізбасар әзірге шықпай тұр. Бұл спорт түрінен 2022, 2023 жылдардағы әлем чемпионаттарында Олимпиада жолдамасы сарапқа салынғанымен, біздің қыздарымыз үздіктер қатарынан көріне алмады. Ендігі үміт — мамыр айында Ташкентте өтетін Азия біріншілігінде сарапқа салынатын жолдамалардың біріне ілігу. Бұл жарысқа бапкерлер Эльжана Таниева мен Айбота Ертайқызын жібермек.

Балуандарда — екі жолдама

Париж Олимпиадасында балуандар грек-рим, еркін және әйелдер арасында, яғни күрестің үш түрі бойынша және әрқайсысында алты салмақта өнер көрсетеді. Барлығы 18 медаль жиынтығы сарапқа салынып, соған сай әр ел бұл спорт түрінен 18 жолдама ала алады. Ал бүгінде Қазақстан қоржынында 2 ғана жолдама бар: еркін күрес бойынша Азамат Дәулетбеков (86 кг) 2023 жылғы әлем чемпионатында қола жүлде, сонымен бірге Олимпиада жолдамасын да жеңіп алған еді. Грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) осы жарысты 5-орынмен аяқтап, Олимпиада жолдамасы үшін таласта әзірбайжандық Ислам Аббасовты жеңді.

Басқа балуандар жолдама жолындағы жарысты 19-21 сәуірде Бішкекте өтетін Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирінде жалғастырады. Оған баратын 16 балуанның тізімі жарияланды. Олардың арасында Ақтөбенің атынан өнер көрсетіп жүрген Юсуп Батырмырзаев та (еркін күрес, 125 кг) бар.

Ұлттық құрама сапында жүрген екінші ақтөбелік балуан Мейрамбек Қартбай бұл тізімге енбепті. Мейрамбек өткен жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетіп, одан әргі белдесулердің бәрінде (жартылай финалда, қола медаль және жолдама үшін өткен белдесулерде) жеңіліп қалған еді. Бұл жолы бапкерлер оны Бішкектегі іріктеу турниріне апармайды, алайда алдағы Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың тізіміне қосыпты.

Маусымның соңына дейін…

Бұлардан бөлек, бүгінге дейін садақ атушылар — 4, велоспортшылар — 3, қазіргі заманғы бессайысшылар — 2, жүзушілер (көркем жүзу) 1 жолдама алып үлгерді. Өткен наурыз айында Қытайдың Тайань қаласында өткен іріктеу турнирінен таэквандошылар Батырхан Төлеуғали (80 кг) мен Самирхон Абабакиров (58 кг) та Олимпиада жолдамасымен оралды.

Ал кейбір спорт түрлерінен жолдама иегерлері әлемдік беделді жарыстар қорытындысы бойынша рейтингтік тізім арқылы анықталатыны белгілі. Мысалы, дзюдо күресі бойынша рейтингтің басында тұрған 17 елдің спортшылары Олимпиадаға тікелей жолдама алады. Бұл спорт түріне Париж Олимпиадасына ұпай жиналатын жарыстар 2022 жылдың 24 маусымында басталып, биылғы маусымның соңына дейін жалғасады. Қазіргі рейтинг бойынша қазақ спортшылары арасында ең үздік нәтиже иегері — Әбиба Әбужақынова (48 кг). Ол өз салмақ дәрежесінде 4936 ұпаймен 4-орында тұр.

Ал бастапқы 17 спортшының қатарындағы дзюдошыларымыз: Нұрқанат Серікбаев (60 кг, яғни екі мәрте Олимпиада жүлдегері Елдос Сметовтің салмағы) — 15-орында; Данияр Шамшаев (73 кг) — 14-орында; Абылайхан Жұбаназар (81 кг) — 15-орында; ал Шархан Нұрлыхан (100 кг) — 17-орында, сонымен қатар қыздар арасынан Кәмила Берліқаш та (+78 кг) 17-орында тұр. Олардан бөлек Ғұсман Қырғызбаевтың да Олимпиада жолдамасына ие болуға мүмкіндігі бар, өйткені Ғұсман өз салмағында 19-орында болғанымен, бұл салмақта үздіктер қатарына бірнеше спортшысы енген елдер барын ескеру керек, яғни олар тізімнен алынып, кейін тұрғандар алға жылжиды.

Сондай-ақ Олимпиадаға ұпай беретін «Grand Slam» жарысы кезеңінің бірі 10-12 мамыр аралығында Астанада өтеді. Дзюдошылар арасында рейтингтік тізімнен бөлек, құрлықтық қосымша жолдамалар да таратылады.

Теннисшілер арасында да Олимпиадаға баратын спортшылар тізімі рейтинг кестесі негізінде түзіледі. Бұл кестедегі үздіктер қатарында Елена Рыбакина мен Александр Бублик бар.

Жеңіл атлетика бойынша әлі бірде-бір қазақстандық спортшы Олимпиада нормативін орындаған жоқ. Алайда ұлттық құраманың бас бапкері Дмитрий Карпов 10-нан астам спортшының жолдама алуға мүмкіндігі бар екенін айтып отыр. Сәуір айының өзінде осы спорт түрінен 5 іріктеу турнирі өтеді. Ал ескек есушілер де осы айда Жапонияда және Оңтүстік Кореяда өтетін іріктеу турнирлеріне аттанбақ.

Біз барлық қазақ спортшыларына сәттілік тілей отырып, бүгінге дейін Олимпиадаға жолдама алғандар қатарында өз өңіріміздің спортшылары жоқтығына алаңдаймыз. Өкінішке қарай, Ақтөбе — тәуелсіздік жылдарында Олимпиадада ең сәтсіз өнер көрсеткен өңірлердің бірі. Нақтырақ айтқанда, өз топырағымыздан шыққан бірде-бір спортшы осы кезге дейін ел қоржынына Олимпиада жүлдесін салып көрген жоқ. Ақтөбенің атынан құрамаға қосылып, Сидней Олимпиадасының чемпионы атанған Ермахан Ибрайымов — Жамбыл бокс мектебінің түлегі; Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Фархад Харки — Қытайдан, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев (Артас Санаа) — Ресейден шақырылған легионер спортшылар. Ал осы жолы қалай болар екен?..

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button