Мәдениет

Майра Дәулетбақ: Джаз музыкасының жаттығы жоқ

Өнер

Ақтөбеде өткен халықаралық «Актобе- jazz-2011» фестиваліне қазылар алқасының мүшесі болған  танымал вокал, джаз, эстрада әншісі,  ҚР өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнері университетінің эстрада және джаз кафедрасының меңгерушісі Майра Дәулетбақпен жолығып, фестивальға  қатысушылардың өнері хақында пікір білдіруді сұраған едік.

— Сіздің ойыңызша фестиваль қалай өтті?

— Джаз музыкасының мерекесіне айналды деуге болады. Жан-жақтан келген кәсіби музыканттардың өнерін тамашалаған көрермендер де бір серпіліп қалды. Бұл фестиваль  халықаралық деңгейде төртінші рет өткізіліп отыр екен. Оған Голландияның мақтанышы, джаз пианисі, композитор әрі музыка өңдеуші Майк дель Ферроның қонақ ретінде қатысуының өзі бір ғанибет. Ол — Еуропада жиі өткізілетін  джаз музыкасын орындаушылар конкурстарының жеңімпазы, оның өз шеберханасының қыр-сырымен таныстыруы жас музыканттар үшін нағыз шеберлік сабағы болды деп ойлаймын. Алғашқы күні  Америкадан, Астанадан, Алматыдан, Уфадан, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінен келген өнер ұжымдары  өнер көрсетті.

Нью-Йорктен келген  Пол Беодридің квартетінің ерекшелігі — қазақтың халық әні «Қамажайды»  джазға лайықтап өңдеп,  суырыпсалмалықпен керемет орындап шыққандығы болды. Әрі  халықтық музыкаға еш нұқсан келмеген.

Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің  5 жігіт, 1 қыздан тұратын «Jango» аспаптық тобының өнері де көңілден шықты. Біздің университетте гитара бөлімінде оқитын студенттердің аспаптық тобының тұсауы жақында ғана кесілген еді.

Ал қазақ өнерінде отыз жылдан бері өзіндік орны бар «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық  ансамблі  домбыра, сазсырнай, қобыз, дауылпаз, саксофон сияқты аспаптармен    шығармаларды джазға бейімдеп орындағанда, бойымызды қуаныш кернеді. Джазға бейімдеп өңделген халық әні «Алқоңыр»,  «Ақбұлақты» тыңдағанда маған мынадай ой келді:  Құр сөзбен «Патриот болу керек» дегеннен гөрі  жас ұрпақты өршіл рухты музыкамен тәрбиелеу керек екен. Мынау соның нақты көрінісі іспетті. Қазақ ұлт аспаптарының шеруі, халық әндерінен жасалған попурридің де жөні бөлек болды.

«Сазген сазының» құрамы жасарыпты, тек бас домбырада ғана бұрынғы музыкант ойнайды екен. Джаз ырғағына беріліп кеткен қазылар алқасы мүшелері «Сазген сазының» өнеріне тәнті болды. Бұл ансамбльде орындалған шығармаларды өңдеген Яков Ханның: «Әуелде ұлттық музыканы джазға бейімдегенде  музыканттар онша ыңғай бермеді, соңынан өздерінің көңілдерінен шыққан шығар, «Бұдан былай тек осылай ойнайтын боламыз» деп қуанды» деп айтқаны бар. Яков Хан — Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, дирижер, өңдеуші, осы фестивальде қазылар алқасының мүшесі болды.

— Халық әндерін эстрадаға бейімдегенде кейде  артық қыламыз деп тыртық қылатын кездер болады.  «Сазген сазының» орындауындағы шығармалардан ондай байқалмады ма?

—  Жоқ, керісінше, халықтық музыканың ажарын ашып жібергендей болды. «Сазген сазы» джаз фестивалінің жаңалығы болды деп айта аламын. Егер ондай жағымсыз әсер болса, көрермендер залында отырғандар шығып жүре берер еді. Бұл, бір жағынан, өңдеушінің шеберлігіне, сезімталдығына, шектен асырып жібермеуіне байланысты шығар.  Джаз музыкасының құдіреті  сонда,  ол бір шығарманы қалыпқа салып қоймайды, музыканттың  құлашын кең сермеуіне,  ой еркіндігіне, жанынан суырып салуға мүмкіндік береді.

Уфадан келген  Загир Исмагилов атындағы Мемлекеттік өнер академиясының «Happy People» тобы өнер көрсетті. Топтағы алты жігіт орындаған шығармаларды да халық өте жақсы қабылдады.

Астанадағы Мемлекеттік филармония  жанындағы «Jazz soud» вокалды квинтеті  таза дауыспен орындаған халық әні «Бір бала», Естайдың «Құсни-Қорланы» ерекше есте қалды. Ташкент қаласындағы Мемлекеттік консерваторияның «Stardust» саксофон квартетіндегі 4 жігіт те шебер орындайды, дегенмен олардың  фонограмманы пайдаланғаны ұнамады.  Қырғызстаннан келген  «Эльшахнур» тобының талабы жақсы, тек әлі де тәжірибе, шеберлік жағы кемшін соғып жатыр.

Мәскеуден келген Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының джаз музыкасының квартеті өз бағдарламасын ұсынды, ондағы  жастардың орындаушылық деңгейі жоғары.

Екі күн бойы қазылар алқасының мүшелері  қатысушыларға баға беру туралы ойлаған жоқпыз, кәсіби музыканттар орындаған шығармаларын тыңдаудан қолымыз тимеді. Фестиваль біткеннен соң ғана бағалауға мүмкіндік туды.

Қазылар алқасы Бас жүлдені «Сазген сазына» ұйғарған кезде бәріміздің ойымыз бір жерден шыққанына таң қалдық.

— Джаз музыкасының тыңдаушылары бар ма екен?

— Бес-алты жылдан бері болып келе жатқан фестивальді асыға күтіп жүретін тыңдаушылары бар екенін байқадық. Мұның өзі Ақтөбеде джаз музыкасынан хабардар  көрермен  қалыптасқандығын көрсетеді. Оның үстіне бұл қалада Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжі, жоғары оқу орындарында музыка факультеттері бар. Солардың да әсері бар шығар.

Екі күннің алғашқысында жиылған халық  бастан-аяқ тапжылмай отырып көрді. Екінші күні адам көп болмас деп ойлағанмын, керісінше, алдыңғы күнгіден де көп келді. Соған қуанып отырдым.

— Енді өз шығармашылығыңызбен таныстырып өтсеңіз. Жақында Бақтияр Тайлақбаев екеуіңіз «Екі жұлдыздан» да көрініп қалдыңыз.

— Иә, Бақтияр екеуміздің біраз жоспарымыз бар еді, қатардан тез кетіп қалдық. Темірбек Жүргенов атындағы  өнер академиясының музыкалық комедия бөлімін  оперетта театрының актрисасы, эстрада әншісі мамандығы бойынша бітіргенмін. Алайда Қазақстанда әлі күнге оперетта театры  ашылған жоқ.  Халық артисі Кәукен Кенжетаевтың шәкіртімін.

Біз оқуды бітірген жылдары қоғамда үлкен өзгерістер болып жатты. Курстастарымның біразы кәсіби сахнаны тастап кетті.  Өзім сүйген кәсібімнен қол үзбеуге тырысып бақтым, қиындығына шыдадым. Академияны бітірген соң мені  «Қазақконцертте» қалдырған еді, сол жерде 25 жыл бойы әнші болып, талай жерді араладым.

Қазір Астанаға қызмет ауыстырып барып жатырмын.   Қазақ Ұлттық өнер университетінің эстрада және джаз кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасаймын. Әншілік өнерімді жалғастырып жүрмін.

— Сіздің диапазоны кең әнші екеніңізді білеміз, даусыңыз қуатты, эстрадалық әндерді ғана емес, классикалық әндерді, джазды да орындайсыз. Өнер жолын таңдауыңызға не әсер етті?

— Жасымнан өлең айтқанмен, өнер жолына түсемін деп ойламаппын. Менің әкем Тұрлыбек баритон дауысты керемет әнші адам болды, Саратовтағы консерваторияда оқыған, бірақ әжеміз  оқуын бітіртпей елге  қайтарып алыпты. Бірақ құдай берген өнер қалмайды ғой, әншілігі өзіне өмір бойы серік болды.

Мен мектеп бітіретін жылдары станок жанындағы жіп иіретін қыздардың еңбегі көп насихатталды, неге екенін қайдам, соларға қатты қызықтым, кәсіби техникалық училищені қаладым. Алматыдағы №33  училищеге түсіп оқып жүрдім,  сондағы ансамбльде әнші болдым. Алматыдағы байқауларға қатысып, ылғи бірінші орынды жеңіп алатынмын. Бір жылдан соң өкпеме суық тиіп ауырып, оны тастап кеттім.  Мені байқауларда  көзі шалған  Кәукен ағамыз қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына шақырды.

— Қазір болар-болмас дауыспен эстрада әншісі болып  теледидар бетін бермейтіндер көбейді.  Ондайларға қалай қарайсыз?

— Әрине, көріп жүрміз ондайларды. Опера, джаз, эстрада әншілерінің насихаты аз, қазір клиптің заманы, бәрі ақшаға тірелген заман. Табиғат күшті  дауыс берген  нағыз әншілерге оңай емес екенін білемін…

Сонда да клип түсіргенше, ел алдында өнер көрсетейін деген ниетпен Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы Конгресс-холлда жеке концертімді бердім. Халық жақсы қабылдады.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында төрт жыл шәкірт тәрбиелеумен айналыстым. Мәриям Думанова, тағы да басқа шәкірттерім сахнаға шығып жүр.

 

«Актобе- Jazz-2011» фестивалі аяқталды

Ақтөбеде өткен  халықаралық «Актобе- jazz-2011» фестивалі мәресіне жетті.

Қазылар алқасы  екі күн бойы Ақтөбені әсем әнмен әлдилеп, әдемі әуенмен әрлеген фестивальдің жеңімпаздарын анықтады.  Бас жүлде  бірауыздан «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне берілді.

Бірінші орынды Мәскеудің Гнесиндер атындағы Ресей  музыка академиясының джаз музыкасы квартеті мен Астананың «Jazz sound» вокалды квартеті бөлісті.

Екінші орынды Уфадан келген З.Исмагилов атындағы Мемлекеттік өнер академиясының «Happi Peoples» тобы мен Ташкент қаласының «Stardust» саксофон квартеті алды.

Үшінші орынды астаналық «Jango» аспаптық тобы мен Бішкектен келген «Эльшахнұр» иеленді.

«Үздік гитарашы» номинациясына Астанадан келген Ким Чан Ку, «Үздік пианист» номинациясына уфалық Э.Муфазаров, мәскеулік А.Третьяковтар лайық деп табылды. «Үздік саксофоншы» номинациясы Ташкеннен келген А.Хайдаров пен мәскеулік А.Баязитовтарға бұйырды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button