ҮЗІЛГЕН ҮМІТ Грекия-Қазақстан — 5:0
Еуропа чемпионаты-2024
5 допқа 1 доппен болса да жауап қайтаруға мүмкіндік берілмеген ең маңызды ойын осылай аяқталды. Рас, күдіктер болды, үміттер де жоқ емес еді. Дегенмен Қазақстан тап 5:0 есебімен ұтылатындығын ешкім болжаған жоқ-ты.
Өткен жылы 26 наурызда 0:2 есебімен ұтылып жатып Данияның қақпасына екінші таймда үш гол соққан осы қазақстандықтар еді. Осы қазақстандықтар Солтүстік Ирландияны да екі рет жеңіп еді. 17 қазанда ұтылып жатып сырт алаңда Финляндияны да ұтқан осы жігіттер болатын.
Сондай мықты жігіттердің мына ұтылысы еш ақылға сыймай қойды. Не болса да, өткен өтті. Бәрін бүлдірген — бас төреші Данни Маккели (Нидерланды) тағайындаған пенальти. Сол пенальтиі түспегірдің әділ болғандығына біршама жұрт күмәнмен қарады. Бас төреші BAR-ды да қарамады. «Кінәлі» Бағдат Қайыровтың уәжіне құлақ асқысы да келмеді. Айтты, бітті. 9-минут. Гол. Игорь Шацкий доптың бағытын аңғарып қап, атыла ұмтылғанымен еш айла жасай алмады. Мейлі ғой. Бір гол аса трагедия емес еді. Дегенмен осының ізінше екінші голдың соғылуы, оны баспен соққан футболшыға еш қорғаушымыздың бөгет жасай алмауы, бөгет жасаудың орнына қорғаушыларымыздың әр жерде аңырып тұрып қалуы жанкүйерлерді кәдімгідей ойландырып тастады. Рас, бұдан соң біздің Ислам Чесноков жасаған тамаша соққыдан соң доп гректердің қақпасын жалап өтті де, кеудемізде үміт оты қайта тұтанды. Дегенмен қарсыластардың бар-жоғы екі пас арқылы үшінші голды соғуы, жігіттеріміздің тағы да сақалды қолдан беруі біздің қорғанысымыздың әлсіздігін анық байқатты. Ал 40-минутта тағы да гректердің футболшысы тағы да өзін қоршаған біздің алты бірдей қорғаушымыздың ортасынан суырыла шығып нысананы баспен дәл көздеуі ойын тағдырының біржола шешіліп болғанынан хабар берді.
Рас, екінші таймда Қазақстан құрамасы ойыншыларының қимылына жан бітті. Грекия қақпасын нысанаға ала бастады. Бірақ 87-минутта Еркін Тапаловтың өз қақпамызға гол соғып алуы бұдан әрі қызықтайтын ештеңе қалмағанын мойындатты.
Дегенмен жігіттеріміз 0:5 есебімен ұтылып жатса да, қарсыластың қақпасына қарай өршелене ұмтылуы түпкі мақсатқа әйтеуір бір жетуден әлі түңіле қоймағандарын аңғартты. Дегенмен екінші таймда гректердің жан сала ойнай да қоймағанын ұмытпаған мақұл. Оларды алда тағы бір маңызды ойын күтіп тұр еді, сол ойынға күш сақтаған сыңайлы. Солай дегенде де Грекия құрамасының футболшылары Еуропаның небір танымал клубтарында ойнайтыны үлкен рөл атқарғаны даусыз. Ал біздің жігіттер, негізінен, өзіміздің чемпионатпен шектелетіндіктен көп нәрседен «таяқ жеді». Оның үстіне бұлар биылғы чемпионатта әлі ойнап та жарытқан жоқ, яғни онсыз да аз тәжірибеге биыл ештеңе қосып үлгерген де жоқ, сөйтіп, олай да, былай да ойқастаған алаң иелеріне ілесе алмады. Ал Грекияның сайыпқырандары бөрікпен ұрып алуға келмейтін жігіттер екені ескерілмей қалған секілді. Әрі-беріден соң гректер қонақтарды тұтас команда болып тықсырған да жоқ, тек жеке орындаушылар сауатты қимылдай білді. Әсіресе біздің қақпаның сол жақ қапталынан төнген қауіп сейілмей қойды. Жалпы қазақстандықтардың бұл кездесуде өздеріне деген психологиялық сенімділігі аз болғаны көрініп тұрды. Доптан айрыла салу, орта жолдан қақшып түсуге болатындай пастардың жолын кесуге ұмтылыстың аздығы, өзіміздің ішкі чемпионаттағыдай ретсіз «ақырын жүріп, анық басу» мынадай аламан жарыста пайдаға аспайтынын жігіттеріміздің қалайша білмегеніне таңғалуға тура келеді. Кей мамандар бұл кездесуде Нұрәлі Әліп, Сергей Малый, Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан болмағанын, қысқасы, біздің командаға барлығын біріктіріп ұстауға тиіс «көсем» жетіспегенін айтып жатыр. Қалай болғанда да, мәселе жеке футболшыларда емес, ең әуелі, команданың тұтастығында еді.
Сонымен, осылайша айда аспанға шығарып тындық.
Қалай болғанда да, бұл кездесуде де, бұрын да екі адамды даусыз мақтауға болатыны анық: бас бапкер Магомед Адиев пен қақпашы Игорь Шацкий. М.Адиев бас бапкер боп келген азғантай уақыттың ішінде Қазақстан футболын жаңа белеске шығарды. Алдымен қазақстандық жанкүйерлер біздің құрамамыз тіпті мығым деген құрамаларды да жеңе алатындығына сенді. Ал Игорь қай кездегідей бұл жолы да шеберліктің үлгісін көрсете білді. Бұл ойында да қақпаға бес гол жіберіп алғанына қарамастан, ең үздіктердің бірі атанды.
Грекия-Казахстан — 5:0
Гол авторлары: Анастасиос Бакасетас, пенальти, 9-минут; Димитриос Пелкас, 15-минут; Фотис Иоаннидис, 37-минут; Димитриос Курбелис, 40-минут, Еркін Тапалов, 87-минут (автогол).
Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Ян Вороговский, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин, Марат Быстров, Бағдат Қайыров (Еркін Тапалов, 46-минут), Абзал Бейсебеков, капитан (Әділет Садыбеков, 46-минут), Бактиер Зайнутдинов, Ислам Чесноков (Александр Зуев, 67-минут), Эльхан Астанов (Рамазан Оразов, 46-минут), Максим Самородов (Абат Айымбетов, 77-минут).
Бас бапкер — Магомед Адиев.
22 наурыз 2023 жыл. Грекия, Афины қаласы, «Айя-София» стадионы.
Е.АХАТҰЛЫ.