Басты жаңалықтар

ҚАЙСАР ПРОФЕССОР

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова сынды қазақтың ержүрек қыздарының қатарында Халида Маманованың да есімі мақтанышпен аталуға тиіс.

Соғысқа ол әскери дәрігер ретінде қатысты.

Халида Маманова 1918 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданының Қараағаш ауылында дүниеге келді. Әкесі Есенғұл Маманов — еліміздегі алғашқы мектептердің іргесін қалаушы ірі байлардың бірі. 1928 жылы бұл отбасы қудалауға ұшырап, Ресейдің Пенза облысының Сергеевка селосына жер аударылады, ал 1931 жылы Чкалов (Орынбор) қаласына көшірілді. Халида 14 жасқа келгенде әкесі мен екі бауырынан айырылып, кейіннен анасы төрт баламен Алматы қаласына оралған. Халиданың өзі орта мектепті Орал қаласында аяқтап, Семей фармацевтикалық техникумына түскен, бірақ «халық жауының қызы» ретінде алдымен — комсомолдан, одан соң техникумнан шығарылып, оқуын аяқтай алмады. Оның үстіне оқу орнынан берілген мінездемеге де «жоғары білім алуына қажеттілік жоқ» деп жазылыпты, ал сол заманда бұл әрі қарай оқуына мүмкіндік бермейтін үкіммен бірдей болса керек. Алайда қайсар қыз Халида 1936 жылы дайындық курсын аяқтап, сол арқылы келесі жылы Молотов атындағы Қазақ мемлекеттік медицина институтына түсті. 1941 жылы осы институтты мерзімінен бұрын аяқтады. Емдеуші дәрігер мамандығын алған Х.Маманова алғашында Мәскеуден эвакуацияланған КСРО Ғылым Академиясының физиология институтына аспирант-физиолог ретінде қабылданды.

1942 жылдың 13 ақпанында ол Қызыл Армия қатарына шақырылып, дәрігерлердің резервтік полкінде даярлық курсынан өткен. Бұдан соң Оңтүстік-Батыс майданға жіберілді. Бірақ құжатындағы «халық жауының қызы» деген белгі қызметтік (жауынгерлік) мінездемесінің бұрмалануына себеп болып, Халидаға алғашқы әскери шен берілмейді. Сөйтіп, ол Сталинге арыз жазып, өз еркімен айып батальонына сұрануға мәжбүр болды. Бірнеше ай айып батальонында саяси тұтқындар мен қылмыскерлер арасында соғысқа қатысып, содан кейін ғана оны 2-Әуе армиясына ауыстырған, сөйтіп, әскери қызметін 24-авиация базасы ауданының 821-батальонында жалғастырды.

Дәрігер Маманова өз естелігінде: «Жауынгерлік тапсырмамен аттанған ұшақтардың қайтып келуін күтетінбіз. 6-10 ұшақ кетіп, олардың 2-3-еуі ғана кейін қайтып оралатын. Әуе ұрысы аяқталған соң, жаралыларды іздеп тауып, тасымалдап, емдеп, оларды әуеге қайта жөнелту үшін ұрыс даласына да жиі аттанатынбыз», — деп жазды. Мелитополь елді мекенінің түбінде Халида Маманованың өзі де сол жақ қолынан жарақат алған.

24-авиация базасы ауданының бастығының оған берген мінездемесінде: «Аэродромға қызмет көрсететін 821-батальонның дәрігері Х.Маманова басқарған амбулатория 1943 жылдың тамыз айына дейін 17 аэродромдық және алғы шеп комендатураларында 18 000 амбулаторлық жаралыны емдеді» деп жазылған.

1943 жылдың тамыз айында, яғни майданда қызмет етіп жүргеніне 1,5 жыл уақыт өткен соң ғана дәрігер Халида Мамановаға 3-рангтегі әскери дәрігер ретінде алғашқы әскери шен берілді. Сталинград шайқасында көрсеткен ерлігі үшін ол «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды.

1943 жылдың тамыз айында 2-Әуе армиясы 24-авиабазасының бас гинекологі лауазымына тағайындалды. ­Өйткені соғыс басталысымен майданда әйелдер  көмегіне мұқтаждық туған еді. Ең алдымен әйелдер медициналық-санитарлық батальондарға, далалық жылжымалы госпитальдерге дәрігер, медбике, кіші медициналық қызметкер ретінде шақырылды. Кейіннен қыз-келіншектер байланыс қызметкерлерінің, жауынгерлік бөлімдердің қатарын толықтырды. Мысалы, әуе қорғаныс күштерінде бірнеше авиация полкі толығынан жас қыз-келіншектерден жасақталды. Мәлімет бойынша майданда 800 мыңнан астам қыз-келіншек медициналық бақылауда болған.

24-авиация базасы ауданының бастығы полковник Аксеновтің берген жауынгерлік мінездемесінде: «Бас гинеколог, медицина қызметінің аға лейтенанты Х.Маманова 1943 жылдың тамызынан бастап әскери бөлімдерге 216 рет барып, әскери қызметтегі 11 200 әйелді тексеруден өткізді. 1482 әйелге медициналық көмек көрсетті және емдеді. 394 жүкті әйелдің тылға уақтылы эвакуациялануын қамтамасыз етті. 128-әйелдер гигиенасы бөлмесінің жұмысын ұйымдастырды, санитарлық-гигиеналық сипаттағы тақырыпта 584 дәріс оқыды. Нәтижесінде әскери қызметтегі әйелдер арасында жұқпалы ауру таралуының алдын алды» деп жазылған. Халида Есенғұлқызы 1945 жылдың желтоқсан айына дейін әскер қатарында болды.

1945 жылы медицина қызметінің капитаны Х.Маманова «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 1946 жылдың ақпан айында ол Молотов атындағы Қазақ мемлекеттік медицина институтына қайтып оралды. Осы институттың патологиялық физиология кафедрасының ассистенті ретінде жұмысқа қабылданып, көп ұзамай өзінің ғылыми жұмысының эксперименталдық бөлімін аяқтап, кандидаттық диссертация қорғауға дайындыққа кірісті. Бірақ 1950-1952 жылдары саяси қуғын-сүргіннің екінші толқыны, соның ішінде «дәрігерлер ісі» де басталды. «Халық жауының» қызы, байдың тұқымы Халида Маманова да қуғын-сүргінге ілігіп, жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, ғылыми жұмыстан бірнеше жылға шеттетілді.

Тек 1954 жылы ғана атақты ғалым-патофизиолог, профессор О.Глозманның ұсынысымен Қарағанды мемлекеттік медицина институтының қалыпты физиология кафедрасына оқытушы болып қабылданды. Сол жылы «Қалыпты жағдайдағы және кейбір аурулар кезіндегі гемаглютинация» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

1959 жылдың тамыз айында патофизиология кафедрасын ұйымдастыру үшін Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына шақырылды, ал 1961 жылы «патофизиология кафедрасының доценті» ғылыми атағына бекітілді. 1977 жылға дейін сол кафедраның  меңгерушісі болып еңбек етті.

Халида Маманова 1969 жылы Москва қаласында «Изогемагглютинин мен гетерогемаглютининдер адам және жануар реактивтілігінің ерекше емес факторлары есебінде» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. КСРО Жоғарғы білім  министрлігінің жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен Х.Мамановаға «медицина ғылымының докторы», «медицина ғылымының профессоры» ғылыми атақтары берілді.

Ол — 50-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Оның басшылығымен бес адам кандидаттық  диссертация қорғады. Х.Маманованың ғылыми еңбектері шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын туғызып, бірнеше рет ғылыми іс-шараларға шақырылды. Бірақ шетелге шығу құқығы шектелуіне байланысты Парижде өткен халықаралық Конгресте оның еңбегін профессор О.Глозман баяндаған.

Профессор Халида Маманова қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысты, емдеу факультетінің деканы, жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы, қалалық кеңес депутаты болды.

1965 жылы, жергілікті партия басшылығының «ұлтшылдық белгісі бар» деген желеумен қарсылық көрсетуіне қарамастан, Ақтөбе мемлекеттік медицина институты қабырғасында халық аспаптары оркестрін құрды. Жоғары оқу орнында еңбек етіп жүрген жылдарында «Құрмет Белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен  марапатталған.

Профессор Халида Маманова 1977 жылдың маусымында шетелге бірінші рет шығып, атап айтқанда, Болгарияның «Золотые пески» демалыс үйіне турист есебінде барып, сонда көз жұмды. Кейін сүйегі елге жеткізіліп, Ақтөбе қаласындағы қорымға жерленген.

Х.Маманованың шәкірті, ҚР Ұлттық Академиясының академигі, медицина ғылымының докторы, профессор Раиса Көзденбаева: «Менің ұстазым, Ұлы Отан соғысы ардагері Халида Есенғұлқызының тағдырының ащы да даңқты екенін, талай қиындыққа, тәлкекке мойымаған ержүрек, қайсар мінезді жан екенін оны жақсы білетін адамдардан 2001 жылы өткен еске алу кешінде ғана естідім», — деп жазды.

2005 жылы профессор Халида Маманова тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды, ал 2006 жылы Ақтөбе қаласының Оңтүстік-батыс ауданындағы көшелердің біріне оның аты берілді. Профессор Халида Маманованың соғыс кезіндегі ерлігі мен бейбіт күнде денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру жолындағы қажырлы еңбегі, күреске  толы ғұмыры жастарымыз, соның ішінде әсіресе жас дәрігерлер үшін Отанға мүлтіксіз қызмет етудің нақты үлгісі болуға тиіс.

Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының патологиялық физиология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор  Халида Маманованың қасіретке, күреске толы өмірі, майдандағы және ғылым жолындағы жетістіктері мен жеңістері әлі де терең зерттеліп, зерделенуі қажет.

Ғабит ҚАРАСАЕВ,

М.Оспанов атындағы БҚМУ бас маманы,

медицина қызметінің отставкадағы подполковнигі.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button