Басты жаңалықтарДенсаулық

ТУБЕРКУЛЕЗ — ЖАЗЫЛАТЫН ДЕРТ

Туберкулезге шалдыққандардың жартысы — 18 бен 44 жас аралығындағы адамдар. Ауруы уақтылы анықталып, дер кезінде ем алмаса, әр науқас осы қауіпті дертті жылына 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін.

Туберкулез тұқым қуаламайды. Ауру тарататын бактериялар науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауаға таралып, сол арқылы басқа адамдарға жұғады. Туберкулез ағзада, негізінен, өкпені зақымдайды.

Қандай жағдайларда адам туберкулез дертінен күдіктенуге тиіс? Дене қызуы көтеріліп, жөтел екі аптадан астам уақытқа созылса; кеуде тұсы ауырып шаншыса; көп терлеп, жүдеп кетсе; тәбеті төмендесе және қатты шаршап, өзін үнемі әлсіз сезінсе, дереу тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерге қаралуы керек. Ауру неғұрлым ерте анықталса, айығып кету мүмкіндігі де жоғары болады. Туберкелез — емделетін дерт және одан тегін емделеді.

Туберкулездің алдын алу жолдарына келсек, жас балалар үшін ең негізгісі — БЦЖ вакцинасын алу. Бұл вакцина перзентханада салынады, ал қандай да бір медициналық көрсеткіштерге байланысты перзентханада егілмеген жағдайда, екі ай ішінде жергілікті емханаға барып егілу керек. Қауіпті топтағы 6-7 жастағы, 14 жастағы балаларға ревакцинация жасалады, бірге тұратын жақындарының арасында туберкулезбен ауыратын жандар болса, ондай балаларға жылына бір рет Манту сынамасы егілуі қажет.

Аурудың алдын алудың ең басты жолы — салауатты өмір салтын ұстану. Уақытында демалу, құнарлы ас, зиянды әдеттерден аулақ болып, үй ішінде тазалықты сақтау, таза ауада жиі болу аурудың алдын алуға көмектеседі.

Қ.ҚАЖЫҒАЛИЕВ,

Шалқар аудандық ауруханасының фтизиатры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button