Басты жаңалықтарДенсаулық

«Ұйқыдағы» туберкулез

«Ұйқыдағы» туберкулез немесе жасырын туберкулез инфекциясы туберкулез микобактериясын жұқтырып, бірақ оның белсенді түрімен ауырмайтын ауру.

Сол себепті оны кейде «ұйқыдағы» туберкулез деп атайды, өйткені туберкулез бактериялары ағзада болады, бірақ олар белсенді болмайды және көбеймейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметінше, жер бетіндегі халықтың 4/1 бөлігінде жасырын туберкулез инфекциясы бар. Бұл инфекцияның қауіптілігі сол — кей жағдайда адамдар күтпеген жерден туберкулезбен ауырып қалуы мүмкін, соның ішінде балаларда алғашқы инфекция жұқтырған сәтінен бастап бес жыл ішінде туберкулез ауруы дамуы мүмкін. Сондықтан елімізде туберкулездің жасырын инфекциясы «оянып», оның аурудың белсенді түріне ауысып кетпеуін төмендету мақсатында тиімді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі — профилактикалық емдеу ауқымын кеңейту. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, 60-90% тиімді жүргізілген профилактикалық ем туберкулез ауруын болдырмайды.

Елімізде бұрын тек жасырын туберкулез инфекциясына балалар мен жасөспірімдерге тексеру жүргізіліп, сәйкесінше профилактикалық ем тағайындалса, 2020 жылдан бастап ересектерден анықтауды да жүзеге асыра бастады. Оған барлық ересектер емес,  туберкулезбен ауырып қалу ықтималдығы жоғары, белгілі бір диспансерлік есепте тұратын науқастар жатады. Олар: туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар, АҚТҚ жұқтырған ересектер мен балалар, ісік некрозы факторларының ингибиторларымен емдеуді бастайтын, иммуносупрессивті терапия (глюкокортикоидтар, цитостатиктер және басқалар) алатын, диализдегі, ағзаларды транспланттауға немесе гематологиялық транспланттауға дайындалатын науқастар, силикозбен ауыратын науқастар. Осы аталған есепте тұратын науқастар жыл сайын жасырын туберкулез инфекциясына тексеруден өтіп тұруға тиіс.

Жасырын туберкулез инфекциясын анықтау үшін рекомбинантты туберкулез аллергені бар сынама немесе диаскен тест тапсырады. Сондай-ақ ауруды анықтау үшін қан үлгісіне QF сынамасы қолданылады. Сынама жасау үшін науқас әуелі флюорографиялық немесе рентгендік тексеруден өтуге тиіс. Ондағы мақсат — кеуде қуысы мүшелерінің тазалығына және өкпеден тыс мүшелер туберкулезінің жоқтығына көз жеткізу.

Жасырын туберкулез инфекциясын анықтау шаралары иммунологиялық сынама нәтижесіне байланысты. Егер сынама оң мәнді болса, онда науқаста жасырын туберкулез инфекциясы бар деп танылып, сәйкесінше профилактикалық ем тағайындалады. Сынама нәтижесі теріс мәнді болса, профилактикалық ем жүргізуге көрсеткіш жоқ. Ем алу ұзақтығы — 3 айдан 6 айға дейін. Емді тегін және амбулаториялық жағдайда қабылдай бересіз.

 

 Гүлжанат ДАБЫЛОВА,

№1 қалалық емхана фтизиатры.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button