АЛЛЕРГИЯ ЕМДЕЛЕ МЕ?
Ақтөбе қаласындағы Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холда «Аллергология, иммунология және пульмонологияның пәнаралық аспектілері» атты ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференция өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Ақтөбе медицина орталығы және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті бірлесіп ұйымдастырған іргелі іс-шараға еліміздің белгілі ғалымдары мен дәрігерлерімен қатар, Ресей мен Украинаның профессорлары да қатысты.
Конференцияда аллергияның алдын алу, емдеу терапиясының заманауи әдістері талқыланды.
Тегін диагностика
Конференцияның ашылу салтанатына бейнебайланыс арқылы қосылып, сөз сөйлеген Денсаулық сақтау вице-министрі Вячаслав Дудник аллергиялық аурулар бүгінде күрделі медициналық-әлеуметтік проблемаға айналып тұрғанын айтты.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қазір әлем халқының 40 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді. Біздің елде халықтың 35 пайызының аллергиясы бар. Жыл сайын республикада аллергиямен ауыратындардың саны 4-5 мыңға артып тұр, — деді вице-министр.
Вячаслав Дудниктің айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Денсаулық сақтау министрлігі тегін диагностика көлемін арттырды. Осылайша бүгінде сақтандырылған қазақстандықтар үшін молекулалық аллергия диагностикасы қолжетімді.
— Оқыту және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бірте-бірте жақсарып келеді. Қалалық, облыстық ауруханаларда мамандандырылған аллергия бөлімдері ашылып жатыр. Аллерголог, иммунолог, пульмонолог және басқа мамандардың пәнаралық көзқарасы жағдайы күрделі науқастарды емдеудің кілтіне айналады, — деді Вячаслав Дудник.
Одан соң конференцияның ашылу салтанатында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева, Ақтөбе медициналық оратылығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев сөз сөйледі. Халықаралық конференция барысында шетелден келген медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар баяндамалар оқыды. Олардың қатарында Мәскеу қаласынан Ресей халықтар достығы университетінің клиникалық иммунология, аллергология және адаптология кафедрасының меңгерушісі Наталья Татаурщикова, Украинаның Харьков қаласындағы ұлттық медицина университетінің №2 ішкі медицина және аллергология кафедрасының профессоры Володимир Бабаджан, Ресей федералдық медициналық-биологиялық агенттігі Пульмонология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Заурбек Айсанов, сондай-ақ Алматы қаласының бас аллергологі, профессор Таир Нұрпейісов және басқалары бар.
Есепте тұрсаңыз…
Маусымдық немесе тағамдық аллергияны емдеу керек пе? Әлде ол өздігінен кете ме, дәрігерге міндетті түрде қаралу керек пе? Осы секілді сұрақтарымызды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің кафедра доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, облыстың штаттан тыс бас аллергологі Замза Хайруллинаға қойған едік.
— Маусымдық аллергия — иммундық жүйеде бұзылыс бар екенін білдіретін бірінші белгі. Егер емделмейтін болса, пациенттердің көпшілігінде ауыр атопиялық дерматит немесе созылмалы ауру — қолқа демікпесі дамуы ықтимал әкеледі. Демікпе ауруы науқастың өмір салтына айналып, тіпті бұл мүгедектікке немесе өліммен аяқталуы мүмкін, — деп түсіндірді Зәмза Хайруллина. Сондай-ақ ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір әлемде қолқа демікпесіне шалдыққандар саны 360 миллионнан асатынын айтты.
— Біздің елде 109 мыңнан астам адам емханалардан ингаляторлар мен дәрі-дәрмектерді тегін алады. Науқастарды емдеуге кететін шығынның көп бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр. Егер адам қолқа демікпесі бойынша диспансерлік есепте тұрса, оған тіркелген жеріндегі емханада тегін дәрі-дәрмек беріледі. Негізгі терапияға арналған бір ингалятордың бағасы 15-25 мың теңге аралығында болса, науқасқа бір жыл ішінде он шақты ингалятор қажет болуы мүмкін. Есепте тұрған балаға да дәрі тегін беріледі, — деп қосты Зәмза Хайруллина.
Конференцияда айтылғандай, аллергия ауруын тудыратын көптеген себеп бар. Олар — асқазан-ішек жолдарының аурулары, эндокриндік жүйе, гельминтикалық инвазиялар және тағы басқалар.
Врезка
«Ақтөбенің» анықтамасы
2010 жылы Ақтөбе облысында қолқа демікпесімен ауыратын 170 науқас диспансерлік есепте тұрған. Ал 2023 жылы олардың саны 4 мыңнан асты.
Медунивер даярлайды
Конференция барысында баяндамалар тыңдалып, науқасқа медициналық көмек көрсету бойынша өзекті мәселелер талқыланып, шеберлік сабақтары өткізілді.
Зәмза Хайруллинаның айтуынша, өңірде иммунологтар тапшы, пульмонологтар мен аллергологтар жеткіліксіз, тіпті ірі аудандық ауруханаларда мұндай мамандар жоқ.
— Кадр мәселесін шешу үшін былтыр Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті резидентурада аллерголог, иммунолог және пульмонолог мамандарын даярлауды бастады. Енді жалпытәжірибелік дәрігерлер, терапевтер мен педиатрлар резидентурадан өтіп, жоғары білікті маман бола алады, — дейді облыстың штаттан тыс бас аллергологі Зәмза Хайруллина.
Төрт ұстанымды сақтаңыз!
Конференция аясында Астана қаласындағы медицина университетінің балалар аурулары кафедрасының профессоры Рафаэль Розенсонды әңгімеге тарттық.
Оның айтуынша, аллергия ауруларының динамикасы әр жылдары қатты өзгерді.
— Мен педиатрия саласында 43 жылдан бері қызмет етіп келемін. Оның 39 жылында аллергология саласында еңбек еттім. Сондықтан бұл мәселе маған етене таныс. Мен оқу орнын бітірген 1981 жылы да аллергия мәселесі болды, бірақ қазіргідей соншалықты өзекті емес еді. Аллергия ауруы мазалайтындар қатары 1986-1987 жылдардан бері тек толығып отыр. Қазіргі шамасы максималды деңгейге жетті. Еліміздегі әрбір бесінші бала атопиялық дерматит, демікпе немесе маусымдық аллергиялық ринитпен ауырады. Ал әрбір үшінші ересек адам аллергияның есекжем (крапивница) түрінен зардап шегеді. Республика тұрғындарының 25 пайызы маусымдық аллергияға байланысты жазда көздері қышып, қайта-қайта түшкіреді. Алайда адамның жасы ұлғайған сайын сырқаттанушылық азая бастайды. Мысалы, атопиялық дерматитпен ауырған 10 баланың тек тоғызында ғана ересек жаста кездесуі мүмкін. Ал полиноз, яғни маусымдық аллергия әдетте 60 жастан кейін кетеді, — дейді профессор Р.Розенсон.
Журналистердің «Аллергия ауруы жазыла ма?» деген сұрағына профессор:
— Аллергияны емдеу мүмкін емес. Біздің міндетіміз — өзімізді бақылауды үйрену. Аллергияның дамуын болдырмау үшін ең әуелі мынадай 4 ұстанымды қатаң сақтауымыз керек. Біріншісі — дұрыс тамақтану. Тағамдағы ақуыз, майлар, көмірсулар 30:30:30 қатынасында болғанын қадағалаған жөн. Екіншісі — дұрыс физикалық белсенділік. Лептин гормоны холестерин мен қандағы қантты төмендетеді, иммунитетті жақсартады, аллергияның дамуына жол бермейді. Ол адам ағзасында 15 минуттық анаэробты жаттығулардан кейін пайда бола бастайды. Ең жақсы антиаллергенді жаттығулар: жүгіру, велосипед тебу, жүзу, шаңғы тебу, конькимен сырғанау. Үшінші ұстаным — тыныш ұйқы. Адам жасына байланысты ұйқы уақытын сақтағаны жөн. Мысалы, мектеп жасына дейінгі бала күніне 9 сағат, мектеп жасындағы бала 8 сағат, ересек адам кем дегенде 7 сағат ұйықтауға тиіс. Төртінші — күйзеліспен күресу. Аналар баласына көп ұрыспауы керек. Оның орнына «Мен сені бәрібір жақсы көремін, бірақ егер сен осылай жүрсең және осылай істесең, мен сені одан да жақсы көремін!» — деген секілді сөздерді айтқаны дұрыс, — деп жауап берді.
Түсінгенімізше, аллергия ауруынан біржола жазылу қиын. Сондықтан сезімтал болсаңыз, бұл ауруға бейжай қарамай, ерте бастан салауаттылықтың 4 ұстанымын ұстанып, аллергияны асқындырмаудың жолын іздеген жөн.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.