Жаңалықтар

Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасы әзірленді

Ұлыстың ұлы күні

Биыл өңірде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын тойлау аясында 970 шара ұйымдастырылады. Ал оған 500 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонақтары қатысады деген жоспар бар.

Бұл туралы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында мәлімдеді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеген болатын. Осы мақсатта ұлттық рухани құндылықтарға негізделген, 1,8,14-22 наурыз аралығындағы әр күнді қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған«Наурыз мейрамдарының Тұжырымдамасы» әзірленіп, бекітілді. Облыс бойынша 970 шара ұйымдастыру белгіленді. Бұл іс-шараларға 500 мыңға жуық тұрғын қатысады деген жоспар бар,—  деді басқарма басшысы.

Облыс аумағында Наурыз мейрамын өткізу шаралары 1 наурыз — Алғыс айту күнінен басталады.Бұл мереке қарсаңында Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградалары табысталады.

5 бағытта «Алғыс айтам, бәріңе!» атты алғыс-керуені ұйымдастырылып, қала тұрғындарына шағын сый-сияпаттар тарту етіліп, ән-күй ұсынылады.

29 ақпан – 1 наурыз аралығында «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы аясында «Қоржын» қайырымдылық көмек көрсету, «Туған жерге тағзым» жобасына қатысқан, қайырымдылық шараларына атсалысқан кәсіпкерлерді марапаттау, қалалық мәдениет және білім бөлімдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлесе ұйымдастыруымен, әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындары мен өзге ұлт өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер арасында «Мың алғыс!» атты алғыс білдіру челленжді ұйымдастырылады.

Ал 8 наурыз күні облыс және қала әкімдері аналар мен аруларды мерекемен құттықтайды, басқа да мекемелерде тақырыптық концерттер, танымдық іс-шаралар өткізіледі.

14 наурыз Көрісу күнінде «Көрісу керуені» ұйымдастырылып, қалалық Мәдениет үйі, Сазды мәдениет үйі, облыстық халық шығармашылығы орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Алақай» қуыршақ театры аумағында киіз үйлер тігіліп,  ыстық бауырсақ, айран, қымыз, шұбат сатылымға шығарылады.

Басқарма басшысы 14-22 наурыз аралығындағы күндер «Шаңырақ күні», «Шежіре күні», «Ұлттық спорт күні», «Бұлақтың көзін ашу», «Шаттық күні», «Ынтымақ күні», «Тарту күні» деп аталатынын айтып, әрқайсысының мән-мағынасын түсіндірді.

22 наурыз — Ұлыстың ұлы күні «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында кең көлемде аталып өтіледі. Онда «Наурызнама» театрландырылған концерттік бағдарламасы, шеберлер мен қолөнершілердің жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен алуан түрлі жарыстар,«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.

Президент саябағында 5 киіз үй тігіледі. Одан өзге, қаланың 21 алаңында – қалалық Мәдениет үйі, Абай ескерткішінің алаңы, Орталық стадион, «Әдебиет» аллеясы, «Денсаулық» саябағы, «Керуен Сити» ойын-сауық орталығы, Жаңақоныс тұрғын алабы, Сазды мәдениет үйі, Ақтөбе қаласының әкімдігі, Есет батыр тұрғын алабы, «Қурайлы» мәдениет үйі, Балауса тұрғын үй алабы, Рауан тұрғын үй алабында да киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Наурыз мейрамының жаңажылдық мәнін айтып өткенін, төл мейрамға айрықша мән берілу керектігін жауапты мемлекеттік орган басшыларының есіне салды. Ұлыстың ұлы күніне арналып, бекітілген Тұжырымдаманы негізге алып, осы бағыттағы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button