Жаңалықтар

Атмосфераны ластаушы заттар көлемі азайды

Экология

Былтыр аймақта атмосфералық ауаға шығарылған ластаушы заттардың көлемі 169,85 мың тонна болды. Бұл шығарылған ластаушы заттардың 2 пайызға төмендегенін көрсетеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Аймақтың 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасын» іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы» тақырыбында өткен брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов мәлімдеді.

Брифингте аталған департаменттің өткен жылда атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы міндеттер жайы айтылды.

Ақтөбе — индустриалды аймақ. Алайда аймақтың экономикалық дамуыоблыстың экожүйелеріне жүктеме артып келеді. Өңіріміздегі металлургиялық, химиялық және коммуналдық кәсіпорындар ластану көздері саналады. Облыста бірінші санаттағы 93 кәсіпорын тіркелген, оның ішіндемұнай-газ кәсіпорындарының үлесі — 22/24 пайыз, тау-кен өндіру ісіндегі құрылымдар үлесі  — 20/21 пайыз, ауыл шаруашылығы — 2/2 пайыз, басқа да кәсіпорындардың үлесі — 46/50 пайыз. Өңірдің негізгі экологиялық проблемаларының бірі — атмосфералық ауаның, сондай-ақ Елек өзенінің алты валентті хроммен және бормен ластануы. Алға ауданындағы бұрынғы Киров атындағы зауытаумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды жою да экологиялық проблема туындатып отыр, — деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, «Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» бекітілген.

Брифингте департамент басшысы аталған Жол картасында өз қаражаты есебінен қажетті шараларды қабылдауға міндетті бірқатар кәсіпорынды атап өтті. Олардың қатарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты,«СНПС-Ақтөбемұнайгаз»акционерлік қоғамы, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Стройдеталь» серіктестіктері сияқты компаниялар бар. Мәселен, «Стройдеталь» ЖШС ластаушы заттар шығарындыларының көлемін сазды күйдіру пешіне жеңдік сүзгілерін орнату арқылы азайтуға тиіс. Бұл жұмыстар 2024-2025 жылдары аяқталуы қажет.

Облыстың бірегей гидрогеологиялық объектісі саналатын «Көкжиде» кен орнының жерасты суларында маңызды экологиялық проблемабар.Бүгінгі таңда аталған кен орнының аумағында 5 жер қойнауын пайдаланушы көмірсутек шикізатын барлауды және өндіруді жүзеге асырады.Қазіргі уақытта құзырлы министрліктер тарапынан «Көкжиде» жерасты сулары кен орнында көмірсутек шикізатын өндіруді жүзеге асыратын, жоғарыда аталған жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін 2032 жылға дейінгі мерзімге кезең-кезеңімен тоқтата тұру жөніндегі іс-шаралар жоспары келісілді, — деді департамент басшысы.

Сондай-ақ брифингте тақырыпқа байланысты өзге де мәселелер айтылды. Соның бірі — өңірде экологиялық мониторинг пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында департаментке заманауи жабдықтар сатып алу мәселесі сөз болды.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button