Мәдениет

Тірі Қазанғап еді…

Сәдуақас Балмағамбетовтың туғанына — 70 жыл

Құлақ күйі келтірулі тұрған домбырасын оңтайланып, қалың әйнекті көзілдірігін түзеп алды да бір күйді бастай жөнелді. Тыңдауға тым ауыр, ет жүрегіңді елжіретіп, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы өзіміз көрмесек те жақсы білетін қиын кезеңіне қарай жетектейді. Күй — Қазанғаптың «Көкілі», тартып отырған — Сәдуақас Балмағамбетов, кәдімгі өзіміздің жерлесіміз, жиі-жиі кездесіп, дәмдес, сұхбаттас болған, дәулескер күйші, ешкімге дес бермейтін қайсар мінезді ағамыз.

Сәкең домбыраға өте жас кезінен әуес болды. Өйткені, оның әкесі Балмағамбет белгілі күйші, Қазанғаптың алдын көрген адам еді. Ал алғашқы ұстаздарының бірі Матай Қуантайұлы болды. Кейінірек республиканың еңбек сіңірген әртісі Жәлекеш Айпақовтан, Қазанғаптың төл шәкірті Кәдіралы Ержановтан көптеген күйлер алды.

Ол оқып жүрген кезінде-ақ мектеп сахнасының сәні еді. Ұстаздары Ілияс Мұратов, Сыраш Асқаров, Әбдуәли Меңдияров, Әбдірахман Күзенбаевтар шәкірт талантын қатты бағалайтын. Ол кезде Шалқарда арнайы музыка мектебі болған жоқ. Бірақ өнерге тәнті жас жігіт №1 қазақ орта мектебін бітірген соң аз уақыт ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өндірістік тәжірибе жинақтады да Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына жол тартты.

Сәкең аталмыш оқу орнын 1974 жылы тәмамдады да, 1978 жылдан бастап консерваторияда ұстаздық етті. Ол асқан дарынды домбырашы, күй табиғатын жетік білетін шебер орындаушы болса да Қазанғап күйлерін зерттеп, насихаттап, оны консерватория бағдарламасына енгізу оңайға түскен жоқ. Бірақ, қайсар аға дегеніне жетті, айтқанын орындатты, өзін мойындатты, Қазанғап күйлері сабағын жүргізіп, көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды.

Кезінде политехникалық институтта (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) сабақ берген ғылым кандидаты, Сәкеңнің ауылдас досы Әлібай Дүйсенов деген ағамыз болды. Сол кісі: «Сәдуақас өлсе де екі қолы жыбырлап жатады. Мен екі қолын кесіп алып босағаға іліп қоямын да, күйлерін тыңдап отырамын» деп әзілдеуші еді. Қайран азамат, құрдасынан он үш жыл бұрын қырық бес жасында көз жұмды.

Жігерлілік, әрірек кетсек, тәкаппарлық, қайсарлық — тек табиғи таланттарға ғана тән қасиет. Мен білетін Сәкең осындай азамат болатын. Кейбіреулер әңгіме барысында бөсіңкіреп, өзім білемдікке салынып, өтірікті қосыңқырап жіберсе, Сәкең оның өнердегі атақ-даңқына немесе ғылыми дәрежесіне қарамай «сойып» салатын. Ал өзінің сәл ағаттығын ескертсең, оны үн-түнсіз қарсы алатын. Ал қолқаңды ататын түтінге толы Алматыдан ауылға келгенде Сәкеңнің мінезі өзгеріп сала береді. Ауыл ақсақалдарымен, құрдастарымен, кейінгі толқын інілерімен әңгіме-дүкен құрады. Мұндайда Сәкең өте жайдары, қабақ шыту дегенді білмейді, аз сөйлеп, көп тыңдайды. Алқа-қотан отырған жұрт қолқа салса, кері қайырмайды. Қазанғаптың кез-келген күйін төгіп-төгіп жібереді. Өз басым бала кезімде Қазанғаптың көзін көрген Кәдіралы, Құрманғазы, Құттығұл аталарымның тартқандарын көрдім. Енді, міне, Сәкең құйқылжытып отыр. Апыр-ау, не деген құдірет десеңізші! Құдды, сол аруақтар тіріліп келгендей. Домбырашы болмасам да сол кезде естіген әуен айна-қатесіз қайталанып отыр. Оны айтасыз, тіпті түрленіп, жаңарып жасара түскендей ме, қалай?!

Бірде Сәкеңнен Қазанғаптың «Торы жорғаның бөгелек қағуын» тартуды өтіндік.

— Қазір ондай жүрдек күйлерді тартуға саусағы құрғыр илікпей, кейде ұятқа қалдырып жүр, — деді Сәкең.

— Онда Ақаң (ол кезде аудандық қаржы бөлімін басқаратын белгілі экономист Ақмырза Мұратов) тартса қайтеді?

Сәкең үнсіз.

— Сәке аға, ендеше Нұрболатқа (Жанаманов) қолқа салсам, келісесіз бе?

Ұлы домбырашы басын изеді.

Бұл шағын көріністі неге келтіріп отырмын? Мен білетін Сәкеңнің көзінше анау деген мықты күйшілеріңнің өзі домбыра ұстамайды. Өйткені, ұлы домбырашының талабы қатал.

Сол сапарынан Алматыға қайтарында Сәкең:

— Әй, қара бала, Ақаш ағаңа бердім рұқсатымды,— деді жүзіне ерекше қан жүгіріп. Ақаң да көзі күлімдеп, көңілдене отырып ұлы күйшінің бірнеше күйін орындап берді. Көп әңгіме айтылып, берекелі дастарқан жайылған Ақаңның үйіндегі сол бір кеш естен кетпестей отырыс болды.

Сәдуақас Балмағамбетовты кезінде Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров сынды ұлы тұлғалар айырықша талант иесі ретінде бағалады. Қаршекең Қазанғап дәстүрімен орындалатын «Сәдуақас Ақжелең» атты күй шығарып, оны теледидардан талай рет орындап берді. Ал қазақ сатирасының әйдік өкілі Үмбетбай ағамыз әлі күнге аузынан тастамайды. Белгілі өнертанушы Әбділхамид Райымбергенов «Көкіл» атты музыка мектебін ашты. Ақтөбе, Шалқар қалаларында Қазанғап атындағы өнер және саз мектептері бар. Міне, Сәкең бастаған игілікті іс бүгінгі күні осылай жемісті жалғасын тауып келеді.

Қазанғап күйлерін орындаушылар сонау Кәдіралы атамыз тұсында саусақпен санарлықтай болса, Сәкең консерваторияда ғылыми негізін қалап бергеннен кейінгі бүгінгі таңда жүздеп саналады.

1983 жылы Сәдуақас Балмағамбетовтың орындауындағы «Қазанғаптың күйлері» атты күйтабақ шығарылды. Ал өзі қайтқаннан кейін 2001 жылы «Саз зергері Қазанғап» атты кітабы мен «Қазанғаптың күйлері» тақырыбында үнтаспа жарық көрді. Белгілі өнер зерттеушісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айтжан Тоқтағанов осы кітапқа арнап жазған мақаласында былай дейді: «Сәдуақас тартысындағы Қазанғап күйлері айырықша таза, мөлдір бұлақтай, көңілді шартарапқа құйқылжытып, міне, «нағыз паң да пәк дүние» дегізіп ырықсыз тамсантып, таңқалдырады. Өз өмірінде тік өткен ұлы домбырашы…»

Қазанғап Тілепбергенұлы артына тоқсаннан астам күй қалдырып, алпыс жеті жасында дүниеден озды. Ал содан жиырма жылдан соң дүниеге келген ұлы домбырашы Сәдуақас Балмағамбетов алпысқа да жетпей, небәрі елу сегіз жыл өмір сүріп көз жұмды.

Мұқамбетәли ЕСМАҒАНБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті  журналисі,

Шалқар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button