Білім

Досым еске түскенде…

Қазақ әліпбиінің атасы, тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсариннің алғашқы болып мектеп ашқан өлкесі — Ақтөбе облысында бар ғұмырын білім саласына арнаған аға буын ұстаздардың есімін кейінгі жастар үлгі тұтып, олардың еңбегін әрдайым өз тәжірибесінде қолдануға тырысады. Өңірге белгілі Нағашыбай Ердәулетұлы, Зоя Бралова, Мақсот Құсайынұлы, Найман Исмурзина сынды ардақты ұстаздардың қатарында менің досым Мария Ғиззатқызының да есімін мақтанышпен айтқым келеді.

Мария Ғиззатқызымен, жолдасы Марат Құрманғалиевпен қатар жүріп, білім саласында бірге еңбек еттік.

… Әлі есімде, 1951-52 жылы мен Ақтөбенің Н.Байғанин атындағы қыздар институтының екінші курсында оқып жүргенімде І курсқа Мария Колбаева дейтін қыз оқуға түсті. Бұл институт сол кезеңде қазақ қыздарына арнап ашылған оқу орны болатұғын. Институтта 300 қыз білім алып жатты. Комсомол ұйымының хатшысы Ажар Шалекенованың басқа жұмысқа ауысуына байланысты, сол кездегі институт директоры Зияда Баймұхамедова мені «сол жұмысқа лайық» деп алып қалуды ұйғарыпты.

Осылайша 300 қыздың комсомол ұйымы басшысы болып жұмыс жасап жүргенмін.

Мариямен бірінші таныстығым сол жылы басталды. Кейін мен оқу бітіріп кеттім.

… Арада біраз жыл өткенде, 1955 жылдың шілде айында Ойыл ауданына жаңадан келіп орналасып жатқан біздің үйге Мария жолдасы Маратпен тұңғыштарын ертіп келді. Білгеніміздей, Марат Ойыл ауданының Берсиев атындағы колхоздың басшысы болып бекітіліп келіпті. Ол жылдары елді мекендерді көркейту үшін осындай оқыған, жоғары білімі бар, білікті азаматтарды ауыл-елге жіберетін.

Ол кезде менің жолдасым Байсалбай МТС-та бас агроном болып еңбек етіп жүрген кез еді әрі сол ұжымның комсомол ұйымының хатшысы еді. Осы кезде басталған қарым-қатынас олар басқа жұмысқа ауысқанша үзілген жоқ.

1972 жылы біз Ойылдан Ақтөбеге жұмыс бабымен көшіп келдік. Алты баланың ата-анасы болып келдік. Марат пен Мария үш балалы болыпты. Біздің келгенімізді естіп, ерулікке шақырды. Бұрынғы қарым-қатынас жалғасты.

Мария Н.Байғанин атындағы қыздар институтымен бірге, А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын да тәмамдаған еді. Ойыл, Алға орта мектептерінде мұғалім, Ақтөбедегі №16 орта мектепте аға пионер-вожатый, директордың тәрбие істері жөніндегі орынбасары, №21 қазақ орта мектебінің директоры, Ақтөбе педагогикалық училищесінің директоры, облыстық атқару комитетінің хатшысы, №32 орта мектеп-гимназиясының директоры қызметтерін атқарды.

Өзі еңбек еткен ұжымдарында өте сыйлы болды, әріптестерін де сыйлай білді.

Аяулы досымды соңғы рет көргенім кешегідей көз алдымда. Ауырып қалды дегенді естіп, үйіне барғанмын. Мария төсегінде жатыр екен. Маған кішкентай ғана шағын шкатулка берді: «Сен де ауырасың да жүресің, бір жаққа шықсаң, мынаның ішіне дәрілерді салып жүр, ыңғайлы», — деді… Осыдан кейін бірер күннен соң Мариямнан айырылдым.

Марияның есімі қазақтың білім саласына зор еңбек сіңірген ұстаз ретінде тарихта қалды. Мария Құрманғалиеваның мұрындық болуымен Ақтөбеде ашылған тұңғыш қазақ мектебі — №32 мектеп-гимназияның 1991 жылы, яғни еліміз тәуелсіздік алған жылы мектеп-гимназия атанғаны, осылайша №32 мектеп-гимназия Ақтөбедегі, тіпті еліміздің батыс өңіріндегі ғана емес, Қазақстандағы тұңғыш ұлттық гимназия ретінде тарихта  жазылғаны белгілі. Осындай еңбектері үшін Мария Ғиззатқызы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» және «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атақтарына ие болды, Ы.Алтынсарин атындағы, сондай-ақ «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

Екеуміз зейнетке қатар шықтық, бірге жүрдік, бірге демалыс орындарына баратынбыз. Екеуміз наурыз айында туған күндерімізді қатар атап өтуші едік. Бізді бір-бірімізбен жақындататын себептер көп болды. Адамда таныс көп болады, бірақ нағыз дос аз. Қиын да тар шақтарда достасқан Мариядай достың қадірі тым бөлек.  Биыл наурызда тірі болса Мария 90-ға, оның жолдасы Марат 95-ке толар еді…

Қаракөз ҚАМАҚЫЗЫ,

ардагер ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button