Білім

Ұстазымды күнде қуантқым келеді

Шәкірт тілегі

Әр адамның үш анасы болады. Біріншісі — Жер-Ана, екіншісі — сені өмірге әкелген жан, ал үшінші ана — ұстаз!

Қазір мен Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның екінші сыныбында оқимын. Мектебімізге аты берілген тұлға — Әл-Фараби атамыз кезінде оқымысты болған, жетпіс тіл білген. Мектепке бармай тұрғанда анам екеуміз Әл-Фараби туралы мультфильм көрген болатынбыз. Ол жерде әр бала 8 жасқа дейін өз ұшқынын табу керек. Әбу Насыр ұшқынын кітапханадан тапты. Ал мен өскенде бала дәрігері болғым келеді. Сол үшін де кітапты көп оқимын. Маған кітап оқуды үйреткен — алғашқы ұстазым Салтанат ҚанадинқызыЖилибаева.

Біз, ұстазым екеуіміз,бірінші күннен бастап дос болып кеттік. Мен ютуб каналдарынан қарап, ұстазыма өз қолыммен сыйлықтар жасай бастадым. Өйткені ұстазымды күнде қуантқым келеді.

Бір күні ата-анам жұмыс барысымен Алматыға көшетініміз жайында айтқанда көңілкүйім бұзылып кетті. Сосын оларға: «төртінші сыныпты бітірген соң көшейікші», —  деп өз ойымды айттым. Себебі ұстазымды қимадым. Менің ұстазыма деген сүйіспеншілігім шексіз.

Біз әдебиеттік оқу сабағында көп мақал-мәтел жаттаймыз. Мысалы,  «әдепті бала — арлы бала», «білім — ырыс қазығы», «бірлік түбі — тірлік», «тазалық — денсаулық кепілі», «кітап — білім бұлағы» сияқты өнегелі сөздерді осы пән арқылы біліп, жаттадым. Сосын өзім де мақал шығардым: «Мұғалімді құрметте, кітапты теппе!».

Ұстазымыз бізге білім береді. Ұстазым бізге кітапты көп оқу керектігін үнемі айтып отырады. Кітапханаға апарады. Қосымша түрлі кітаптар оқығаннан да шығар, қазір мен 1 минутта 106 сөз оқимын. Еңбек сабағында түрлі заттар жасаймыз.  Үзіліс кезінде  гүлге су құямыз. Ұстазым бізді осылайша еңбектенуге тәрбиелейді.Ол әр уақытта бізге көмектеседі.

Біздің сыныпта отыз алты бала бар. Оның он сегізі — ұл, қалғандары — қыз балалар. Күн сайын сабаққа келгенде ұстазымыз бізді құшақ жая қарсы алып, әрқайсысымыздың бетімізден сүйіп, құшақтап, еркелетеді. Бірақ сабақ барысында бізден көп нәрсені талап етеді. Яғни оқу сауаттылығымызға, жазуымыздың әдемі, дәптеріміздің таза болуын қатаң қадағалайды.

Төртінші сыныпты бітірген соң Салтанат апайымызбен қоштасу керек болады. Ал мен алғашқы ұстазыммен қоштаспаймын. Себебі бірде ұстазым маған: «Шахназар, сен өскенде мен сенің тойыңа барамын, жақсы тілек айтамын», — деді. Мен: «Әрине, сіз менің үшінші анамсыз ғой», — деп жауап бердім. Мен ұстазымды жақсы көремін!

Шахназар БАҚЫТҚАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған

гимназияның 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button