Жаңалықтар

«Туған жерге қызмет ету екі есе жауапкершілік жүктейді»

Форумнан соң

Кеше Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен Президенттік жастар кадр резервінің форумы өтті. Еліміздің үміт артқан жастары бас қосқан ауқымды іс-шарада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көп ұзамай мемлекеттің игілігі үшін ең жауапты шешім қабылдайтын кезеңге тап келесіздер. Үкіметте болсын немесе квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер. Сондықтан мен сіздерге зор үмітпен қараймын. Ең алдымен, осы зор жауапкершілікті дұрыс түсінген абзал. Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс. Баршаңызға мәлім, мен жақында Үкіметте кеңейтілген жиын өткіздім. Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға арналған нақты шараларға тоқталдым. Қазір біздің алдымызда өте ауқымды міндеттер тұр», — деді.

Форум барысында ел Президенті алдында бірнеше адам сөз сөйледі. Соның бірі — Тәуелсіз еліміздің құрдасы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов.

Университет бітіре сала мемлекеттік қызметке араласқан Нұрхан Тілеумұратовтың есімі Ақтөбе өңіріне тез танылып үлгерді. Қарапайым отбасынан шыққан ол қызметін қатардағы маманнан бастады, әр жылдары облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы, «Kazakh invest» АҚ компаниясының өңірлік директоры қызметтерін атқарды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда оқып, бизнес пен экономиканың қыр-сырын меңгеріп келген НұрханЖасұланұлы 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне енді. Жұмысына тиянақты, кез келген шаруаның шешімін тез таба білетін Нұрхан Тілеумұратов бүгінде Хромтау ауданының әкімі.

— Сол жылы білім мен білік сыналған іріктеуден облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 5 маманы сүрінбей өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне қабылдандық. Бұл аталған басқарманың кадрлық әлеуетін көрсетеді. Жалпы,Президенттік жастар кадр резерві — саясат аренасында еліміздің дамуы үшін, отандастарымыздың жайлы өмір сүруі үшін қызмет етіп жүрген жастарға берілген таптырмас мүмкіндік.

Ал кешегі өткен форумдаел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керектігін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.Мемлекет басшысы біздің жетістіктерімізді бақылап, жастар кадр резервінің әрбір мүшесінен елді өркендету үшін тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс, зор үміт күтетінін жеткізді. Сондай-ақ ел Президенті үлкендердің зейнетке шығатынын, ал біз олардың орнын басуға, ел үшін маңызды шешімдер қабылдауға дайын болуымыз керектігін нықтады. Ол үшін жеткілікті тәжірибе жинақтап, оң өзгерістердіңқозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуымыз керек. Өз кезегінде форумда мен де Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі ретінде өзім туралы айттым, — дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Одан әрі Нұрхан Жасұланұлы туған ауылында қызмет ету, үлес қосу, із қалдыру — бала кездегі арманы екенін, әкесінің дәрігер болып қызмет етіп, өңірдің денсаулық сақтау саласына үлес қосқанын тілге тиек етті. Өндірісті өңір — Хромтау ауданын басқарып отырған ол қызмет бабында қандай да бір мәселеде әуелі сала сарапшыларымен, сосын аудандық ақсақалдар кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдаса отырып, ортақ шешім шығаратынын, бірақ мәселені өз уақытында шешілгенін дұрыс көретінін де айтты. Осы ретте кешегі қарлы боранда шұғыл әрекет етіп, аудандық деңгейде төтенше жағдай жариялап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шара атқарылғанын да әңгімеледі. Тіпті осы уақытта қызметін мінсіз атқарған бірқатар қызметкер Президенттің назарына ілініп, мемлекеттік наградамен марапатталды.

— Әр адам мансаптық өсуге талпынады. Ешкім бірден үлкен лауазымға тағайындалмайды. Тәжірибесіне, білім-білігіне сай қызмет етеді.Мен қарапайым отбасынан шықтым.

Жас болғасын бәрі де еліміздің астанасында жұмыс істегісі келеді.Министрліктерден, ұлттық компаниялардан ұсыныстар түсті. Алайда туып-өскен жерім Хромтауда қызмет етуге мүмкіндік болғасын, ауылға барамын деген шешім қабылдадым. Мемлекеттік қызметке келгендегі басты мақсатым — халыққа адал қызмет көрсету арқылы өз еңбегіммен жетістікке жету болатын. Ауыл тұрғындарымен етене араласып, ауданның дамып-көркеюіне үлес қосу — зор міндет, ал туған жерге қызмет ету екі есе жауапкершілік жүктейді, — дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Президенттік жастар кадр резерві еліміздің талапты жастарына зор мүмкіндік береді. Бүгінде резерв тізіміндееліміз бойынша 400 маман тұр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button