Білім

Кәсіптік білімнің ұясы

Қарауылкелдідегі училище жүріп өткен жол

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударыла бастады. Соның бір айғағы — осы салаға қажетті мамандарды, жұмысшы кадрларын даярлауға көңіл бөлінуі еді.

Сөйтіп, 1960 жылдың қаңтар айында Қарауылкелді селосында ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі ашылды. Бұған дейін механизаторларды көрші Шұбарқұдықта даярлайтын болса, енді ол міндетті өзімізде шешу мүмкіндігі туды.

Болат АСАНОВ,

зейнеткер.

Облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының сол кездегі бастығы Николай Дроздовтың бұйрығымен бұған дейін Шұбарқұдықтағы училищеде аға мастер болған Валентин Фоменко деген азамат жаңадан ашылған оқу орнының директоры болып тағайындалды. Ол өзімен бірге оқу ісінің меңгерушісін, шаруашылық жөніндегі орынбасарын, бас бухгалтерді және бір оқытушыны ала келді. Оқытушылық қызметтерге жергілікті кадрлар тартыла бастады. Бұрын Қарауылкелді МТС-да қызмет атқарған арнаулы техник-механик мамандығы бар Дәулет Есенбаев, Сұлтан Әмірғалиев, Талғар ауыл шаруашылығы техникумының түлегі Болат Тоқашев, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының студенті, сол кезде академиялық демалыста жүрген Қосай Батыров оқытушылар қатарын толықтырды.

Жергілікті маман Сабыт Жексембаев, 1954 жылы тың игеру ұранымен келіп, Қарауылкелді МТС-да механизатор болып жүрген бірнеше басқа ұлт өкілдері де өндірістік оқу мастері қызметіне алынды.

Мен денешынықтыру пәнінің мұғалімдігіне бекідім, бұған қосымша кітапханашы қызметін де атқаратын болдым. Алғашқы қолға алған жұмысым — облыстық басқармадан арнаулы техникалық бағыттағы 150 дана кітап, көрнекі құралдарға төрт бума плакат жеткіздім.
Училищеге алғашқы қабылданған оқушылар қатарында Аралбай Шошанов, Жақсылық Қожабаев, Қален Сағынбаева, Көлбай Жәнелов, Сағын Сандыбаев, тағы басқа қыз-жігіттер болды. Солардың арасынан Аралбай Шошанов кейін еңбегімен дараланып, Октябрь революциясы орденімен марапатталды, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Көлбай Жәнелов ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, «Ақжар» совхозында бас зоотехник, директор болды. Тағы бір училище түлегі Төреғали Салманов заң институтында оқып, заңгерлік мамандық алды.

Қарауылкелдідегі училищеге оқу үшін облыстың басқа өңірлерінен де жастар келе бастады. Облыстық басқарманың бастамасымен жүзеге асқан осындай шаралар нәтижесінде көп ұзамай екінші топ ашылды. Сол кездерде училищеде қызмет істеген Жүзбай Жаулин, Шырақбай Қарамұханов, Төлеген Сармұханов, Селбай Құлжанов, Ахмет Елубаев, Бекмырза Дабылов, Сағидулла Көбенов, Олжабай Қасымов есімдері білікті жұмысшы мамандар даярлайтын оқу орны тарихында жазылып қалды.

Бұрын ауданда ДОСААФ ұйымына жетекшілік еткен Әбдікәрім Жәметов директордың саяси-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, жаңа міндеттерді жүзеге асыруға ұйытқы болды.

Училищеде білім алушылар теориялық жағынан қаруланумен қатар, практикада да тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болды. Оқу орнында техника түрлері жинақталып, материалдық база жасалды. 1961 жылдан бастап шаруашылықтардағы жер жырту, тұқым себу, шөп шабу жұмыстарына біздің оқушыларымыз кеңінен қатысатын болды.

Біздің алдымызда училищеден мамандық алып шығатын жастар қатарын көбейту міндеті тұрды. Осы мақсатта 1960 жылдың қазан айында мені Жем бойындағы шаруашылықтарға арнайы жіберді. Сол уақытта «Ақжар», «Жем», Абай атындағы, «Бұлақтыкөл» колхоздарының басшылары Қартабай Жұмағалиев, Әбу Досжанов, Естілеу Құлшынбаев ағалармен кездесіп, барған шаруамды айттым, қазіргі уақытта кадрлар дайындауға ерекше маңыз беріліп отырғандығын түсіндірдім. Олардың барлығы да Сам жайылымына мал қыстатуға әзірленіп жатқандығын, сондықтан ауылда бос адам жоқтығын тілге тиек етіп, болашақта бұл мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыратындығын айтып уәделерін берді.

Осы шаруамен Ойыл ауданында да болып, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Пана Оралбаевпен сөйлесіп, ол кісі мен шаруашылық басшыларымен кездестірді. Соның нәтижесінде оқу жылы басталғанда бізге Берсиев атындағы және «Қайыңды» совхоздарынан біраз бала мамандық алуға келді.

Біз мұнымен де тоқтамадық. 1961 жылы мен Беларусь республикасына, келер жылы Әбдікәрім Жәметов Украинаға сапар шектік. Кеңестер Одағы кезінде одақтас республикалардан жастарды оқуға тарту қалыпты жағдай еді. Сол жылдарда Ақтөбе облысының кәсіптік-техникалық білім беру училищелеріне КСРО-ның батыс өңірлерінен көптеген жасөспірімдер келіп оқығаны есімізде.

Училищеде жастарға кәсіби білім берумен қатар, олардың жан-жақты жетілуіне де көңіл бөлінді. Осы бағытта денешынықтыру пәні жоғары деңгейде жүргізілді. Қыс айларында жастар шаңғы теуіп, жазда түрлі спорттық ойындарға қатысатын. Спорт тауарларын сатып алуға қаржы бөлінді. Оған штанга, волейбол торы мен доптары, диск, граната, отыз шаңғы, тағы басқа құрал-жабдықтар алынды.

1963 жылы Қандыағашта селолық училищелер арасында облыстық спартакиада өтті. Волейболдан біздің командамыз үздік атанды, жалпы есеп бойынша екінші орынды иелендік.

Училищеде көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істеді. Кейінгі уақытта аудандағы Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы болған Жолдыбай Тәжіғұлов домбыра оркестрін ұйымдастырды. Айсан Тәжібаева, Әскербай Оншаев, Төреғали Салманов өз өнерлерімен тыңдаушыларының есінде сақталып қалды ғой деп ойлаймын.

Училищенің ұжымы ауданда орын алған шұғыл жағдайларда тез қимылдап, қажетті көмектерін беріп тұрды. Соның бірі мынадай еді:

1960 жылдың қысы ұзаққа созылатын сыңай байқатты. Наурыз айының басында баздардағы мал азығының жетіспеушілігіне байланысты қиындықтардың шеті көріне бастады. Осындай жағдайда бізді училищеде білім алып жатқан жиырма бес балаға мені жетекші етіп, «Сағыз» совхозына шұғыл түрде көмекке жіберді.

Әлі есімде, 10 наурызда, күн батар алдында тобымызбен Ноғайты стансасынан пойыздан түсіп, жаяулатып шаруашылық кеңсесіне келдік. Күн желкем әрі суық. Көктемнің ызғары өңменімізден өтіп барады.

Кеңсе алдында бізді бір топ ауыл басшылары қарсы алды. Олардың ішінде совхоз партия комитетінің хатшысы Төрехан Салықов, ферма меңгерушісі Сағызбай Отыншин және басқалары бар екен.

Біздің білгеніміз — жазда қоғамдық малға дайындалған шөптің бір бөлігі мал баздарына тасылмай, далада кебенделген екен. Енді қыстың кәрі қайтпай, қар сіресіп жатып алған кезде қолдағы шөптің жетпестігі сезілген. Енді қайтпек керек?

Даладағы шөпті жеткізуге совхозда адам күші жетіспейді. Содан аудан басшылығы біздерге салмақ салған екен.

Шаруашылықта дереу тапсырмалар белгіленді. Ферма меңгерушісі Сағызбай Отыншин ағамыз барлық іс жауапкершілігін өз мойнына алып, іске кірісіп кетті. Әуелі ферма бухгалтері болып қызмет істейтін Кенжетай Жұбановтың үйіне әкеліп, жол жүріп келген жігіттердің тамақтануын ұйымдастырды.

Біздің балаларға жылы киімдер беріліп, бес қыстаққа шөп тасуға бөліндік. Мен бір топпен ферманың орталығындағы мал қыстайтын жерге кешкісін бардым. ДТ тракторына қанатын кең жайған екі-үш тіркемені тіркеп, шөп тасуға кірісіп кеттік. Бұл жұмыс 28 наурызға дейін жалғасты. Даладағы шөпті баздарға түгелдей тасып, міндетімізді ойдағыдай атқардық. Сөйтіп, көтеріңкі көңілмен оқу орнымызға оралдық.

Біздің еңбегімізге шаруашылық басшылары риза болып, алғыстарын айтты. Әсіресе ферма меңгерушісі Сағызбай Отыншин осы күндерде күні-түні дерлік бізбен бірге болып, шаруаның өнімді жүруіне қамқорлық жасады, жастарды жігерлендіріп, жол көрсетіп отырды. Оқушыларды екі-үш топқа бөліп, малшылардың үйіне жатқызып, олардың тамағына дейін қамдап бергізді. Тұжырымдап айтқанда, мүмкіндігінше барлық жағдайымыз болды, бізге тек жұмыс істеу ғана қалып еді. Тәжірибелі де іскер басшысының қынулы қимылы болашақ мамандарға үлгі-өнеге іспетті болды. Ол оқушылардың жұмыстарына оң бағасын беріп, ағалық ақ тілегін білдірді.

Сөз арасында білгеніміз, Сағызбай Отыншин Ұлы Отан соғысына қатысқан, ел қорғаған азамат екен. Оқ пен оттың ортасынан оралған жауынгер қанша дегенмен көп қиындықты көрген адам ғой, жастарға жанашырлықпен қарап жүрді. Бізге ақылын айтып, болашақ мамандардың келешегіне жақсы жол ашатын кеңесін берді.

Жалпы шаруашылықтарға училище оқушыларының көмегі аз болған жоқ. Қоян жылы аталған 1963 жылдың ауыр қысы аға буынның есінде болар. Сол кездегі ауыр ахуалға байланысты облыста төтенше жағдай жарияланып, жедел шаруалар атқару үшін облыстық штаб құрылды.

Бүгінде өткен тарихты түгендесек, сол кезде училищеде қызмет істеген азаматтардың кейінгі тағдыры қалай болды екен деген сауалдың туындауы заңды.

Училищеде директор болған Валентин Фоменко кейін Алға ауданындағы Париж коммунасы колхозын ұзақ жыл басқарып, одан соң Алматы қаласына қоныс аударып, осындағы опера және балет театры директорының шаруашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарыпты.

Училищеде оқытушы болған Әскербай Оншаев ерекше талант иесі болатын. 1963 жылы наурыз айының басында Темір қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің үлкен жиналысы болды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқожа Орынбасаров арнайы автобус жіберіп, біздің училище ұжымын концерт қоюға алдыртқаны есімде. Сол концерттен соң белгілі журналист Табыл Құлиясов аудандық «Жаршы» газетінде: «Оқытушы Әскербай Оншаев ән салғанда сахнада халқымыздың күміс көмей әншісі Ермек Серкебаев тұрғандай әсер қалдырды», — деп жазды.

Шынында да, талант кейін кеңінен танылды. Әскербай Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсті, оны бітіргеннен кейін Абай атындағы опера және балет театрында әнші болды.

Сол уақытта осындағы әріптестері «Театрды Байғанин училищесі басқарып тұр» деп әзіл айтады екен.

Дәулет Есенбаев училищеден кейін аудандық дайындау конторының директоры қызметін атқарды. Қошан Әуелбаев «Қазсельхозтехника» аудандық бірлестігінде бас инженер, Шырақбай Қарамұқанов аудандық халықтық бақылау комитетінің инспекторы, Санабай Рзабеков облыстық ішкі істер басқармасында жауапты қызметтерде болды. Жүзбай Жаулин Гурьев педагогика институтында оқып, білім беру саласында еңбек етті, кейін сол өзі еңбек жолын бастаған училищенің басшылық тізгінін ұстады. Оңберген Көшімов — Ақтөбе кооператив техникумының директоры, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Әбдікәрім Жәметов —«Сағыз» совхозының директоры, Селбай Құлжанов құрылыс-жөндеу мекемесінің басшысы қызметтерін атқарды.

Менің өзім училищеде төрт жыл, төрт ай қызмет атқарыппын. Кейін басқа мекемелерде еңбек етсем де, әлі күнге дейін осы білім ұясындағы қызу еңбек жылдары жадымнан шыққан емес.

…Уақыт бір орында тұрмайды ғой. Байғанин ауданында кәсіптік-техникалық училищенің ашылғанына да, міне, алпыс бес жылға жуық мерзім өтіпті. Жаңа оқу орнының қалыптасып, қабырғасын тіктеп кетуіне үлес қосқан, басы-қасында жүргендерден бүгінде Санабай Рзабеков екеуміз ғана қалыппыз.

Біздің көңілге медет тұтатынымыз — осы училищенің көптеген жастарға алғашқы мамандық беріп, үлкен жолға бағыттағаны, олардың арасынан қалың жұртшылық мақтан тұтатын азаматтардың шыққандығы.

Алматы қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button