Облыста электр қуатын қалпына келтіру үшін 35 бригада еңбек етуде
Қалалық сүт зауыты шағын ауданындағы «Aqtobe Su Energy Group» АҚ №5 қазандығы арқылы №5 орта мектеп, емхана, балабақша, екі және бес қабатты үйлер, төрт пәтерлі жеке үйлер жылытылады.
Қазандықтың кезекші бөліміндегі операторлар облыс әкіміне мән-жайды түсіндіріп, жұмыс барысын айтып берді.
Қатты желдің кесірінен «Энергосистема» мекемесіне тиесілі желіден ақау шыққан. Соған қарамастан, №5 қазандыққа қарасты 38 нысанға жылу беру тоқтатылмаған, автоматты түрде дизель қосылып, үздіксіз, тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Қор жеткілікті.
Сондай-ақ, Асхат Шахаров «Алтын Орда-2» ықшам ауданындағы «Энергосистема» ЖШС-нің электр жарығын тарату станциясына барды.
Мекеменің бас директоры Ержан Жексембиновтің сөзінше, тіршілік үшін маңызды қызметтердің тоқтаусыз жұмыс істеуі – бақылауда. Соның ішінде су тазарту құрылыстары да бар. Сумен жабдықтау нысандарының жұмысын тұрақты қамтамасыз ету мақсатында ол резервтік желіге қайта қосылған.
Сондай-ақ, ол облыс әкіміне жарық беру бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады.
24/7 режімінде Ақтөбе қаласы бойынша 12, ал жалпы облыста 35 бригада электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Мәртөк және Алға аудандарында бригадалар жұмыс істеп жатыр. Ал Ақтөбеде Қисық көл маңында, 41-разъезд, Кірпішті, Заречный-1, Геолог-4, Геолог-5, Геолог-6 аумағындағы, 312-ші атқыштар дивизиясы көшесі бойындағы үйлер мен бау-бақша ұжымдарына жарық берілді. Коммуналдық қызмет мүмкіндігінше жұмыс істеуде.
«Оперативті түрде бірден шешім қабылдап, мәселелерді шешу керек. Саяжай, бау-бақша ұжымдарын теңгерімге алу мәселесі әлі де күн тәртібінде тұр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарымен ұсыныс дайындаңыздар», – деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.
t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi