Білім

Сұрақтарға «Смартхан» жауап береді

Ғылым апталығы

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің  «Автоматтандыру және басқару» бөлімінде «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» циклдік-әдістемелік бірлестігінің «Білім беру жүйесінде заманауи жабдықтарды пайдалану — заман талабы» атты ғылым апталық басталды.

Апталықтың ашылу салтанатына өңірдегі өндіріс орындарынан әлеуметтік серіктестер қатысты. Облыстық, республикалық кәсіби байқауларда, ғылыми конференцияларда жүлделі орын алып жүрген колледж оқушылары мамандыққа сай тәжірибелік жұмыстар бойынша тапсырмалар орындап, шеберліктерін көрсетті.

Апталық барысында жұртшылыққа «ақылды» үй», өндірісті автоматтандыру, жасанды интеллект, «ақылды жарықтандыру» және жылыжай жүйелері, көп функциялы қызметтерді орындай алатын робот, деңгей, қысым өлшеу процесін автоматтандыруға қатысты ғылыми жобалар мен дипломдық жобалардың көрсетілімдеріұсынылды. Соның ішінде көптеген функционалды қызметтерді орындай алатын робот көрермен назарын өзіне аудартты. Смартхан деп аталатын роботты Жоғары политехникалық колледждің «Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі, техника ғылымдарының магистрі Дархан Шаңбаев осы оқу орнының оқушыларымен бірге құрастырып шығыпты.

«Смартхан» роботының негізгі ерекшелігі — дыбыстық көмекші арқылы өзіне берілген қазақша пәрмендерді түсінеді, қазақ тілінде жауап береді, қолын, басын қозғалтады, жүре алады, жарықты, желдеткішті қосып-сөндіре алады. Сонымен қатар роботқа газ, ылғалдылық және қауіпсіздік датчиктері орнатылған. Құрылымы жағынан алсақ, жасалған материалы өте жеңіл әрі экономикалық жағынан тиімді. Мен жасаған роботколледжімізге келген қонақтарға, студенттерге және оқытушыларға бірталай ақпарат бере алады. Мәселен, колледжде оқытылатын мамандықтар, үйірмелер мен секциялар, оқуға қабылдауға қажетті құжаттар тізімі сияқты сұрақтарға жауап бере алады. Сонымен қатар тәрбие және білім беру функциялары бар. Ол арнайы жазылған бағдарламалар арқылы қазақтың салт-дәстүрін, шешендік сөздер, бабалар мұрасын айтып бере алады, — дейді техника ғылымдарының магистрі Дархан Шаңбаев.

Қазіргі заманғы ғылым мен техниканың дамуы жұмыстың өнімділігін арттырады әрі уақытты ұтымды пайдалануға көмектеседі. Осыны түсінген жастар ғылыми прогрестің көз ілеспейтін даму кезеңінде жаңа білімді игеруге, жаңа идеяларды шығаруға талаптанып, ұмтылып жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button