Білім

«Салауатты мектеп» жобасы: тәрбие және тұрмыс

Жас ұрпақты терең біліммен, жан-жақты еңбек дағдыларымен қаруландыруда мектептің атқаратын рөлі зор. Мектеп ғасыр талабымен үндес дамиды.

Шалқар қаласындағы №4 орта мектептің ұстаздар қауымы да заман ағымына ілесіп, ақпараттық технология мен ғылымның дамыған заманында өз жұмыстарында жаңашыл инновацияларды, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жемісті еңбек етіп келеді.

Мектебімізде барлығы 103 қызметкер жұмыс істейді, оның 67-сі — педагог. Бір педагог-шебер, 2 педагог-магистр, 16 педагог-зерттеуші, 17 педагог-сарапшы, 9 модератор педагог жұмыс істейді. 48 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Ал 55 оқушы — облыстық, 21 оқушы — республикалық, 12 оқушы — халықаралық байқаулардың жеңімпаздары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірінші кезекте балаларды қолдау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытындағы нақты шаралар қолға алынуы керек», — деген болатын. Біздің мектебімізде де «Салауатты мектеп» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр.Мақсаты —  білім берудің жаңа мазмұнына сәйкес мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру арқылы адами, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы, салауатты, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу.

Мектепте 1-11 сыныптар аралығында — 398 оқушы, мектепалды даярлықта — 39 оқушы, шағын топта 38 оқушы оқып, білім алады. Мүмкіндігі шектеулі 11 оқушы бар, оның төртеуі үйден оқиды. Сондай-ақ денсаулығы бойынша 20 оқушымыз диспансерлік есепте тұр.

Мектебімізде «Салауатты мектеп» жобасы аясында таңертеңгі жаттығу жұмыстарынан бастап, зиянды, жат қылықтардан аулақ болуға үндейтін, салауатты өмір сүру жолдарына бағытталған іс-шаралар жан-жақты жүргізіледі.

Күнделікті оқу-тәрбие процестерінде білім беруді ізгілендіру технологиясын үш бағытта — ізгілік, психологиялық, демократиялық бағытта жүргізіп келеміз.

«Салауатты мектеп» әлеуметтік жобасының ең өзекті бағытының бірі — балаларды жайлы асханамен қамтамасыз ету, дұрыс тамақтануға дағдыландыру. 16 орындық мектеп асханасы тарлық еткендіктен, жаңадан оқу кабинеттері ашылып, мектеп асханасы кеңейтілді. Жаңа жобамыз мектеп асханасын жаңартудан басталды. Асхана бөлмесінің жабдықталуына демеушілік жасаған жомарт жандарға алғысымыз шексіз. Ас мәзірінің талапқа сай жасалып, оқушылардың дұрыс тамақтануы — басты назарда.

Келесі бағыт— оқушы тасымалын жүйелі ұйымдастыру. Мектебімізге көршілес «Жомарт» аулынан балалар қатынап оқиды. Дәстүрлі «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы ұйымдастырылып, балаларға жол қозғалысы, жолда жүру ережелері түсіндіріліп, олардың ата-аналарымен тұрақты байланыс орнатылған. Балалар тасымалы бойынша ата-аналарымыз дән риза.

«Ерекше балаларға — ерекше көңіл» бағыты бойынша диспансерлік есепте тұрған балалардың уақтылы ем алып, денсаулығын нығайтуын, сауықтыру лагерьлеріне баруын мектеп дәрігері қатаң бақылап отыр. Мәселен, былтырғы оқу жылында 15 оқушы мектептен тыс жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалып келді.

Мектепте ата-аналарға арналған «Бәрекелді!» атты спорт клубы аптаның әр бейсенбісі күні жоспарлы іс-шараларын өткізіп отырады.

Өз нәтижесін көрсетіп келе жатқан жұмыстардың бірі — «Өнеге» ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы қызметі.Сонымен қатар «Салауатты мектеп» жобасы аясында «Әлеуметтік дүкен» өз жұмысын бастады. Әлеуметтік дүкенде оқу құралдары мен сәнді және спорттық киімдер, аяқкиімдер тегін таратылады.

«Салауатты мектеп» жобасының алға қойған міндеттерінің бірі — материалдық- техникалық базаны жақсарту. Жан басына қаржыландыру қаржысы тиімді жоспарланып, биылғы оқу жылында мектеп ғимаратының сынып бөлмелері, оқу кабинеттері жұмыс үстелдері,орындықтар, шкафтар, киім ілуге арналған ілгіштер секілдіжаңа жабдықтармен, асхана жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Алғашқы әскери дайындық кабинетіне 38 «Жас сарбаз» формасы алынды.Кабинеттердің жарық көздері диодты жарықтармен ауыстырылып, футболға, волейболға, гандболға арналған сапалы доптар алынды. «Азамат» спорт кешені аймағына балаларымыздың қауіпсіздігі үшін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Оқу кабинеттері тұтастай интернет желісімен қамтылды.

Биыл мектебімізді жаңартуға, биология кабинетін толық жабдықтауға, физика, химия кабинеттерін қосымша жабдықтауға, мәжіліс залына, кітапханаға, асханаға, тағы да басқа қажетті жабдықтарға қаржы бөлініп отыр.

«Табысты ұлтты қалыптастырудың тағы бір маңызды факторы — орта білім беру сапасы. Әрбір қазақстандық оқушының оқу және жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдайлары болуға тиіс», —  деп Мемлекет басшысы талап еткендей, болашақта мектебіміздің тарлығы ескеріліп, оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған жаңа, жайлы ғимарат қарастырылса, құба-құп болар еді.

Гүлнәр ҚАЛДЫБАЕВА,

Шалқар қаласындағы №4 орта мектептің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button