Ауыл

Арақ сатылмайтын, қылмыс жасалмаған ауыл

Әйтеке би ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Абзал Мусин  Сарат, Басқұдық және Сарыбұлақ ауылдарына қызмет көрсетеді. Үш ауылда жалпы саны1328 адам тұрады. Абзал осы ауылдарға учаскелік инспектор болып бекітілген бір жыл ішінде үш ауылда да бірде-бір қылмыстың болуына жол бермеген.

Аралары бірнеше шақырым болатын ауылдардыапталап аралайтын Абзал әрбір үйді, әрбір тұрғынды, әр отбасының әлеуметтік жағдайын, әр қорадағы мал санын жатқа біледі.

Қылмыстар мен құқықбұзушылықтарға бірден-бір себеп болатын алкогольдік ішімдіктер екенін басты назарда ұстаған ол тұрғындар саны 500 адамнан асатын Сарат ауылындағы екі дүкеннің алкоголь өнімдерін сатуын мүлде тоқтатқан. Үйінен арақ сатып, кәсіп қылмақ болған ауыл азаматын да дер кезінде анықтап, жауапқа тартып,  заңсыз кәсіптің жолын жылдам тыйған. Бұл ретте ол тұрғындардың түсіністігі мен оң көзқараста болуы да үлкен рөл атқаратынын алға тартады. Халықпен жиі өткізілетін жиындар кезінде жергілікті ақсақалдары аға лейтенанттың келісімен ауылда болған оң өзгерістерді жиі айтып, алғыстарын жеткізіп жүр.

Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзіне айналып отырған мал басының амандығы да учаскелік инспектордың басты назарында. Аумағындағы 18 шаруа қожалығын бірде қызметтік көлікпен, бірде атпен үнемі аралап, қыстақ иелерімен де, малшылармен де профилактикалық жұмыстарды жиі жүргізетін Абзал Есенұлы өткен жылы бірде-бір мал ұрлығына жол бермеген.

Алкогольге тыйым салып, қылмыссыз ауыл құрған учаскелік инспектордың қайырымды істері де ауыл арасында кеңінен тараған. Аумағындағы әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын зерттеп жүретін ол мұқтаж, көпбалалы отбасыларға тегін азық-түлікпен төрт түлігіне жемшөбін жеткізіп беруді де ұйымдастырып жүр. Жуырда ғана аға лейтенант Абзал Мусин жергілікті шаруа қожалығы иесі мен жұмысшыларын, әкімдікті тарта отырып, мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастырған. Аналардың ақ батасын алған мейірімді полицейге Сарат ауылы әкімдігінің Алғыс хаты да тапсырылған. Ауылдастарының алғысына бөленген инспектор осылайша көршілес ауылдардағы әріптестеріне үлгі болып отыр.

М.ТАБЫН,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button