Пікір

Инвесторлар үлескерлер мәселесін шешіп жатыр

Нағымжан АЛДИЯРОВ,
«Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС директоры.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында үлескерлік құрылыс проблемаларына тоқталды: «Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда, құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек», — деді.
Бұл орайда жаңадан құрылған «Ақтөбе құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мемлекеттік үлесі — 100 пайыз. Бұл — облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылдың желтоқсан айында құрылған компания. Мақсат — үлескерлердің мәселесін шешу. Бүгінде 11 жоба бойынша жұмыстанып жатырмыз. Айта кету керек, бір жоба аясында 2-3 үйдің мәселесі қаралады. Бұл — проблемалық үйлер деп танылып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Алаш Орда» тұрғын үй кешенінде құрылыс тоқтап қалған. Бұл мәселеге қатысты соттың дайындық процесі басталды. Заң жүзінде барлық нысан бойынша сот шешімі шығу керек. Сот шешімі шыққаннан кейін бұл үйлер жаңадан ашылған серіктестіктің балансына беріледі. Осы процестер жүргізілгеннен кейін біз жоба жасаймыз, осы жобаға сай мемлекеттен қаражат бөлінсе, құрылысы орта жолда тоқтаған үйлердің мәселесін шешуге ықпал етеміз. Қазіргі күні қазына қаражатынан бөлек, инвестор тарту мәселесі бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта инвесторлар 4 үй бойынша құрылысты бастады. Соның бірі — Ақтөбе қаласындағы 8 қабатты үй. Бұл үйлердің құрылысы көктемге дейін аяқталмақ. Сонымен қатар “КазПромСтройГрупп» компаниясының құрылысты аяқсыз қалдырған 55 пәтерлі үйіне инвестор тартып, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Серіктестікте мемлекеттен қаражат алу және инвестор тарту бойынша екі бағытта жұмыс жүргізіледі. Бюджеттен қаражат бөлу мәселесі соттың шешімі негізінде ғана қарастырылады.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button