Жаңалықтар

Ұлттық құндылықтарды коммерцияландыру — уақыт талабы

Вебинар

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында «Ұлттық-рухани құндылықтарды трансформациялау және коммерцияландыру жолдары» тақырыбында республикалық вебинар ұйымдастырылды. Шараға профессорлық-оқытушылық құрам, ғалымдар мен білім алушылар шақырылды. 

Вебинарды ұйымдастырудағы мақсат — ұлттық-рухани құндылықтарымыздың қазіргі өмірге сай бейімделген жаңа форматтарын іздестіру әрі коммерцияландыру арқылы оның маңызын арттырудың жолдарын қарастыру. Әрине, ұлттық-рухани құндылықтарды трансформациялау, коммерцияландыру деген сөз құлаққа тосын естілуі мүмкін. Өйткені бұрын айтылған жоқ. Ұлттық құндылықтарды, ұлттық фольклорды өнер түрі десек, өнердің басқа түрлері заман ағымына қарай коммерцияландырылып кетті. Халық ауыз әдебиеті — фольклор бұл тұрғыда кенже қалып отыр. Техниканы меңгеруіміз керек. Мәселен, жапондар техниканы меңгеруге қалай келді десек, олар алдымен өз тілінде сөйлеп, өзінің фольклорын, ұлттық салт-дәстүрін сақтау арқылы жоғары интеллектуалды санаға жетті. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды басым бағдар етіп ұстауымыз керек. Өйткені мұнда адамды қалыптастырушы негіз бар. Техниканы жасайтын, өндірісті дамытатын  — адам. Сол себепті, ең алдымен, алдымызға қойылатын міндет — адами капиталдың сапасын арттыру. Ал адами капиталды дамытатын, кемеліне келтіретін нәрсе — ұлттық-рухани құндылықтар, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлікуниверситеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Абат Пангереев.

Вебинар жұмысына облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан онлайн режимде қатысты. «Көркем шығармашылық — креативті индустрияның қайнар көзі» тақырыбында баяндама жасаған ол:

Фольклор — ауқымы кең жанр. Кез келген шығармашылыққа керегі — еркіндік, одан кейін шабыт пен тақырып. Мәселен, фольклордың бір түрі — поэзия жанрын алайық, оның әр сөзін сататын болсақ, әрі оны әуенмен біріктіргенде, музыкалық шығармашылық пайда болады. Оны сатудың ежелгі түрі бар.  Яғни осыдан 20-30 жыл бұрын компакт-диск немесе концертке шақыру арқылы мыңдаған көрерменге билет өткізу негізінде коммерциализация жүрзілетін еді. Айталық, атақты Мадонна әлемдік деңгейде өзінің қаншама альбомын сатты. Ол поэзияның сөзі мен әуенді біріктіріп, өнер арқылы әлемдегі поп королева болды. Майкл Джексон осылай поп король атанды. Сөйтіп олар коммерциализацияның шығармашылық шыңына шықты. Одан кейін оның биі адамның визуалды қабылдауына ерекше әсер етті. Тек қимыл арқылы көрерменін бағындырды. Кез келген коммерцияның ар жағында үлкен маркетолог болады. «Қыстың күні қар сататындай қабілет болу керек» дегендей, әдеби туындыларды коммерциялизациялауға бізде маркетолог жетпей жатыр, — деді.

Вебинар кезінде  «Цифрлық қоғамдағы постфольклордың даму бағыты»,  «Қазақстандағы әдеби кеңістікті коммерцияландыру процесінің басталуы», «Әдебиет пен өнер әлеміндегі цифрлық дәуір: трендтер, мүмкіндіктер және коммерцияландыру стратегиялары» сияқты тақырыптарда баяндамалар жасалып, жиналғандар өзара пікір алысты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button