Тұлға

Тарихи тұлғаның тағылымы

Темірбек Жүргенов — еліміздің мәдениет, әдебиет салаларының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Былтыр халқымыздың біртуар тұлғасының 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Темірбек Қараұлы есімі тек қазаққа ғана емес, исі түркі жұртына мәлім. Ол Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакция алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. Ал 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды.

Әр жылдары жауапты қызметтерді атқарған Т.Жүргеновтің тікелей атсалысуымен қазақ мектептерінің саны артты.

Т.Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілігін белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты кітабында былайша сүйсіне еске алады: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам — қарағандылық Б.Орлов және мен — орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты.«Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!», «Сіз қайда жүрсіз өзіңіз?!» — деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» — деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».

Жастарымыздың патриот, ұлтжанды болып өсуіне  Темірбек   Жүргеновтей ұлты үшін туған ерлердің өмір салты, халқы үшін жасаған игі істері — ұрпағымызға тағылымы мол тәрбие.

Әлібек РАМАЗАНОВ, 

облыстық архивтің қор сақтау бөлімінің маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button