Мәдениет

Туған жердегі мерейлі кеш

Өнер

Белгілі әнші-сазгер, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Сейсен Айтжанов өзінің туып-өскен өлкесі — Темір ауданының Шығырлы және Шұбарқұдық ауылдарында шығармашылық кешін өткізді. Өзінің 55 жас мерейтойына орайластырылған концерт ақысыз негізде ұйымдастырылды.

Алдымен кіндік қаны тамған Шығырлы ауылында жерлестерінің алдында есеп берген өнер иесі «Көрікті Темірім», «Жансен аға», «Сағындым сені», «Әке мен бала», «Темірім» сынды көпшілікке танымал авторлық әндерін орындады. Әсіресе әншінің баласы Темір екеуінің дуэтіне жиналғандар айрықша қошемет көрсетті. Кеш иесінің мерейін көтерген Серік Закария, Қасым Ермек, Мұрат Күлетенов, Нұрболсын Асылбек, Жазира Мырзахмет, т.б. өнердегі іні-қарындастарыда автордың туған жер, махаббат тақырыбындағы туындыларын шырқады. Айтыскер ақын Марат Ахметов ағасына арнауын айтты.

Ал аудан орталығында жалғасқан «Шұбарқұдық — жыр-дастаным, Шұбарқұдық — нұрлы аспаным» атты концертінде Темір ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жандәурен Қойшыбаев өнер иесінің иығына шапан жауып, «Темір ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

— Бұл біраз уақыттан бері мақсат етіп, өзім парыз санаған істің бірі еді. 55 жас мерейтойым қарсаңында тегін концерт өткізіп, жерлестерімнің басын қосқаныма, олардың алдында өнерімді кезекті рет көрсеткеніме қуаныштымын. Мені қолдап, қаладан арнайы келген өнердегі бауырларыма алғысым шексіз. Күтіп алып, құрмет көрсеткен аудан билігіне де ризамын. Бұйыртса, енді Ақтөбе қаласында үлкен есеп беру концертімді өткізбек ойым бар, — дейді Сейсен Айтжанов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button