Жаңалықтар

Корей әншісі Ақтөбені туристерге насихаттайды

Туризм

Әлеуметтік желілерде қазақ әндерін өзіндік ерекше мәнерімен орындау арқылы танылған Сон Вон Соб — Оңтүстік Корея мемлекетіне танымал әнші. Көпшілікке жақсы таныс қазақ әндеріне кавер жасайтын ол кеше Ақтөбеге бірінші рет келді.

36 жастағы жігіт «Сыған серенадасы», «Бозторғай», «Жол», «Бұл өмірде», «Сағындым Алматымды»,т.б. әндердіқазақ және корей тілдерінде шырқап, аз уақытта елдегі жұртшылықтың ықыласына бөленіп үлгерген. Оған дәлел ретінде 13 қаңтарда Астанада аншлагпен өткен концертін айтуға болады. Осы жексенбі күні енді Алматы қаласында шығармашылық кешін өткізбек.

— Ең алғаш рет Батырхан Шүкеновтің «Дождь» әніне кавер жасап, әлеуметтік желідегі парақшама жүктедім. Оны қазақтар жылы қабылдап, өте жақсы пікірлерін жазды. Содан басқа да белгілі әндерді орындауға көштім. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы — домбыра тартуды үйрендім. Жақында қазақ тіліндегі алғашқы «Қар жауады» деген авторлық әнімді шығардым. Тыңдарман жақсы бағалап жатыр. Осында жиі шақырғасын Қазақстанның орталық қалаларында концертімді өткіземін деп шештім.

Жалпы, бірінші рет Қазақстанға осыдан екі жыл бұрын келдім. Табиғаты, қонақжайлығы керемет. Бірнеше қаласында болдым. Енді, міне, Ақтөбеге келіп тұрмын. Бұл жақта Астанадан да суық екен, әуежайдан шыққанда тіпті шошып кеттім, — дейді Сон Вон Соб аудармашының көмегімен.

Корей жігіті қазақ тілін жақсы білмейді, тек амандасып, қоштасуды, сондай-ақ рақмет айтуды ғана үйренген. Ал қазақ әндерін мәтінін бастан-аяқ жаттап алады екен. Дей тұрғанмен болашақта қазақ тілін шебер меңгеруді мақсат етіп отыр. Ол үшін «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығы жәрдемдеспек.

—Осында корей туристерін тарту мақсатындаСон Вон Собты Ақтөбенің туристік амбассадоры ретінде таңдап алдық. Алдағы уақытта оны өңірдегі көрікті жерлерге апарып, сол жерде әндеріне клип түсіруді жоспарлап отырмыз. Сол арқылы танымал әншінің шығармашылығының көмегімен корейлер Ақтөбенің табиғатын көреді, бізге қызығушылығы оянады деген үміттеміз. Әнші бұл ұсынысымызды қабылдады, ешқандай қаламақы төленбейді.

Ақтөбе қаласының «туған күніне» арналған мерекелік концертте Вон Соб өнер көрсетеді деп күтілуде, — дейді жоғарыда аталған орталықтың басшысы Ерсайын Сүйінов.

Ақтөбенің туристік әлеуетін көтеру үшін басқа да белгілі адамдар тартылмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button