Пікір

Құндылық пен парасаттылық

Нұрдәулет АЛДАШЕВ, филология ғылымдарының кандидаты, Ақтөбе қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын оқып шықтым. Оптимистік әсер алдым. Жаңа жағдай, жаңа міндеттер, жаңа мүм¬кіндіктер мен үміттер туралы ойға жетеледі.
Президентіміздің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек» деген сөзі мен ой тұжырымы сұхбаттың өзегі болып тұр.
Мемлекет басшысының сұхбаты — еліміздің аз уақыттың ішінде қандай тарихи жетістіктерге жеткенін және заман талабын дөп басып танып, дүниедегі өзгерістер мен сын-қатерлерге қалай дайын болудың, оларға лайықты жауап берудің жолдарын сараптап, талдаған саяси құжат.
Бұл сұхбатты ретімен жүзеге асатын бас жоспар деп қабылдауға әбден болады. Негізгі идеясы — елімізді жаңа технологиялар¬ мен цифрлы экономика заманында қалай дамытуға байла¬нысты. Осыған орай биыл атқарылатын негізгі және нақты міндеттер белгіленген. Бұл туралы Президент: «Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым. 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады, — деп көрсетті.
Президент сұхбатында қаңтар оқиғасына тоқталды. Бұл оқиғаға қаншама жылдардан бері халықтың тұрмыс-тіршілігінде және әлеуметтік салада әбден қордаланған өзекті де өткір мәселелер себепші болды. Соңғы жылдары жаңа жүйеге бетбұрыс жасалды, қалыптасып қалған саяси-әлеуметтік жүйе демократияландырылып жатыр. Еліміздің экономикасы ірі монополистердің құрығынан шығып, референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Әділетті Қазақстан құру бағытындағы стратегиялық жоспарлар мен бағыттар бұрынғы саяси жүйенің басында болған жоғары лауазымды тұлғаларға ұнамағаны белгілі. Президент осы мәселеге жан-жақты талдау жасап: «Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды», — деп атап көрсетті. Атақты философ Сократ «Адам баласы қандай ойы бар, оны айта алады, ал қанша досы бар екенін айта алмайды» дегендей, сол оқиға кезінде халқымыз кімнің-кім екенін танып білді.
Қ.Тоқаев Президент жеті жылға бір рет сайланады деген Конститутцияның бабы өзгермейтінін, елімізде ешқашан қос билік жүйесі болмағанын ашық айтты.
Сол сияқты біздің елде ешқандай саяси қудалау жоқ, зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейетіндігін, басқа мемлекеттермен көпвекторлы саясат ұстану арқылы қарқынды дамытып жатқандығы туралы ашық айтуы халықтың жүрегіне жылы тиіп, жан-жақты қолдау табуда.
Мемлекет басшысы еліміздің жаңа тарихы мен саяси өміріндегі алдағы уақытта көтерер жүгіне тоқталды. Қазіргі таңда елдің басқарушы органдарының алдында халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру міндеттері тұр. Сондықтан басқарушы биліктің барлық жұмысы осы арнаға тоғысуға тиіс.
Қоғамдағы көптеген сұраққа жауап беріліп, еліміздің соңғы уақыттағы жүріп өткен жолына шолу жасалды. Қоғамдық өмірдің ерекшелігіне орай өзгеріске түсіп отыруы, соңғы жылдарда қабылданған басқа да саяси құжаттармен жалғастық табуы, сабақтастығы анық көрінеді.
Келелі істерді түбегейлі жүзеге асыру үшін барлығымыз атсалысып, жұмыс істеуіміз қажет. Сондай-ақ әрбір қазақ азаматының көкейінде тәуелсіз Қазақстанның тұғыры берік, еңсесі биік болса екен деген арманмен бірге өсер елдің жас ұланына лайық, қазақ баласына тән азаматтық құндылық пен парасаттылық болуы керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button