Жаңалықтар

Жаңалыққа құштар жастар — біздің де оқырманымыз

Баспасөз-2024

Облыстағы табиғаты көркем өңірлердің бірі саналатын Қарғалы ауданында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің оқырмандары аз емес.
Бұл ілгеріден қалыптасқан жақсы дәстүрдің берік сақталғандығын көрсетеді, сондықтан да облыстық екі басылымның қарғалылықтардың келер жылы да асыға күтетін қонақтары болатындығына күмән тудырмайды.

Нақ осы тұс біздің газеттер үшін атаулы кезеңге көтерілуімен ерекшеленіп тұр: «Актюбинский вестник» өтіп бара жатқан жылда 105 жылдығын атап өтсе, «Ақтөбе» газеті алдағы жылы ғасырлық биігіне көтерілмекші. Республиканың кез келген аймағы мұндай жетістіктерімен мақтана алмайды. Сондықтан да жергілікті журналистердің иығында үлкен жауапкершілік жүгі тұр. Олар осы өткен уақыттардың бәрінде газеттің алғашқы санын шығарғаннан бастап, қандай да қиындықтарға қарамастан, баспасөзге адалдығын сақтап келген аға буынның ісін лайықты жалғастыру міндетіне ие болып отыр.
Ойлы оқырмансыз және газетті жаздырып алушыларсыз журналистердің ұмтылыс-ізденістерінің мән-мағынасы болмас еді. Сондықтан да көпшіліктің қолдауы, сенімі мен үміті қалам иелеріне толыққанды жұмыс істеп, алдына жаңа мақсаттар белгілеуге және ілгері қозғалуға мүмкіндік береді.
Бадамша агротехникалық колледжінің студенттерімен және педагогикалық ұжымымен, аудан орталығындағы екі орта мектеп ұстаздары және оқушыларымен, сондай-ақ Қосестек селосындағы «Балауса» балабақшасының тәрбиешілерімен кездесу барысында «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдері осы жайларды ортаға салып, сонымен бірге күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесуге қатысқандардың қай-қайсысы да жұмыс күніне және уақыттарының тығыздығына қарамастан, өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін айтып, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттеріне келер жылға жазылатындықтарын білдірді.
Біздің алғашқы кездесуіміз Мемлекет басшысы әрқашан да құрмет тұтып, барлық жағдайды жасап, қоғамда бірінші орынға қойылуы керек деп саналатын болашақ еңбек адамдарымен болғаны көңілімізден шықты.
Келер күндерде электргаз дәнекерлеушілері, тракторшы-машинистер, слесарь-жөндеушілер, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастырушылар, аспаздар, кондитер-безендірушілер, есеп және аудит мамандары, бухгалтер-кассирлер болып шығатын, қазіргі уақытта Бадамша агротехникалық колледжінде білім алып жатқан 119 жастың болашаққа талпынысы бізді қуантты.
Колледж директоры Қайрат Қарағұловтың айтуынша, басқа аудандардан және осы өңірдегі шалғай елді мекендерден келіп оқитын студенттер жатақханада тұрады, оларға үш мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі.
— Өндірістік оқу және арнаулы пәндер бойынша сабақтарды сапалы өткізу үшін біз Хромтау тау-кен-техникалық, құрылыс және бизнес, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы құрылыс колледждерімен меморандумға отырдық, — дейді Қайрат Қарағұлов. — Аудандық кітапханамен және Мәдениет үйімен келісім бар.
Біздің студенттеріміз өндірістік практиканы «Степное», «Степное алтын Астық», «Қайрақты», «Ди лэнд» ЖШС, КХ «Көктем», «Кудря», «Нұр» шаруа қожалықтары, «Бадамша сервис» кәсіпорнында, «Қазпошта» АҚ аудандық филиалында, аудандық орталықтандырылған ауруханада өтеді.
Әлеуметтік әріптестіктің тиімділігі нақты байқалуда: колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы 88 пайыз құрап отыр.
Колледж директоры өз түлектерінің сенімді ақтайтындықтарына еш күмән келтірмейді. Бұған айтарлықтай негіз де бар.
«WorldSkilss — 2022» аймақтық чемпионатында олар «Слесарьлық іс» бағыты бойынша ІІІ орынды, «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу мен қызмет көрсету» саласынан ІІ орынды жеңіп алды, сондай-ақ «Слесарь ісі» мен «Дәнекерлеу технологиясы» тұрғысынан «Кәсіби маман» номинациясында атап өтілді.
«FUTURE masters — 2023» кәсіптік шеберліктің облыстық конкурсында «Аспаз-кондитер» тобының студенттері үшінші орынды жеңіп алды. «Жас ғалым — 2022» облыстық конференциясында 1-курс студенті Мирас Делманов үшінші орынды иеленді.
— Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде олардың және сондай-ақ құрдастарының қоғамның толыққанды азаматы болып, белсенді әлеуметтік ұстанымға ие болуына, Отанымыздың және туған мекенінің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосуларына барлық жағдайлар жасалған, — деп Қайрат Қарағұлов нық сеніммен айтты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Тәженов те жастардың құлшынысына қолдау жасайтындықтарын айтып, оларды алдағы жаңа жылмен құттықтады.

Ләззат ЕГІБАЕВА,
Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button