Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың назарына!
Аудит
ҚР 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434 «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 38-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын ұсыну мерзiмi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде мынадай ақпаратты жариялауға тиіс:
1) мемлекеттiк сатып алу үшiн бөлiнген қаржы көлемін көрсете отырып, өткізiлетiн мемлекеттiк сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң көлемi туралы;
2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда, мемлекетаралық стандарттарды көрсете отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасын орналастыруға міндетті. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.
Бұл ретте сатып алынатын тауарлардың қысқаша сипаттамасында өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс;
3) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтердi көрсету орнын;
4) тауарды берудiң, жұмыстарды орындаудың, қызметтердi көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерiн;
5) әлеуетті өнім берушілердiң баға ұсыныстарын ұсынуды бастау және аяқтау мерзiмi туралы;
6) техникалық өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын орналастыруға міндетті.
Алайда мекемелер қазақ тіліндегі техникалық ерекшелікті мемлекеттік сатып алудың веб-порталына орналастырмайды. Осылайша қазақтілді әлеуетті өнім берушілерді сатып алуға қатысу мүмкіндігінен айыруда. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың қараша айында 13 мекемеде осындай бұзушылық анықталған. Жалпы бұзушылық құны — 64 485,9 мың теңге.
Құрметті сатып алуды ұйымдастырушылар және тапсырыс берушілер, сіздерді Заңның талабын қатаң сақтауға шақырамыз.
Дәурен АЛМАТОВ,
Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит
департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысы.