Жаңалықтар

Қос әншіні еске алды

Өмірзая

Өнер орталығында өмірден ерте кеткен әншілер — Аймұрат Мәжікбаев пен Бекен Серікбаевты еске алу кеші өтті.

Кезінде «Аңсар» тобын құрып,халықтың ыстық ықыласына бөленген талантты әншілердің әндерін сағынып келген көрермен көп болды. Сахнада олардың төл шығармаларымен орындаған әндерін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрі мен «Достық сазы»фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Марат Әйтімов, Қанат-Светлана Айтбаевтар, Орал-Қосай Байсеңгір, Нұрталап Жүсіпов, Жұлдыз Нұрқасымова, Дулат-Рита Айтжановтар,Манзура Сапарова, Шынтас-Айнагүл Омаровтар орындады.

—  Бүгінгі кеш Аймұрат пен Бекенге арналды. Өйткені екеуі құрдас еді, екеуі де өнерлі еді…Күні кеше Аймұраттың туған жері — Ембі қаласына барып еске алу кешін өткіздік, халық ерекше ықыласпен қарсы алды. Бекеннің туған өлкесі Хромтауда да осындай іс-шаралар қолға алынса деген тілегім бар. Біздің мақсатымыз — талантты тұлғаларымыздың еңбегі мен шығармашылығын ұрпаққа насихаттау, — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.

Концерт екі азаматтың өмірі жайлы бейнебаянмен жалғасып, әсерлі өтті. Әсіресе Аймұраттың ұлы Әлихан мен Бекеннің қызы Әдияның шырқаған әндері көрерменнің көңілін елжіретті. Кеш соңында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өңір басшысы Асхат Шахаровтың өнерлі жігіттердің  отбасына жолдаған ыстық ықыласын жеткізіп, екі бүлдіршіннің өнердегі алғашқы қадамына сәттілік тіледі.Одан кейін Аймұраттың жары Бибігүл Биманова мен Бекеннің жары Эльмира Серікбаева ауқымды іс-шараның жақсы өтуіне ұйытқы болған барлық жанға риясыз алғысын білдірді.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button