Жаңалықтар

Тәрбие — тал бесіктен…

Акция

С.Жиенбаев атындағы креативті орталықта «Қыз болып туу немесе гендерлік кемсітушілік және оған қарсы күрес механизмдері» атты TED-конференция өтті.

«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсендік» акциясының аясында өткен іс-шараға 14-18 жас аралығындағы жасөспірім қыздар мен бозбалалар қатысты. Олар жалпы білім беретін мектептер мен жеке мектептердің оқушылары. Жас шешендер бұл конференцияда баяндама жасауға бір ай бойы дайындалған. Конференцияға қатысуға көптеген тапсырыс түсіп, мінбеден сөйлеуге оның 11-і ғана таңдап алыныпты.

Тақырып өте күрделі болғанымен, оқушылар көп ізденіп, өздері тапқан материалдарды саралап, ой қорытып, өз пікірлерін емін-еркін жеткізе білді. Дарья Моторова мен Владимир Чагайдың баяндамасында келтірілген дерек бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің 30 пайызға жуығының ғана құқық қорғау органдарынан көмек сұрауға батылы барады екен.

Жас шешендердің бірі зорлық-зомбылықтың түп себебі — ұл балалардың тәрбиесі кері бағытта кеткендіктен, яғни ата-аналары «ер адам күшті, бірбеткей болуы керек» деп оларды жастайынан күш көрсетуге бейімдейтінінен десе, екіншілері қазір ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін, көп жағдайда олардың болашақ жар, әке, ана ретіне отбасылық өмірге, сыйластықпен ғұмыр кешуге дайын болмай шығатынын алға тартты.

Шешендер өнерін бағалайтын қазылар алқасына облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлжан Маханова жетекшілік етті.

Конференция қорытындысында түрлі аталымдар бойынша Жансая Пұсырманова, Рабия Саматова, Инара Қалданова мен Томирис Бақытжан, Милена Сухинаның жұмыстары үздік деп танылды, ал Дарья Моторова мен Владимир Чагай «Үздік шешендер» атағына ие болды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button