Өз бетімен тексерілетіндер көбейіп келеді
1 желтоқсан — дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні
Ақтөбе — еліміз бойынша АИТВ инфекциясының таралуы төмен өңірлердің бірі. Десек те облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсыкүрес орталығының қызметкерлері аурудың алдын алу бағытында кешенді іс-шараларын тоқтатқан емес. Соның өзінде айына кемі бес ақтөбеліктен АИТВ жұқпасы анықталады екен.
Тақырып аясында облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсыкүрес орталығының бөлім меңгерушісі Айжан Жайлаубаевамен әңгімелестік.
Онкүндік аясында
ЮНЭЙДС ұйымы биыл ЖИТС дертінің алдын алуға арналған бүкіләлемдікнауқанын «Көшбасшылық — қоғамдастықтарға»ұранымен өткізді. ЮНЭЙДС ұйымының қоғамға жасаған үндеуінде: «Егер індетпен күресуді қоғамдастықтар басқарып, қолға алса, әлем ЖИТС-ті тоқтата алады», — делінген. 20 қарашадан 1 желтоқсан аралығында өткен онкүндікке Қазақстан да атсалысты.
Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, расында да,өңірдегі АИТВ-инфекциясы таралуының алдын алуда қоғамдық ұйымдардың рөлі зор.
— Мәселен, биыл халықтың негізгі топтары арасында «Наша жизнь» қоғамдық қоры мен «Сенім-тірек» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында АИТВ және ЖИТС инфекциясының алдын алу бағытында екі жобаны қолға алып, табысты жүзеге асырды. Жобада жастар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, АИТВ-инфекциясына қызыл иектен сұйықтық алынды. Жастарға анонимді негізде жедел тестілеуден өту мүмкіндігі берілді. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін әлеуметтік көмек және аутричмаманның қызметі, яғни құжаттарын қалпына келтіру, медициналық және әлеуметтік қызметтерді алуға жәрдемдесу, антиретровирустық терапияны ұстануды қамтамасыз ету қызметтері көрсетілді, — дейді Айжан Жайлаубаева.
ЖИТС-ке қарсы күрес күнінде Ақтөбеде еріктілер мен «Наша жизнь» қоғамдық қоры, Қызыл Ай Қоғамы Ақтөбе облысының филиалы, «Y-PEER Kazakhstan» ұйымықалалық емханалар жанындағы жастар денсаулық орталықтарымен, жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізді.
Онкүндікте науқанға қатысушылар АИТВ-ға жедел-әдіспен (жасырын, құпия) тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Бұл күндері қаладағы және аудандардағы барлық емханада, облыстық ЖИТС орталығында ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай челлендждер, тренингтер, Ашық есік күндері өтіп жатты.
Мәселен, «Анвар» гипермаркетінде, «Keruen City» сауда-ойын-сауық орталығында,М.Бөкенбаеватындағы Ақтөбе заң институтында, Ақтөбе гарнизонының әскери полиция бөлімінде, «ЛУЧ» оңалту орталығында, басқа да көпшілік орындарда АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары туралы халықтың білімін арттыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға стигма мен кемсітушілікті болдырмауға бағытталған ауқымды акциялар ұйымдастырылды.
Онкүндіктің тағы бір күнінде«Анвар» гипермаркетінің тұрақ алаңында №5 қалалық емхана ұйымдастырған акция өтті. Оған №7 қалалық емхана қызметкерлері, М.Оспановатындағы БҚМУ студенттері, «Қызыл Жарты Ай Қоғамы», «Сенім- тірек», «Наша жизнь»үкіметтік емес ұйымдары және М.Мәметова атындағы жоғары медициналық колледжі студенттері қатысты. Акция барысында «Сұрақ-жауап» викторинасы өткізіліп, сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушыларға тәтті сыйлықтар үлестірілді.Шара барысындақала тұрғындары анонимді негізде экспресс әдіс арқылыАИТВ-ға тексерілуге мүмкіндік алды. Акцияға қатысушылар қызыл жейде киіп, флешмоб ұйымдастырып, ЖИТС-пен күрестің символы ретінде «Қызыл лентаны» бейнеледі.
ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай облыстық ЖИТС орталығы Ақтөбе қаласының әкімдігімен бірлесіп, қаланың 9-лед экранында, 10 медиабордта, «Олимп» сауда кешенініңүлкен экранында, әуежай, медициналық ұйымдарда, «Keruen City» сауда-ойын-сауық орталығында және «Dalida» сауда кешенінде бейнероликтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ ЖИТС орталығы Instagram әлеуметтік желісінде «АИТВ-ға тексеріл!» челленджін бастап, эстафетаны «Y-PEER Kazakhstan» еріктілер қозғалысына жолдады.
Жұқтыру мен тарату
ЮНЭЙДС ұйымының мәліметінше, әлемде АИТВ дертін жұқтырған 39 миллион адам бар. Ғылым мен медицина күн сайын дамып жатқандықтан түрлі ем түрлері мен алдын алу шараларының арқасында АИТВ жұқтыру дерегі, ЖИТС дерті бойынша өлім-жітім азайып келеді.
Облыстық ЖИТС орталығының дерегіне сүйенсек, республика бойынша біздің облыс АИТВ инфекциясының таралуы төмен өңірлер қатарына жатады.Ақтөбе — 20 өңірдің ішінде 17-ші орында тұр.
Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, Ақтөбедебиылғы он айда АИТВ жұқтырған 59 адам анықталды, 57-сі — біздің елдің азаматы. Оның 38-і — ер адам, 19-ы — әйел.
— Көбіне, яғни 47 жағдайда АИТВ жыныстық жолмен тараған. Ал есірткі қолданған кезде 8 адам жұқтырған. АИТВ анықталған кезде 31 адамнан басқасы жұмыссыз болған. Бүгінгі таңда біздің ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында диспансерлік бақылауда АИТВ жұқтырған 456 адам есепте тұр, олар үнемі антиретровирустық ем қабылдайды.АИТВ-позитивті әйелдерден биыл 7 бала дүниеге келді, барлығы профилактикалық ем алды және ЖИТС орталығының бақылауында, — дейді Айжан Жайлаубаева.
Дәрігерлер АИТВ инфекциясын заманауи схемалармен уақтылы емдеп, дәрі-дәрмектерді дұрыс қабылдап, науқастың өмір сүру деңгейін едәуір жақсартуға болатынын айтады. Сондықтан қазіргі кезеңде антиретровирустық терапия тиімді алдын алу шарасы ретінде қарастырылады және АИТВ-инфекциясының таралу қарқынының төмендеуіне көмектеседі. Облыстық ЖИТС орталығының дерегіне сүйенсек, облыста АИТВ инфекциясы алғаш анықталған 1989 жылдан бері ЖИТС-ке байланыстыаурулардан 39 адам қайтыс болған.
Анықтау мен алдын алу
Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, Ақтөбеде жыл сайын АИТВ-ға өз бетімен тексерілетіндер саны артып келеді.
— Мәселен, биыл жүргізілген зертханалық талдаулар саны 17 пайызға, яғни 173 мыңнан 203 мыңға дейін өсті. Облыс тұрғындарының 22 пайызы АИТВ-ға тест тапсырды. АИТВ-ға тест тапсыруға міндетті көрсеткіштердің тізімі кеңейіп, бұған жүкті әйелдердің жыныстық серіктестерін тексеру қосылды. Жүктілік бойынша есепке алу кезінде әйелді АИТВ-ға тексеруден өткізіп қана қоймай, күйеуіде тестілеуден өткізіледі. Бұл тексеру — АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу үшін қажетті шаралардың бірі. Биыл 10 ай ішінде жүкті әйелдердің жетеуінің жыныстық серіктесінен АИТВ-инфекциясы анықталды. ИФА талдауы, яғни күретамырдан қан алу әдісімен тексеру азаматтың жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну бойынша тегін негізде жүргізіледі. БиылАИТВ-ға ерікті түрде тексерілетіндердің саны едәуір өскен,— дейді Айжан Жайлаубаева.
Өз бетімен тексерілу — алдын алу шараларының негізі. Өңірде АИТВ инфекциясы бойынша барлық профилактикалық, диагностикалық және емдеу іс-шараларын іске асыру Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының халықаралық стандарттары мен талаптарына сәйкес мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастық әріптестігі шеңберінде кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс аумағында
АИТВ-инфекциясы бойынша өткізілетін барлық іс-шараны облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы үйлестіреді. Аталған орталық АИТВ-инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жасау үшін үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Халықтың негізгі топтары үшін Ақтөбе қаласында 3 сенім пункті жұмыс істейді. Оның екеуі — жылжымалы, ал біреуі — орталықтағы «Достық» кабинеті. Сенім телефоны: 87132-213197.
Қазіргі терапия
Өкінішке қарай, АИТВ-инфекциясы әлі де емделмейтін аурулар қатарына жатады. Яғни адам ағзасын вирустан толықтай арылту мүмкін емес.
Бірақ ғылым бір орнында тұрмайды. АИТВ-инфекциясы — үкім емес, ал қазіргі терапия бұл ауруды созылмалы аурулар санатына ауыстыруға мүмкіндік береді.Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта тегін және құпия негізде мамандардың (инфекционист, фтизиатр, венеролог, гинеколог, психотерапевт, психолог) барлық қажетті тексерулері жүргізіледі, емделіп, кеңесе аласыз.
Аталған орталық зертханасы АИТВ-инфекциясын диагностикалауға арналған заманауи зертханалық жабдықтармен (ИФА, ИХЛА, ПТР метолдарымен), клиникалық-биохимиялық зерттеулермен жарақтандырылған. Зертхананың халықаралық стандарттарға сәйкестігін аккредиттеу сәтті өтті. Емдеу режимдері жетілдіріліп, заманауи препараттар уақтылы сатып алынады.
— Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін пациенттерге таңдалатын бірнеше терапия режимдері бар. АИТВ-позитивті әйелдердің балаларының дені сау болуы әбден мүмкін. Емдеуді ұстанған кезде ағзадағы вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейге дейін төмендейді, бұл АИТВ жұқтыру қаупін іс жүзінде нөлге дейін төмендетеді. Диагноз неғұрлым ертерек қойылса, емдеуді ертерек бастауға болады. Әрбір адам әсіресе жастар өздерінің АИТВ статусын білуі керек. Ауруды ерте анықтау, уақтылы емдеу және тұрақты диспансерлік бақылау адамдарға ұзақ және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретінін есте ұстаған жөн, — дейді Айжан Жайлаубаева.
Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы өткен он ай ішінде тақырып шеңберінде 20 мыңға жуық тұрғынды қамтыған 900-ге жуық іс-шара өткізіпті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.